«AMANAT» партиясында медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселесі талқыланды

«AMANAT» партиясында медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселесі талқыланды

«AMANAT»  партиясында медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселесі талқыланды
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте медициналық ұйымдарда қаржыландыру тапшылығы және тарифті белгілеу мәселелері талқыланды. Отырысқа қатысушылар медицина саласының толыққанды қаржыландырылмау себебінен емханалардан гөрі, бүкіл деңгейдегі ауруханалар көбірек зардап шегіп жатқанын айтты. Жүргізілген сараптама нәтижесінде, 58 медициналық ұйымда қаржылық есебі бұрмаланған. Сонымен қатар емдеу құнын да қымбаттатқан. Мәжіліс депутаты Гүлдар Нұрымованың айтуынша, қазақстандық медицинаның дұрыс қаржыландырылмауы  аса өзекті мәселелердің бірі.
«Аймақтардағы медициналық ұйымдарға қаражаттың жеткіліксіз екенін көреміз. Барлық өңірлердегі емханалар мен ауруханаларда мамандарды жаппай қысқарту жүріп жатыр. Тіпті, кейбір ұйымдар дәрігерлердің айлығын төлей алмайтын деңгейге жетті. Министрліктің жұмысы тексеріс жүргізу үшін облыстарға мониторингтік топтарды жіберумен ғана шектеліп отыр. Олар әуел баста қандай тапсырма берілді соны орындауға ғана мән береді. Олардың міндеті бас дәрілерлерді дұрыс жұмыс жүргізе алмайтынын дәлелдеу ғана. Қаражатты тиімді пайдаланбайтын дәрігерлердің барын біз де жақсы білеміз. Бірақ барлығына топырақ шашуға болмайды. Біздегі медициналық ұйымдарға бөлінген қаражаттың 90 пайызы жалақы төлеуге бағытталады. Қазір емханалар қарапайым шприц сатып ала алмай отыр. Коммуналдық төлемдер және өзге де шығындардың артуына байланысы медициналық ұйымдардағы кредиторлық берешек артуда», - дейді Мәжіліс депутаты.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Бақтыбаеваның айтуынша, халықтың жеңілдік санаттары  бойынша жоспарланған  345 млрд теңгенің орнына 483 млрд теңге қажет етілген. Денсаулық сақтау министрлігінің аппарат басшысы Батырбек Әбділдин осы орайда  ведомствоның биылғы жылға бөлінген бюджеті туралы есеп берді.
«Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы бюджеті 2 трлн 34 млрд теңге. Оның ішінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бөлінген қаражат 853 млрд теңге. Былтыр қор қаражатының 406 млрд теңгесіне 11,3 млн адам емделді. Қаржыландыру тапшылығы - 60 млрд теңгені құрады. Медициналық сақтандыру жүйесінде 2021-2022 жылдары шығын көлемі 192 млрд теңге болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің кредиторлық берешегі 79,6 млрд теңге, оның ішінде жалақы төлеуге 6,3 млрд теңге (8%), дәрі-дәрмекке және медициналық бұйымдарға - 47 млрд теңге, СК-Фармацияға 22,2 млрд теңге (28%) жұмсалған», - деді ол.
AMANAT партиясы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, депутаттық корпус бірнеше рет аймақтық және аудандық ауруханаларға барып, қалай көмек көрсетілетіп жатқанын көріп қайтты. Сондай-ақ ол халықтың көбі әлеуметтік медициналық сақтандыруға ай сайын қаражат аударғанымен, дәрігердің қабылдауына уақытылы кіре алмай жүргенін жеткізді.
«Биыл жазда депутаттар өңірлерді аралаған кезде мұғалімдер МӘМС-қа қатысты көптеген сауал жолдаған. Соның бірі – қорға ай сайын ақша аударса да, емханаға жылына 1-2 рет қана қаралады. Бір сөзбен айтқанда, қызметтің сапасы емес, қолжетімсіз болуында. Олар алдымен кезекке тұруы керек, онысы екі айдан кейін келеді. Сондағысы қарапайым жұрт қатардағы дәрігердің қабылдауына кіре алмай отыр. Ал Қазақстан бойынша 300 мыңнан астам мұғалім бар. Оның бәрі сақтандыруға ай сайын қаражат аударып отыр», – деді депутат.
Депутат 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарастыру кезінде осы айтылған  барлық ескертулер Үкімет қарауына ұсынылатынын айтты.
«Қорда тапшылық бар және ол қосымша қаржыландыруды сұрайды. Халық бізге әділ шағыммен жүгінеді, өйткені олар жарна төлейді, бірақ оларға тиісті көмек көрсетілмейді. Отырыста айтылған барлық ұсыныстар мен шағымдарды депутаттық корпус талдайды», - деді Жұлдыз Сүлейменова.