Әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек – Президент
Әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында Президент әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет екенін айтты деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі, отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасын асырап, балаларына қамқор болуы керек. Оларға адал еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет», - деді Президент.
Мемлекет басшысы еңбекқор ұлт болуға ұмтылуымыз қажет екенін атап өтті.
«Әлемде еңбексүйгіш халықтар аз емес. Бұл қасиет, тіпті, олардың болмысына сіңіп кеткен. Осы асыл қасиет біздің жұртымызға да тән болуы керек. Өйткені, халқымыздың қарым-қабілеті ешкімнен кем емес. Ұлтымызға қатысты айтылатын кейбір жағымсыз сипаттамалардан біз мүлдем арылуымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы.