Ел тәуелсіздігі және «Алаш идеясы»
Ел тәуелсіздігі және «Алаш идеясы»
Алаш – алғы бабаларымыздан келе жатқан көне сөз. Бұрынғы үлкендердің айтуынша, «Алты алашқа»: қазақ, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, түрікпен, өзбек кіреді. Бұл да негізсіз емес, өйткені олардың ұлттық болмыстары, өмір-тіршілігі, тілі мен діні, салт-санасы, ғұрып-әдеттері бірыңғай, ұқсас. Қазақта елге қамқор болған қадірменді адамдарын «Алаш азаматы» деп құрметтеген. Ешкімді жат көрмей, өзіне жақын тартып жүретін халқымыз, танымаған адамының да амандығын тілеп, «Алаш азаматының бөтендігі жоқ» деп іш тартушы еді, құрмет көрсететін, бұл сөз ел аузында жақсы ниетпен айтылатын.
Кешегі ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұзақ уақыт осы сөзден де, дәстүрден де безіп кеттік, «Алаш» аты аталса, ат-тонымызды ала қашатын болдық. Оның басты себебі – Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» тобының құрылуы және осы топ өкілдерінің болашақ ұлт тағдырын ойлап құрған саяси ұйымдары мен партиялары, ұстанған бағдарлары еді. Ол, әрине Кеңес өкіметіне ұнамады, жалған айып тағылып, жазықсыз жазғырылып, кейінгі ұрпақ санасына теріс түсінік сіңіріліп, оларды «халық жаулары» деген жалған айыппен жазалап, ұрпақ санасынан аластатты.
Өткен ғасыр аяғында еліміз қол жеткізген тәуелсіздіктің арқасында Алаш зиялылары ақталып, ұлтымыздың саяси-рухани тарихынан өз орындарын алды, ақиқат жеңді. Соның арқасында қазір жалпы Алаш, оның тарихы, әлемдік тарихтағы орны мен маңызы туралы, Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы орны туралы көп айтылып та, жазылып та жатыр. Осы бағытта жекелеген мақалалар мен монографиялық еңбектер, ұжымдық жинақтар жарық көріп, ғылыми-танымдық конференциялар өткізілді. Оның басты себебі «Алаш идеясының» өзектілігінде, Алаш аманатын орындаудың бүгінгі ұрпақ үшін қажеттілігінде және ХХІ ғасырдағы тәуелсіз қазақ қоғамында оны жаңғырту мүмкіндіктерінің тууында.
ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдерінің басты мақсаты – туған халқын терезесі тең, тәуелсіз жұртқа айналдыру болған. Бірақ оның сәті түсе қоймады. тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері қазақ қоғамында ұлттық идея жөнінде әңгіме басталып, ол толастар емес. Бұл заңды құбылыс та. Заңды болатын себебі, ұзақ уақыт отарлық езгі құрсауында қамалған, егемендігін енді орнықтырған, жаһанданудың алдында тұрған халықтың есті ұрпағына ұлтты ұйыстырар идея керек болды.
Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде Алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында. Алашшыл сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек, Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяның ұйытқысы болғанын тарихтың өзі растады.
Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан туындайтын қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін қазақ ұрпағының бойына сіңіру сияқты іргелі мәселеде Алаш зиялыларының сан салалы мұрасынан, олардың ерен іс-қимылдарынан алар тағылым мол. Сондықтан да, Алаш қозғалысына өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны бүгінгі заманымызбен үндес өміршең көзқарастар жиынтығы ретінде бағалап, яғни бүгінгі тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатқанына мән беріп, одан өрісті өнеге, ғұмырлы ғибрат алғанымыз жөн.
Алаш идеясының өзекті болатыны, біз ұлттық идеологиямыздың негізін – Алаштан іздеуіміз керек. Өйткені Алаш ұлтымызды бірлік пен ынтымаққа шақырды, дана Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатты сөзін өздеріне бағдар етті; бірегей ұлтымыздың өз территориясының, ата-бабадан қалған атамекенінің, қасиетті жеріміздің тұтастығын сезінуі және қорғауы; тіл, діл, дін, еркіндік – ұлт болмысының құрамдас бөлігі екенін терең түсінуі; әлемдік кеңістікте өз орны бар әлеумет, егемен ел ретінде, өз еншісі мен үлесін анықтауды жүзеге асыруды көздеуі т.б. Алаш идеясында мемлекеттің өркендей дамуы үшін білім мен ғылымның, техника мен технологияның, өнімді еңбектің орнына ерекше мән берілген. Ең бастысы, адал, әділетті қоғам орнатып ата-бабалар арманына қол жеткізу болған. Сол тұстағы Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы басқарған қазақ зиялыларының өздерінің саяси қозғалыстары мен партияларының атын Алаш атауы да тегін емес. Алаш идеясы үшін күресу кезеңі өткен ғасырдың 1907-1930 жылдар аяғына дейін болды. Бұл аз уақыт болса да идеялық тұрғыдан алғанда ғасырға татырлық уақыт еді. Олардың әрқайсысының мемлекет басқаруға білімі де, білігі де жететін, толық қабілеті бар азаматтар еді. Сонымен қатар олар орасан зор сауатты, тамаша талант иелері, көп тіл біліп қана қоймай, түйгені көп, білгені бар айтулы тұлғалар болатын, ұлтын шексіз сүйген мемлекетшіл азаматтар еді. Кезінде осы лектің ең жас өкілдерінің бірі Мұхтар Әуезов: «Дүниеде болып өткен нелер ұлы жандар бар. Олардың ішінде даналары да аз емес-ті. Көбінен қалған дарынды кітап, ұлы шығармалар, терең мағыналы ойлар саналы тірлігіңде үнемі есіңе түсіп, қатарыңда ілесіп жүргендей болады, біз оларды керегіне қарай пайдаланамыз» деп жазған болатын. Айтса айтқандай, қазіргі тәуелсіз Қазақстанды қайта жаңғырту барысында біз Алаш зиялыларының еңбектерін қажетсіндік және керегімізге жаратып та жатырмыз. Ұлтымыздың рухани-мәдени, және саяси тарихында Алаш зиялыларының орны ерекше. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ерекше атап өтті: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды... Олардай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұраларын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек». Ендеше біздің ойымызша, Алаш арыстарының асыл мұраларын игеру, өміршең идеяларын жас ұрпаққа жеткізу жалғаса беруі тиіс.
Алаш арманы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан, Алаш идеясы – ұлттық идеология, ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді. Сондықтан да олар өздерінің басты бағыттарын төмендегіше анықтады: 1) жерге ең алдымен қазақ ие болуы керек; 2) жердің асты-үсті байлығын алдымен қазақ иеленуі керек; 3) өз өнімін өндіретін ұлттық экономика; 4)қазақ тілінің мемлекеттілігі, діні мен ділінің үстемдігі; 5) білім мен ғылымның дамуы. Бұл ұстанымдар бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Ендеше Алаш идеясын өткен шақта қарастырмай, керісінше, Алаш арманын іске асыруымыз керек.
Алайда бүгінгі шындықтан шығар болсақ, біздің қоғамда ұлтсыздықтың, қазақты іштей және сырттай кемсітушіліктің барлығына көз жеткіземіз. Біз өзімізді көрші өзбекпен, тағы басқалармен салыстырсақ, өздерін орыс рухы үстемдік құрған Ресейдің бір автономиясында тұратындай сезінетін территорияларымыз да бар. Бұларға ұлт мәселесінің қоғамдық санада, бұқаралық ақпарат құралдарында, саяси жиындарда, ғылыми ортада қызу талқылағанымен, атқарушы орган бұл істерге айтарлықтай мән бермей, жайбарақат күйде қалуда. Ал көптеген күрделі мәселе ашық айтылмағандықтан, сыртқа шықпайды, іштей ренжитіндер көбеюде. Олар қазақ ұлтына, оның тіліне, басқа да әлеуметтік адалдық пен ұлтын еліміздегі көп этникалық топтың бірі емес, мемлекет құраушы ұлт деп қабылдау. Өйткені Қазақстанды орыстарсыз, кәрістерсіз, ұйғырларсыз және басқаларсыз елестетуге болар, бірақ қазақсыз елестету мүмкін емес. Біздің мемлекетіміздің атауы ғана емес, оның шекарасы, тілі, басым діні мен дәстүрі тек қазақтармен ғана байланысты. Осыдан келіп, мемлекет құрушы қазақ ұлтының болашағы өз Отанымыздағы ұлт саясатына: қазақ тіліне, мәдениетіне, ұлттық құндылықтарға басымдық беруде. Алайда бұл мәселе бізде өз деңгейінде шешімін тапты деп айту әзірге қиын. Біз тәуелсіздікке қол жеткіздік, бірақ Алаш идеясының негізін қалаушылардың бізге қалдырған басты қағидасы – қазақ ұлтын отарсыздандыруды осы уақытқа дейін ресми түрде жүзеге асыра қойған жоқпыз.
Рухани-мәдени саладағы отарсыздану – бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі. Басқа елдердің біз үлгі алатындай озық тәжірибелеріне сүйене отырып, отандық және халықаралық заңдар негізінде ұлттық мәдениетті, дәстүр-салтты қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары, кинопрокат, театрлар мен концерттер репертуарларының ұлттық үлесінің шетелдікке қарағанда басымдығын қадағалау, ұрпақ тәрбиесі мен болашағына алаңдаған әрбір жауапкершілікті азаматтың мойнындағы парызы және бүгінгі күнгі қажеттіліктердің бірі.
Ұлтымыздың рухани болмысын қалыптастыруда Алаш қайраткерлерінің тілдік мұрасының орны ерекше. Олар: қазақ тіл білімін дүниеге әкеліп, оның қалыптасуына сара жол салды; қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырды; тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін, ұлт өркендеуіндегі орнын айқындап, қазақ руханиятындағы маңызына алғаш рет айрықша баға берді; қазақ тілді баспасөзді қалыптастыра отырып, әдеби тілдің публицистикалық жанрын тудырды; олардың ғылыми еңбектері, оқу құралдары арқылы ғылыми стиль, ғылыми-көпшілік стиль компоненттері орныға бастады; көркем аудармамен бірге, ғылыми, публицистикалық, саяси-әлеуметтік еңбектерді аудара отырып, жалпы қазақ аудармасының негізін жасады; Алаш қозғалысы тұсында ресми іс құжаттары стилі қалыптасты; ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі ретінде қарастыра отырып, жас ұрпақ тәрбиесінде оның алатын орнына ерекше назар аударды; өз ана тілінде сөйлеу, тілін білу – ұлттық іргелі мәселе екенін Алаш зиялылары жақсы ұғынды.
Алаш зиялылары ХХ ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екенін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе қазақ тілінің саяси-қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді.
Алаш қозғалысының үні болған «Қазақ» газетінің ең алғашқы санының бірінде А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай, жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да тіл екенін алғаш аңғартты. А.Байтұрсынұлының осы пікіріне орайлас ойды Алаш зиялыларының көпшілігі айтқан, яғни ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екенін рухани-мәдени тарихымызда алғаш айтқандар алаштықтар болды.
Ендеше біз ұлттық тілді дамытудағы әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, тіл мәселесіне кешенді түрде қарауымыз керек. Ең бастысы, елімізде тілге деген қажеттілік болуы керек және көпшілік мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесінің сақталуын талап етуге құқылы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуында ұлттық элита мен бизнес элитасының қолдауының да рөлі зор болмақ. Рухани сау ұлт өз елінде басқа тілде сөйлемейді, басқа тілді өз тілінен жоғары қоймайды. Бұқара халық пен саяси элита консенсусқа келіп, саналық деколонизация шараларын бастау күн тәртібінде тұрған мәселе.
Алаш зиялылары өз ұлтын шексіз сүйе отырып, басқа халықтармен тең құқылы қарым-қатынас орнатуды қолдады. Елімізде тәуелсіздік жылдарында осы ұстаныммен Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Негізгі мақсат ел ішіндегі бірлік пен түсіністікті нығайту, еліміздің саяси-әлеуметтік, рухани саласындағы қабылданған мемлекеттік деңгейдегі шешімдердің жүзеге асуына ықпал ету болатын. Алайда еліміздегі этномәдени орталықтардың әрқайсысы өз диаспораларының сойылын соғып, тарихи Отанымен байланыстарға басымдық беріп, оқшауланып бара жатқаны қоғам белсенділері мен саясаткерлер тарапынан орынды сынға ұшырауда. Президент пен қазақтар туралы тәтті сөз, мақтап-мадақтау сөз айту бір басқа, ал оны өзіңнің ісіңмен көрсету мүлдем бөлек. Мәселен, олар еліміз халқының 30 пайызын құраса да, диаспоралардың балаларының қазақ мектебінде оқитындары бар-жоғы 1 пайызға жетер-жетпес қана.
Ұлт Ұстазы, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз бай, білімді, һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген екен. Бұл ұлағатты ой-тілектің айтылғанына да ғасырдан асты. Қазір елімізде білімділер мен оқығандар да, бай кәсіпкерлер де бар, бірлікке де қол жеткіздік. Алайда білімділер мен кәсіпкерлердің біразы ұлт мүддесінен аулақ. Олардың бірқатары өз ана тілін білмейді, ұлттық мәдениетінен сусындамаған, ұлттық дәстүр-салттан аулақ. Ұлттық намыстан ада, рухсыз, жігерсіз. Осындай азаматтарымыз өзге мемлекет тілінде сөйлейді, балаларын да қазақ тілінде оқытуға құлықсыз, жүректері «Елім», «Жерім», «Қазақстаным!» деп соқпағандықтан, қаржыларын да Қазақстанда емес, шетелдерде сақтайды, балалары да сол жақта оқиды, еліміздің әлеуметтік жағдайы мен әлеуетін көтеруді парызым деп санамайды, рухани өмірге араласуға дәрменсіз.
Алаш зиялылары өздеріне дейінгі ұлтымыздың рухани мәдениетін терең игерген жандар болды. Олар XV ғасырда қазақ халқының мемлекеттілігін құрған Керей, Жәнібек сұлтандардың өз заманының ойшылдары Асанқайғы мен Қазтуған жырауды ғана емес, олардан ілгерідегі даналардың мұраларын да жетік білген. Кешегі ұлт болмысы мансұқталған Кеңес заманында ол үзіліп қалды. «Ұлттық» дегеніміздің бәрі кертартпалық, «ұлттық шектелушілік» және тағы басқа деп болашақсыз, келешексіз дүниеліктерге айналды, бұл үрдіс есімізден әлі шыққан жоқ, жаңғырығы құлағымызда тұр.
Шын мәнінде, ұлттық элита дегеніміз – зерек ақыл-ойымен, тегеурінді іс-әрекетімен, интеллектуалдық ізашарлығымен халқының ілгерілеу дамуына шарапатын тигізген, адамзат өркениетіне лайықты үлес қосқан, ұлтқа үлгі қабілет-қасиетке ие тұлғалардың шоғыры. Ендеше біз қазір салауатты, парасатты, білікті алашшылдарды билік басына әкелуіміз керек. Оның бірден-бір жолы таза сайлау мен меритократиялық қағидаларын сақтау. Демократиялық жолды таңдаған билік те, бұқара да, демократияның негізгі құралы – халықтың сайлау үдерісін бақылауға алуы, жікшілдіктен, рушылдықтан, бір сөзбен айтқанда, трайбализмнен аулақ болуы керек. Жақын арада қабылданған конституциялық өзгерістерге байланысты жергілікті мәслихаттар мажоритарлы принциппен сайланады. Яғни, қоғамдағы беделді, парасатты, білікті де құрметті адамдар партияларға тәуелді болмай, өздерін ұсыну арқылы Мәслихаттарға сайлана алады. Олар бұрынғыдай, өздерін қаржыландырып отырған партияларға тәуелді болмағандықтан, еркіндіктері шектеулі емес, сондықтан тәуелсіз депутаттар ретінде халықтың мұң-мұқтажы үшін күресе алады, өзінің ойын еркін айтып, билікке мәселені тура қойып, талап та ете алады.
Алаш қайраткерлерінің қозғалысы – адамға, ұлтқа деген жанашырлықтан туған гуманистік әрекет. Гуманизм идеялары ұлттың жаңғыру немесе қайта өрлеу дәуірін жасайды. Батыстық ғылымда да, Еуропада да бұл мойындалған құбылыс. Оны Еуропада «Ренессанс» деп атап, азаматтық тарихта да, әдебиет, өнер, мәдениет тарихында да арнайы тарау ретінде зерттеудің тұрақты нысанына айналдырған. Қазақ ренессансының басы – данышпан қазақ Абайдан кейін зор гуманистік аңсарды дамытқан, нағыз ренессанстық деңгейге жеткізген – Алаш қайраткерлері еді. Елі мен жерінің тәуелсіздігі жолында күресте шыңдала, іздене отырып Алаш зиялылары өздерін де, өз замандастарын да, өздерінен кейінгілерді де қайраткерлік және қаламгерлік жағынан дайындады, жетілдірді деуге болады. Алаштың ренессанстық сипаты нағыз ұлтшылдық дәуір туғыза алатын Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Халел, Мұхамеджан, Жанша, Әлімхан және тағы басқа қайраткерлерді; Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар сияқты алып талант иелерін қалыптастырды. Олардың ұлтшылдығы кезінде большевиктер кінәлағандай жалаң ұлтшылдық емес, адамсүйгіштік, отансүйгіштік сезімдерінен ой мен іске айналған табиғи талпынысты ұлтшылдық болатын. Яғни, Алаш қайраткерлерінің ұлтшылдығы, өз дәуірі туғызған, қазақ ұлтының алдына сол дәуірдің өзі қойған сауалдарға пікір жүзінде де, әрекет барысында да берген жауабы еді, Алаш зиялыларының гуманизмі олардың қайраткерлік әрекеттерінің де өзегі еді. Мұндай гуманизм болмаса, олар ұлт тағдыры жолындағы жанкештілік әрекеттерге де бармас еді. Алаш қозғалысы қазақтың «Жаңғыру дәуірі» болғанын, оның елім деген, жұртым деген азаматтардың басын қосқанымен де дәлелдеуге болады. Абылай заманында сыртқы жаудың қауіп-қатерінен басы қосылған қазақ; Кенесары, Махамбет, Абай дәуірінде «бас-басына би болған» қазақ; Алаш тұсында бас біріктірді, қимыл біріктірді. Оның негізінде Отанына, ұрпағына деген ұлы жанашырлық жатты. Бұл – нағыз ренессанстың тамыры боларлық гуманизм.
Алаш қозғалысы дәуірі – қазақтың ұлт ретінде бірігу, тұтасу, етене араласу дәуірі болды. Алаш қайраткерлері осы үлкен сынды абыроймен орындай алды. Елді бірлікке шақырды, халықты еркіндікке сендіре алды. Бұл нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны болатын. Алаш қозғалысының тарихы – отандық ғылым үшін қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Ұлтының мәңгілігін ойлаған абзал азаматтардың жүріп өткен жолын үлгі ету, ерлікке татырлық еңбектерін бағалау – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін ең қымбатты құндылықтардың бірі. Қазақстан жаңару мен жаңғыру жолын таңдады. Біз бұл жолда өткеннен тағылым алсақ қана келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда Алаш зиялылары бізге үлгі еткен ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет.
Қайырбек Тоқтаров, Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты