Жаңалықтар

Көптің көңіліндегі аңсарлы бейнеге айналған Жұматайдың Ләйләсі

ашық дереккөзі

Көптің көңіліндегі аңсарлы бейнеге айналған Жұматайдың Ләйләсі

Кезінде жатақхананың қара нанын бөлісіп жеген қаламдас дос Қазыбек Құттымұратұлының көңіліндегі сүйіктісіне арнаған студент шақтағы бір өлеңінде «Сұлулығы өзіңнен қандай екен, Жұматайдың Ләйләсін көрер ме еді...» деген жолдар бар-тын. Шынында да жауһар жырлар иесі Жұматай Жақыпбаевты оқыған кез келген адам шайырдың өмірлік ғашығы әм музасы Ләйләні көріп, кім екенін білуге қызығушылық танытары анық.  Біздің шәкірттік шағымыз сол кез аты ауыздан түспей тұрған Жұматай ақынмен "ауырумен" басталған еді. Енді ғана ҚазМҰУ-дің студенті атанып, сол кездегі дәстүр бойынша ауылшаруашылық жұмыстарында, Алматы маңындағы Шелек ауданында жүзімдікте жүрген кезімізде, 1990 жылы қыркүйектің ортасынан ауа ақынның дүние салғаны туралы қаралы хабар жетті. Содан соң-ақ көзі тірісінде оншалықты еленбеген оның нағыз «екінші өмірі» басталып, аты гүрілдеп жүре берді. Біз, қатарластар, өзіміз көзімізбен көріп үлгере алмай қалған қайран Жұмағаңның: – Сені, Ләйлә, қара көзді киелім, Қайыспайтын қара жерше сүйемін! – деп, енді бірде: – ...Кетер күнім... Келер, келер ол дағы, Бір қаралы шеру шығар жолға әлі, Сол бір кезде жан баласы жыламай, Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны, – деген, болмаса: – Қанша ғажап азап шектім Ләйлә деп, Менен асқан бақытты адам жоқ, күнім! – деп кейде шаттана, кейде мұңая жырлаған туындыларын жатқа соғатынбыз. Оған еліктеп жыр жазып, ақынның өзіне өлең арнағандарымыз да аз емес. Шайырдың көзі тірісінде шыққан қалыңдығы пышақтың қырындай ғана үш жинағының сирек даналары арамызда қолдан қолға өтіп жүріп тозды десек болады. Соның бірі – «Ләйлә» атты кітапшасы. «Тәкаппар аппақ жүзінде Тарыдай бір мең бар...», «Ханшадай өзін ұстаған, Қара алмас көзді, бал ерін» Ләйләнің Жұматай өлеңдеріндегі детальдардан құралып, әрі қарай қиялымызбен сомдалып-өңделген сұлу бейнесі әрқайсымыздың көкейімізде сол кезде орын тепкені рас. Ал өмірдегі Ләйлә Бейісбекқызы Досмұхамбетованың сонау алпысыншы жылдардан бері Мәскеуде тұратынын білдік осы мақала алғаш жазылған 2008 жылы. [caption id="attachment_198414" align="alignnone" width="1920"] 3. Ләйлә анасы Балапан апаймен; 4. Жұматайдың Ләйләсі Астанадағы Мұхитаралда (2007-жыл); 5. Ләйлә ұлы Дмитрий екеуі;[/caption] Ләйләнің Жұматай жырларынан басқа да өнер туындыларының тууына себепші болғаны хақында Сайлаубай Тойлыбаев жазған тағы бір дерек – әйгілі композитор Әсет Бейсеуовтің «Меңді қыз» әнінің Ләйләға арналғаны. Талайдың шабытына қозғау салған сол ару Ләйлә тағдырдың жазуымен Мәскеуде ұлты басқа бір азаматпен (Сахаров) бас қосқан. Алайда Досмұхамбетова деген тегін сақтап қалған. Дмитрий атты (Митя) жалғыз ұлы (аман болса, қазір жасы қырықтар шамасында) бар екен. Майра тәтесінің тұрмысқа кеш шыққанын айтып берді. – Оған басқа ұлттың жігіттері де көп ғашық болған. Өйткені өзі де көркіне ақылы сай, мінезі де тартымды, көпшіл болатын. Ләйлә алғаш өзге ұлт өкіліне, шет жерге тұрмысқа шығатынын айтқанда үй-іші қарсы болып, сол себепті ол біраз уақыт ешкіммен хабарласпай, қатынаспай, томаға-тұйық қалды, – дейді ол. Әрине, кейіпкеріміздің байырқалы, тыныш өміріне көлденеңнен килігудің жөні жоқ. Сондықтан Ләйләнің тіпті қосағының аты-жөнін жария етуді де қаламаған Майра апайды оның Мәскеудегі мекенжайын сұрап, қинай алмадық. Білгеніміз – Ләйлә қызметі арқылы алған Мәскеудегі үйінде тұрып жатыр екен. Зейнет демалысында көрінеді, бірақ әлдебір жеке фирмада жұмыс істеп жүрсе керек. Мәскеуден елге жылда келіп тұрады. Жұматайдың өлеңдері, кітаптары, өзі туралы жазылған мақала – бәрін көрген, біледі. Олар ішкі дүниесінде қандай сезім толқыныстарын тудыратыны енді, әлбетте, сіз бен біз үшін беймәлім, қадірлі оқырман. Айтпақшы, Майра апайдың айтуынша, Ләйлә мен Жұматайдың жұбайы Зайда кезінде бір ауылда, Мұқырда тұрған. Сол уақта-ақ Жұматайдың Ләйлаға ғашық екенін айналасындағы біраз жұрт білген көрінеді. Ол кезде барлығы жас, ішінде Ләйләнің Шәмшәгүл деген туыс тәтесі бар, біріне-бірін сырттай таңып, қалжыңдасып жүреді екен. Жұматайдың бірі – өлеңіне, бірі – өміріне серік болған Ләйлә мен Зайданың алыстан туысатын өзара ағайыншылығы да жоқ емес болса керек. Р.S. Бүгінде интернеттен оп-оңай табуға болатын Ләйләнің фотосуреттерін жұртшылық назарына осы мақаламен бірге ең алғаш біз ұсынған едік. Қазір олар көптің олжасына айналды. Алғаш жарияланғанда «Айқара» газетінде қызмет етіп жүрген жорналшы ініміз Арнұр Асқар: «Біздің жігіттер мақалаңызды қырылып оқыды. Біраз пікірлесіп, қызу талқылады. Бұрын өлеңнен білетіні болмаса, ешқайсысы өңін, суретін көрмеген ғой Ләйләнің» деп маған әсерімен бөліскені әлі есімде. Міне, Жұматайдың Ләйләсінің өмірдегі бейнесінің жарияға шығуының тарихы осындай. ...Жалпы, сұлулық дегеніміз шартты ғой. Ең соңынан, қазір ойымызға келіп отырғаны: қаламдас ініміз, ақын Рахат Әбдірахманов өзінің Жұматайға арнаған бір өлеңін «Бар сұлулық Ләйләда емес, анығы – Сол Ләйләны сүйе білген жүректе!» деп түйіндеген еді. Сол сөзде көп шындық бар-ау, негізі...  

Батырболат Айтболатұлы

  (Ләйләнің суреттері сіңлісі Майра Қабдулова-Досмұхамбетованың жеке мұрағатынан алынды)