V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді
ашық дереккөзі
Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан спортшылары топ жарды. Халықаралық спорт бәсекесінен олжалы оралды. 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді деп хабарлады turkystan.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. Ұлттық спорт қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов ақжолтай хабар айтып, сүйінші сұрады.
«Сіздерге Түркиядан сүйінші хабар жеткізгім келеді. Кеше ғана Түркияның спорт министрі Мехмет Касапоглу Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаевқа келесі, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу эстафетасын тапсырды. Яғни келесі ойындар 2024 жылы Қазақстанда өтеді! Ал Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Әлемдік додада біздің спортшыларымыз ұлттық спорттың туын жықпай, айтулы нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, көшпенділер ойындарының бағдарламасына тұңғыш енген көкпарда Қазақстан алтын жүлделерді еншіледі. Жарыс барысында біздің құрама Өзбекстан мен Моңғолия құрамаларынан өтіп, ақтық ойында Қырғызстан құрамасын 4:3 есебімен жеңді. Сондай-ақ батырымыз Марат Нығматуллаев 60 келі салмақта қазақ күресінен алтын жүлдені иеленсе, 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі алтынды Зарина Сарипова жеңіп алды. Бұған дейін Қазақстан дәстүрлі садақ ату мен жамбы атудан күміс жүлделерді еншілеген. Көшпенділер ойындарының нәтижелері бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдесі бар. Бұл тамаша нәтижені келесі көшпенділер ойындарында еселеу – Ұлттық спорт қауымдастығының келесі 2 жылдағы мақсаты деп білемін. Ел намысын ақтаған барлық спортшыларымызды шын жүректен құттықтаймын!» – деді Исламбек Салжанов.