Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Ауыл шаруашылығы саласында нақты жұмыстар жүргізілуі керек
Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Ауыл шаруашылығы саласында нақты жұмыстар жүргізілуі керек
– Шынын айту керек, қымбатшылықтың қыспағында қалуымыздың негізгі себебінің бірі – тапшылық. Жалғыз ғана қант тапшылығының өзі жалпы инфляция көлемінің өсуіне әкеліп соқтырды. Инфляция қазір 14,5 пайыз, ал азық-түлік инфляциясы 20 пайыз. Ал кей тауарлардың бағасы тіпті 80 пайызға дейін қымбаттаған. Екі еселеніп кеткені де жоқ емес.
Жалпы жағдайдың ушығуына геосаяси ахуал ықпал етті деуге негіз бар. Себебі біз тауарлардың көбін Ресейден әкелетінбіз. Әсіресе, солтүстік өңірлеріміз азық-түлікті көрші елден тасымалдайды. Осы өңірлерде бағаның өсуі тіпті қатты байқалды.
Ресей нарығынан көп компанияның кетуін де тағы бір мәселе ретінде атап көрсетуге болады. Біз сүт, йогурт өнімдерін, атап айтқанда «Домик в деревне», «Простоквашино» өнімдерін Ресей өнімдері деп келдік. Шындап келгенде, ол Danone компаниясынікі болып шықты. Демек, компанияның кетуіне байланысты нарықта орын босап қалды. Бұл – бір ғана мысал. Одан бөлек, тұрмыстық-химиялық заттарға байланысты қаншама мысал келтіруге болады. Логистикалық кедергілер, әрине бағаның үстемеленуіне ықпал етіп отыр.
Ал маған түсініксіз бір жайт бар: ол – нанның, ұнның бағасының өсуі. Бидай тапшылығы туралы айтудың өзі қисынсыз, біз ішкі нарықты бидаймен қамтуға толы қауқарлымыз. Яғни, бидай өнімдерінің қымбаттауы негізсіз деп сенімді түрде айтуға болады. Сондықтан күріш болсын, сұйық май болсын тура сондай жағдай. Сондықтан осы мәселеге Үкімет көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.
Негізінде, бізде мүмкіндік бар, Ресейден кеткен компанияларды тарту арқылы да үлкен мүмкіндік туғызуға болатын еді. Егер ол компаниялар біздің нарыққа келер болса, жаңа жұмыс орындары ашылады, инвестиция тартылады. Неге бізге Ресейден көп тауар келді? Себебі Еуразиялық экономикалық одақ құрылды, онда 150 миллионнан астам халық бар. Нарығы – 170 миллион. «Сіздер осындай үлкен нарыққа тауар тарата аласыздар, бізге келіңіздер» деген саясатты ұстанған. Соның нәтижесінде шетелдік компаниялар Ресейге орныққан. Ал дәл қазіргі жағдайда Ресейден кеткен шетел компаниялары Ресей нарығынан кетсе де, Еуразиялық экономикалық одақтан қол үзгісі келмейді. Сондықтан сол компанияларды өзімізге релокация жасау мәселесі өте ұтымды болар еді.
Бірақ бұл жерде екінші санкциялы елдердің қатарына қосылып қалмауды ойлау керек. Барынша сақ болып, санкциялы тауарлардың бізге өтуіне тосқауыл қоюымыз керек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – Үкіметтің алдындағы ең негізгі міндет. Тым қауқарсызбыз деуге келмейді, дегенмен ауыл шаруашылығы саласында шынымен нақты жұмыстар жүргізілуі керек.