«Ұлы дала жорығы»: үздіктер марапатталды
«Ұлы дала жорығы»: үздіктер марапатталды
«Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонына қатысушы шабандоздар елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды артқа тастап, мәреге жетті. «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің марапаттау кеші «Түркістан арена» стадионы аумағында жалғасты.
Жабылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «АMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей, «Ұлы дала жорығы» жобасының идея авторы Бақытжан Тұрлыбек және еліміздің көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.
Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен Маңғыстау командасы бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 24 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды. Жетісу облысы командасы 2-орыннан көрінсе, 3-орын иегері Түркістан облысы командасы сәйкесінше 12 000 000 теңге және 9 000 000 теңге жүлдені қанжығаға байлады. Мәреге 4-орында келген Жамбыл облысы командасы 6 000 000 теңге көлеміндегі сыйлықпен марапатталды.
«Міне, баршамыз Ұлы даланы дүбірге бөлеген, 1 200 шақырымды бағындырған айтулы аламанның қорытынды сәтін тамашалап тұрмыз! Бұл – бұрын-соңды болмаған марафон-бәйге. Отандық спортымыз үшін де, төл руханиятымыз үшін де теңдессіз тарихи оқиға. Кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға жасаған іссапарында «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің мән-маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы ұлт жадын жаңғыртуда мұндай аламандардың айрықша қажет екенін баса айтты. Сондықтан бұл бәйгені кешегі батыр бабаларымыздың жорық жолын жаңғыртқан, елдің рухын оятқан жоба болды деуге толық негіз бар», - деді Д.Абаев.
«Ұлы дала жорығы» төл құндылықты түгендеп, ұлттық келбетті оятқан құбылыс екендігін айтқан министр бірегей жоба келешекте де жалғасуы қажет екендігін жеткізді.
Бәйге қатысушыларына арнаған сөзінде «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның ұлттық спортты, соның ішінде ат спортын дамытуға алдағы уақытта да айрықша атсалысатынын атап өтті.
«Ұлттық спорт қауымдастығы бұл шараны әу бастан қолға алды, жан-жақты қолдау білдірді. Қауымдастық президенті Исламбек Төлеубайұлы Салжанов қазір Түркияда өтіп жатқан көшпенділер ойынына қатысуда. Ол барша Түркістан жұртшылығына осы шараны қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, ыстық сәлемін жеткізуді тапсырды. Осынау әлемде теңдесі жоқ бәйге-марафон отандық және халықаралық ат спорты саласында жаңа сайыс форматын енгізуге негіз болады деп сенеміз. Марафонды келешекте халықаралық деңгейде ұйымдастырып, Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) өткізетін жарыстар қатарына қосу жоспарланып отыр», - деді Ә.Әлденей.