Қазақстанда TikTok-тың офисі ашылады

Қазақстанда TikTok-тың офисі ашылады

Қазақстанда TikTok-тың офисі ашылады
ашық дереккөзі
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі фейсбуктегі парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Бүгін TikTok компаниясының вице-президенті Тео Бэртраммен кездестім. Бэртрам мырза Google компаниясында жауапты қызмет атқарған, Ұлыбританияның екі бірдей премьер-министріне кеңесші болған тәжірибелі адам. TikTok Қазақстанда туризм бойынша біріккен жобаларды бастаған екен. Енді баспасөз хатшыларын оқыту, цифрлық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік желіні тиімді қолдану жағынан ортақ тренингтер ұйымдастыру туралы айттым», - деп жазды министр.
Оның айтуынша, компания өкілі мұны құптаған. Сонымен қатар келешекте TikTok интерфейсі қазақшаланады.
«Кездесуде TikTok интерфейсіне қазақ тілін енгізу және қазақша контентті бірлесе дамытуды ұсындым. Компания өкілі желіге қазақ тілін орнату жайы қарастырылып жатқанын жеткізді. Министрлік ақпарат, жастар, отбасы және азаматтық қоғамды дамыту бойынша уәкілетті орган болғандықтан, компаниямен креативті контенттер және заманауи сапалы материалдар жасауға мүдделі. Мәселен, желіде Bala house, «Ел бірлігі» жобалары жақсы көріліп жатыр. Бұл бағыттағы жобаларды бірге жалғастырып, TikTok хаустарды ұйымдастырамыз. Себебі компания желіде білім беруге қатысты, имидждік контенттерді көбейтуді де жоспарлап отыр екен», - делінген мәтінде.
Сондай-ақ министр Тео Бертрамды жуырда өтетін Astana Media Week апталығына шақырған. Ал мәртебелі мейман ауқымды іс-шараға қатысуға ынталы екенін білдірген.
«Тағы бір жаңалық, жуырда Қазақстанда TikTok-тың офисі ашылады. Бұл Қазақстанның белгілі компаниямен тығыз байланыс орнатып, елге қажетті дүниелерді ақылдаса отырып жасауға таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Астанада өткен Digital Bridge форумында Мемлекет басшысы Қазақстанның алдында цифрлық трансформацияның басымдықтарын жариялағаны белгілі. Аталған кездесулер Президент қойған міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді деп сенемін» деп жазды автор сөз соңында.