Бибі Ибраим: Мектеп – тәрбие мен білімнің қайнар көзі

Бибі Ибраим: Мектеп – тәрбие мен білімнің қайнар көзі

Бибі Ибраим: Мектеп – тәрбие мен білімнің қайнар көзі
ашық дереккөзі
Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Мектеп қазіргі қоғамның дамуымен, әлеуметтік тәжірибемен тығыз байланысты. Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады. Адамзат баласы білім алу арқылы дүниенің тылсым сырларын оқып үйренеді, болашағына жол ашады. Білім жолы мектептен басталады. Оқушы мектеп табалдырығын аттап, білім, тәрбие алып, қияға қанат қағады. Мамандық иесі болып, еліне, халқына қызмет етеді. Адам тәрбиесі – оның дүниетанымының негізі, бақытты болашағының кепілі. Оның ең маңызды серіктері – адамдарды түрлендіретін, ішкі дүниесін байытатын қасиеттер. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – дейді халық. Еліміз егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қояр міндеттің бірі – бала тәрбиесі – егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі ұстаздар қауымы тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс–тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс–тәжірбиесінде қолданып отырса, бала тәрбиесі алға басары сөзсіз. Осы мақсатта №88 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары да,қажымай-талмай еңбек етіп келеді.Қыркүйек айында қазақ тілі және әдебиеті бірлестігінің «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» тақырыбында онкүндігі болып өтті. Биыл ұлт ұстазы,ақын,аудармашы,ғалым А.Байтұрсынұлына туғанына 150 жыл толып отыр.Онкүндіктегі өткен барлық іс-шара ұлы тұлғаның шығармашылығына арналды.Әртүрлі танымдық сайыстар,ашық сабақтар өткізіліп, оқушылар белсенділікпен қатысты. Әсіресе, «Ұлт ұстазы-А.Байтұрсынұлына 150жыл» атты қорытынды әдеби кеш өте әсерлі өтті.Кеште ұлтының тағдыры, болашағы алаңдатқан, сол жолда талмай еңбек еткен ақынның қиын тағдыры мен істеген ұлы істері айтылды. 5-11-сынып оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Аудармалары мен мысалдарынан сахналық қойылым қойды. Халқының тағдырын өз өмірінен биік қойған ұлт жанашырының ауыр күндерін бейнелеген кинодан үзінді көрсетілді. Ақынның өшпес,өлмес мұрасы мектеп оқушыларының жүрегінен орын алып,мәңгі естерінде қалатыны сөзсіз. Кешті қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері: Карагулова Света,Бағыбаева Назгул, Темірбекова Шынар ұйымдастырды. Осындай шығармашыл, іскер мұғалімдердің еңбегін мақтанышпен айтуға болады. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, болашақ ұрпағымыздың қандай болып өсетіні мұғалімнің адал еңбегіне, педагогикалық шеберлігіне, шыдамдылығына, сондай-ақ өз жұмысына деген сүйіспеншілігіне байланысты. Ибраим Бибі Сағызғалиқызы Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары