Халыққа қуаныш сыйлаған «Медициналық пойыздар» жобасы

Халыққа қуаныш сыйлаған «Медициналық пойыздар» жобасы

Халыққа қуаныш сыйлаған «Медициналық пойыздар» жобасы
ашық дереккөзі

Бүгінде «Саламатты Қазақстан» және «Жәрдем» консультациялық-диагностикалық медициналық пойыздары шағын стансалар мен шалғай ауылдарды аралап, жергілікті тұрғындардың денсаулығын қадағалап, елдің алғысына бөленіп жүр деп хабарлады turkystan.kz. Ақ халатты абзал жандардың бұл игілікті ісі ауылдағы ағайынға шарапатын тигізуде. Әсіресе ауруына ем іздеген жандардың тегін ем алуға мүмкіндік сыйлаған жоба ұйымдастырушыларына айтар алғысы зор. Бұл орайда, қаржылай қолдау көрсетіп, жобаның жалғасуына жағдай жасап отырған «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының еңбегін ерекше атап өткен жөн.  width= Осы ретте айта кетейік, «Медициналық пойыздар» жобасы екі маңызды әлеуметтік міндетті атқарады. Ол – медициналық қызметтің жалпыға қолжетімділігі және азаматтардың тұрған өңіріне қарамастан сапалы медициналық қызметтер ұсыну. Жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат – азаматтардың денсаулығына деген қамқорлық, еліміздің орталықтан шалғай орналасқан аймақтарындағы тұрғындарын тегін медициналық қызметтермен қамтамасыз ету.  width= «Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылды және 2019 жылға дейін жыл сайын жүзеге асырылды. Пандемия кезінде аздаған үзіліс алды. Сол уақыт аралығында «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» консультативті-диагностикалық үш пойыз Қазақстанның 1 700-ден астам шалғай өңіріне барып, 488 880 тұрғынның денсаулығын тексерді. Бұл жоба қазіргі уақытта қайта жалғасын тауып, ел игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Медбригадалар құрамында терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, көз, мұрын, құлақ дәрігері, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог, психолог және дерматовенеролог, рентгенолог, УДЗ маманы, эндоскопист, функционалдық диагностика дәрігері бар. Жобаға барлығы 36 ақ халатты абзал жан қатысады. Пойыздар жапон және неміс өндірісінің жабдықтарымен қамтылған: аппаратура қажет болған жағдайда кеңейтілген жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге қолайлы. Сонымен қатар ультрадыбыстық кабинет, зертханалар, стоматологиялық және өзге де жабдықтар дәрігерлердің жедел әрі жоғары деңгейде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

- Пойыздар әр стансада кемінде 18 сағат аялдайды. Қызмет көрсету кестесі елдімекендерге алдын ала хабарланады. Медицина қызметкерлері мүмкіндігінше көп тұрғынды қабылдауға, оларды тексеруге әрі емдеуге және қажет болған жағдайда аудандық немесе облыстық ауруханаларға жіберуге тырысады. Сонымен қатар «Samruk-Kazyna Trust» қоры бірыңғай қайырымдылық операторы саналатын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының еңбеккерлері де пойыз дәрігерлеріне тегін әрі толық қарала алады. Мамандандырылған медициналық пойыз 8 вагоннан тұрады: дизель-генератор вагоны, 4 медициналық вагон, 1 конференц-зал және мейрамхана, 2 купе вагон. Дизель-генератор вагоны қажет болған жағдайда төтенше жағдай кезінде шағын елдімекенді электр энергиясымен қамтамасыз ете алады, – дейді пойыз басшысы Руслан Куткужин.
Біз мақаламызға тұздық ретінде «Медициналық пойыздар» жобасына тың серпін беруге атсалысып жүрген ақ халатты абзал жандар мен осы бағдарлама арқылы тегін медициналық тексерістен өтіп, дертіне шипа тапқан ауыл тұрғындарының пікірін беруді жөн көріп отырмыз.  width= Керемет жобаның шарапатын көрген Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылының тұрғыны Жұмазия Әмірова бұл жобаның ауыл тұрғындары үшін, әсіресе зейнеткерлерге тегін қаралуға, ем-дом алуға керемет мүмкіндік сыйлап отырғанын жасырмады. Ол Аққыстау ауданының орталығына «Жәрдем» пойызы келгенін естіп, денсаулығын тексертуге келген. Осылайша тегін медициналық тексерістен өткен.
– Таңертеңнен бастап келдім. Төрт-бес кабинетке кіріп шықтым. Бәрі ұнады. Дәрігерлер де кеңестерін беріп, жақсы қарады, – дейді зейнеткер.
Өз кезегінде Алматы облысы Іле ауданына қарасты Байсерке ауылының тұрғыны Күләш Қарақұлова да «Саламатты Қазақстан» пойызына келіп, денсаулығын тексерткеннен соң пікір білдірді.
– Емханадағы медбикелер осы пойыздың ауылымызға келгенін хабарлады. Соны естіп, қаралуға асықтым. Бұрын бір рет тексеріліп, дәрігерлердің кеңесіне жүгінгенмін. Бұл жобаның бір жақсы жері сандалып, бірнеше жерге бармайсың. Бәрі бір жерде. Анализімізді алып, ЭКГ-ге түсіп, кардиолог, терапевтке, лорға, окулистке қаралуға болады. Анализмізді де алған бойда шығарып береді. Бұл жоба жалғасын таба берсе екен. Эндокринолог мамандар да қызмет көрсетсе деген тілегім бар, – дейді К. Қарақұлова.
Ал Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны Гүлжанат Жиенбаева ауданда балалар дәрігері жетіспейтінін айтты. Педиатрға қарату үшін арнайы Ақтөбе қаласына барып жүргенін, есесіне бұл бағдарлама арқылы балаларын тегін медициналық тексерістен өткізгенін тілге тиек етті. Жалпы практика дәрігері Мадина Сыпабекқызы «Саламатты Қазақстан» пойызында жұмыс істеу арқылы мол тәжірибе жинақтағанын, 3 ай бойы тұрғындарға көмек көрсетіп, науқастарға түрлі диагноз қойып, оларға қажет кеңестерін беріп жатқанын айтады. Медицина маманы сөз арасында медициналық пойызға қызмет етуге дәрігерлер еңбек өтіліне және тәжірибесіне қарай іріктелетінін де атап өтті. Ол сонымен қатар аурудың әр өңірде түрлі жағдайларға байланысты, тұрғылықты жерлердегі ауа райының қолайсыздығына және тұрмыстық жағдайларына байланысты әрқилы болатынын баяндап берді.
- Көбіне барлық өңірде жүрек қан тамыр аурулары, артериялық қысымның жоғарылауы, асқазан-ішек жолдарының, бүйрек, буын және неврологиялық аурулар жиі кездеседі, – дейді ол.
Ал дәрігер Алтын Шайхина тұрғындар УДЗ дәрігерін көп қажет ететінін тілге тиек етті.
– Жұмыс ауырлау, халық өте көп. Сұраныс та жоғары. Бірақ білікті дәрігерлер бәріне үлгеріп, өзіне атқарылған міндеттерін тиянақты атқарып жатыр, – дейді А.Шайхина.
Фельдшер-лаборант Кулярхан Темірханова ем алушыларға, әсіресе зейнет жасындағы адамдарға уақытында қаралып, күтініп жүрудің маңызы жоғары екенін айтты. Ал хирург, уролог маман Бақдәулет Ерболов жоба аясында ер азаматтардың көбіне хронологиялық простатитпен, әйелдердің аяқтың артроздарымен, варикоз және цистит ауруымен, ал кішкентай балалардың «грыжамен» көп ауыратынын байқағанын әңгімесіне арқау етті.  width= Өз кезегінде көз маманы Сәкен Такпенов аталған жобаның шалғай аймақтарда тұратын тұрғындар үшін пайдасы орасан екенін баса айтты. Жалпы практика дәрігері Гүлбану Ақылтайқызы болса, шалғай елдімекендерге барып, сол жердегі жергілікті тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетіп, көпшіліктің алғысын алып жүргенін ерекше мақтанышпен жеткізді. Бұдан түйгеніміз, «Медициналық пойыздар» жобасы халық пен дәрігер арасындағы алтын көпір іспеттес болып, тиімділігі мен маңыздылығының қаншалықты жоғары екенін көрсетуде. Қорыта айтқанда, осы жобаға атсалысып жүрген мамандар төрт ай көлемінде тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетіп келеді. Ең маңыздысы, көптің алғысына бөленген «Медициналық пойыздар» жобасы шалғай ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлап, алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастыра бермек. Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz ресми сайтынан немесе 8 7172 60 45 94, 8 701 206 15 40 нөмірлері арқылы, @medpoezd.kz Instagram парақшасынан да білуге болады. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай қолдауымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қатысуымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырылып жатыр.