Жаңалықтар

Қытай телеарнасы Димаш Құдайбергенов жайлы фильм түсірмек

ашық дереккөзі

Қытай телеарнасы Димаш Құдайбергенов жайлы фильм түсірмек

Еліміздің жас әншісі, «Славянский базар» байқауының жеңімпазы  Димаш Құдайбергенов Қытайдың Hunan TV телеарнасының ән байқауынша сол елдің кіл мықтыларымен бәсекеге түспек. Бұл туралы tilshi.kz хабарлады.   Жас әншінің досы Алпамыс Шаримов өзінің Instagram желіcіндегі парақшасында: «"I am singer" деп аталатын байқаудың биыл 5-ші маусымы. Қытайдың, тіпті, алыс-жақын шет елдің «сен тұр, мен атайын» әншілері, танымал жұлдыздары, күллі әлем, стадион мен ареналарды жинап жүрген 6 әншісіне қарсы біздің Димаш бағын сынап, бәйгеге түседі. Бұл жас әншілердің жарысы емес, Димашқа қарсы «Қытайдың Роза Рымбаевасы, Алла Пугачевалары (сіздерге түсінікті болу үшін жазғаным)» қарсы шықпақ. Біздің бала ең жасы. Бұл бұрынғы байқаулардан мүлдем бөлек. Ақтық сынға дейін жету үшін үлкен еңбек, үлкен дайындық болды», — деп жазған. Алпамыс бұл сайыс 2 млрд xалыққа Димашты, Димаш арқылы қазақты танытатын үлкен мүмкіндік екенін айта отырып: "Димаш үшін әрбіреуіңіздің айтқан тілектеріңіз бен ниеттеріңіз өте маңызды! Сондықтан, бәйгеге шапқан ұлдарыңыз үшін «тақымдарыңызды» қысып, дұға-тілектеріңізді оқып, баталарыңызды беріп отырсаңыздар, содан асқан шабыт бар ма?! Қазақ, қолда қазақ баласын!", - деп қазақстандықтарды Димашты қолдауға шақырады. Сондай-ақ, Димаштың анасы, әнші Светлана Айтбаева Ақтөбеге Қытайдан түсіру тобы келіп, Димаш жайлы фильм түсіретінін жеткізген. «Бұл байқауға біз екі жыл бұрын өтініш жолдадық. Шара басталмайынша ол туралы ешқайда хабарламауымыз керек болды. Байқау шарты сондай. Байқау әділ өту үшін Димаштың қасында оның жүріс-тұрысы, ішетін тамағына дейін қадағалап отырады. Қобалжимыз, әрине! Енді осы айдың ортасында Қытай телевидениесінің өкілдері келіп, баламыздың оқыған оқуы, ортасы жайлы фильм түсірмек», — деді  Светлана Айтбаева.