Ұлт тұтастығын көздеген ұлы жиын

Ұлт тұтастығын көздеген ұлы жиын

Ұлт тұтастығын көздеген ұлы жиын
ашық дереккөзі
Кеше Астанада Дүниежүзі қазақтары I құрылтайының өткеніне 30 жыл толуына арналған ха­­­лықаралық форум болды. Жиынға Ресей, Түркия, Моңғолия, Еуропа елдері мен көр­шілес республикалардан келген қандастар өкілі қатысты. Форумда алғашқы Дүниежүзі қа­зақ­тары құрылтайынан басталған қазақ көшінің бары мен жоғы, артықшылығы мен кемшін тұс­тары талқыланды. Осы орайда біз бұған дейін өткен құрылтайлар жайындағы тілші ма­териа­лы мен сарапшылар пікірін қоса ұсынып отырмыз. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің қаулысы бойынша Қазақстанның мемлекеттік еге­мендігі туралы декларациясы қабылданды. Бұл тари­хи құжат саяси тұрғыда қазақ елінің тәуелсіздігі жо­лындағы аса маңызды алғашқы қадамы еді. Онда ал­ғаш рет еліміздің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағ­дарламасы баяндалып, Қазақ мемлекетінің еге­мендігі ресми түрде жарияланды: ел аумағының тұ­тас­тығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының жә­не Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мә­дениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлт­тық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңыз­ды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конс­ти­туциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күш­теу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзу­ға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын кез кел­ген мәлімдемелердің заң бойынша жазаланатыны ес­кертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеу­меттік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкім­ші­лік-аумақтық құрылысына байланысты мәсе­лелер еш­кімнің араласуынсыз дербес шешілетіні мәлім­де­ліп, жер, оның қойнауы, су, әуекеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, ха­лықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл эко­номикалық, ғылыми-техникалық әлеует Рес­пуб­лика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерек­ше меншігінде болатыны көрсетілді. Ал 1991 жы­лы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік Тәуелсіздігі туралы» декларациядағы бағ­дарлама негізінде конституциялық заң қа­был­данды. Сөйтіп, 1847 жылы қазақ елінің азаттығы жо­­лында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасы­мұлы­ның қаза табуымен азаттығынан айырылған қа­зақ елі арадан 144 жыл өткенде өз тәуелсіздігіне қайта қол жеткізді. Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1992-2017 жылдардағы ДҚҚ төрағасының орынбасары:
– Ел тәуелсіздігі жарияланған соң Түркияға бар­ған алғашқы сапарында Президентіміз Ыстан­бұл­дағы ағайындармен кездесіп отырып, Дүниежүзі қа­зақ­тарының тұңғыш құрылтайын өткізу туралы мә­селе көтерген екен және оны ұйымдастыруды Жазу­шылар одағына тапсырған. Одақтың төрағасы Қал­дарбек Найманбаев ағамыз менің өмірден өз ор­нымды тауып, қаламгер ретінде қалыптасуыма үл­кен ықпал жасаған азамат еді. Сол кісі мені ша­қы­рып алды да: «Сен шетел қазақтарының мәселесін зерт­теп, жазып жүрсің ғой, соған орай саған бір жұ­мыс тапсырсам» деп мән-жайды түсіндірді. Бұдан кейін белгілі жазушы Әкім Тарази шетел­дегі қазақтармен байланыс жасайтын «Атамекен» атты қоғамдық ұйым құрып, мен оның жұмысына да атсалысып, бұл жөніндегі ой-пікірлерімді бас­па­сөз беттерінде айтып та, жазып та жүрдім. Міне, осы­ның бәрі мені сол кезде-ақ шетел қазақтарын зерт­теумен айналысатын қаламгер ретінде таныта бас­таған. Сөйтіп, бірер күнде мен театрдағы жанға ты­ныш, жақсы жұмысымды қойып, Қазақстан Жазу­шылар одағына қызметке ауыстым. Негізгі міндетім – 1992 жылдың күзінде өтуге белгіленген Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын дайындау. Бұл үшін ең алдымен Жазушылар одағы жанынан құрыл­тайды өткізу жөнінде Ұйымдастыру комитеті құ­рыл­ды. Оның төрағасы болып Қалдарбек Найман­баев, орынбасарлығына одақтың екінші хатшысы Төлен Әбдіков бекітілді. Маған Ұйымдастыру коми­теті­нің жауапты хатшысы деген міндет жүктелді. Жауап­ты хатшылықтың қандай жұмыс екені, немен ай­налысатыны айтпаса да түсінікті – әлем қазақ­тары­ның алғашқы құрылтайын дайындаудың бүкіл құжа­ты мен қағазын жазу менің мойныма түсті. Әрине, бұл жолда көптеген қиындық та кездесті. Ол кез­де қазіргідей барлық мемлекетпен қарым-қа­ты­насымыз жоқ. Қай шетелде қанша қазақ бар еке­нін де білмейміз. Шетелдерде қазақ мәдени орталықтары мүлдем құрылмаған. Сондықтан тұңғыш құрылтайға кімдерді шақырамыз, оларды қалай күтіп аламыз деген сияқты сұрақтар өте көп болды. Десек те, құрыл­тайға бүкіл еліміз ерекше ынта-ықыласпен атса­лысты. Республикамыздың барлық өңірінен ұсы­ныстар, көмектесуге құлшыныс білдірген хаттар толас­сыз түсіп жатты. Құрылтайдың хабары шетел­дер­ге де жетіп, алыста жүрген ағайындардан бұл жиын­ға қатыссақ деген өтініш-тілектер қардай жауды. Президент те үнемі назар аударып отырды. Қа­зақ­стан үкіметі, Алматы қаласы мен Алматы об­лы­сы, Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыс­тары­ның әкімшіліктері де құрылтайды ел өміріндегі ең елеулі уақиғалардың бірі ретінде бағалап, аса жауап­кершілікпен қызу дайындалды. Ал сол кездегі Жазушылар одағының бүкіл ұжымы бір кісідей күні-түні қызмет етті. Шетелдегі отандастармен байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамының көп көмегі болды. Құрылтай өтуге жақын қалғанда Премьер-Министрдің орын­басары Мырзатай Жолдасбеков басқарған Үкіметтік комис­сия құрылып, Алтынбек Сәрсенбаев жетекші­лік ететін штаб іске кірісті. Бұл штабта Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров, Серік Сейдуманов сияқты қазір бүкіл елімізге белгілі азаматтар болды. Осылай, 1992 жылдың 28 қыркүйегі мен 5 қазан ара­лығында құрылтай қазақ халқының тарихын­дағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде үлкен табыс­пен өтті. Шетелдік ағайындар Ұлытау, Түркістан сияқты тарихи жерлерді аралады. Алматы қаласын­да үлкен мереке, Дегерес жайлауында той, бәйге өтті. Құрылтайдың ұйымдастыру жиналысы Абай атындағы опера және балет театрында, салтанатты мәжілісі Республика сарайында болды. Салтанатты мәжілісте Президент халқымыздың бүгіні мен бо­ла­шағы туралы тебіреніп тамаша баяндама жасады. Ұйым­дастыру жиналысында Дүниежүзі қазақ­тары­ның қауымдастығын құру туралы мәселе кө­тері­­ліп, төралқа төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланды. Төрағаның бірінші орынба­сары Қалдарбек Найманбаев болды. Ұлт тарихындағы ұлы жиыннан кейін Қалдарбек аға­мыз мені қайта шақырып: «Құрылтайды жақсы өт­кіздік, енді сен Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығын құруың керек» деп оны Әділет ми­нистр­лігінде тіркетуді тапсырды. Бұл өзі қиындығы көп жұмыс екен. Министрлік қолыма қауымдастықты құрып, тіркеуден өткізу үшін керек құжаттардың тізімін ұстатты. Толып жатқан қағаз. Ең басында құрыл­тайдың қауымдастықты құру жөніндегі хат­тамасы мен шешімі керек деген талап тұр. Оған қоса, кемінде 15 адамнан тұратын құрылтайшы ынталы топ қажет. Сұрастырып көрсем, қағазға түскен хаттама да, шешім де жоқ. Жиналыстың өткені анық (өзім де қатысқанмын), қауымдастық құрылсын деп сөз сөйленіп, қол көтерілгені де анық (өзім де қол көтергенмін). Бірақ оның бәрі ешқандай қағазға түспеген. Себебін ешкім білмейді. Ал ынталы топ дегенді қайдан табатыным тіптен түсініксіз. Енді не істеу керек? Сөйтіп, тұйыққа тіреліп жүргенде Қазақ радиосы құрылтайдың барлық жиналысын үнтас­паға жазып алғанын естідім. Қаламгер болғанымның бір пайдасы сол жолы тиді. Радиодағы әріптестерім көп жазбаның ішінен құрылтайдың жиналысы жазылған үнтаспаны тауып берді. Сол үнтаспадан жиналысты жүргізген Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың сөзін қайта тыңдап отырып қағазға түсіріп, өзімше хаттама жасадым. Соңына хатшы ретінде тәуекел деп өзім қол қойдым. Ынталы топтың мәселесі де осылай сарсылып жүріп шешілді. Сөйтіп, екі айда қауымдастықты тіркеуден өткізуге қа­жетті құжаттарды жинап, сол жылы қараша айы­ның аяғында Әділет министрлігінен қауымдас­тық­ты тіркеу туралы куәлігін алдық. Мөрін жасаттық. Банк­тен есепшотын аштық. Қауымдастық осылай құрыл­ды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ең бас­ты міндеті – шетелдегі қазақ диаспорасымен мә­дени-рухани салада жан-жақты байланыс жасап, олардың мұқтаждықтарын Қазақстанның тиісті орындарына жеткізіп, оң шешілуіне ықпал ету. Осыған орай қауымдастық басшылығы, соның ішінде менің өзім де Бейжің, Ұланбатыр қалаларына дейін барып, Қытай мен Моңғолиядағы ағайындар­ды әлденеше рет аралап қайттым. Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан және Еуропа қазақтарының арасында да әлденеше рет болдым. Сондай-ақ шетел қазақтарының атажұртқа қо­ныс аударуына да өз үлесімді қостым. Мысалы, 1993 жылы Түркияға барып, ол жақта босқын болып жүр­ген екі мыңдай ауғанстандық қазақты тізімге алып, тиісті орындарға мәселе қойып, олардың атажұртқа келуіне тікелей ықпал еттім. Олар қазір Түркістан, Шымкент және Қаскелең қалаларында тұрып жатыр. Иран, Ауғанстан, Сауд Арабиясындағы қазақтардың елге оралуына да атсалыстым. Қытай қазақтарының 1993 жылдан бастап Қазақстанға арнайы шақыртуымен қоныс аудару мәселесін шешуге де тікелей араластым. Бұдан бөлек, елімізде және шетелдерде өткен көптеген басқосу, жиын, конференцияларда баяндама жасап, отандық басты басылымдар мен радио-телеарналарға мақалалар жазып, сұхбат бердім. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің аты да, күнделікті қызметі де қазір жұртшылыққа жақсы таныс. Ол – шетелдегі 5 мил­лион қазақ диаспорасымен күнделікті байла­ныс жасап, жүйелі жұмыс жүргізетін еліміздегі берден-бір ұйым. Қауымдастық өзі құрылғаннан бергі кезеңде дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын қандастарымыздың басын бес рет үлкен құрылтай өткізді. Әрине, қауымдастық көші-қон мәселесімен тікелей айналыспайды, ол тиісті үкіметтік мекемелердің міндетіне жатады. Бірақ, қауымдастық жүргізетін байланыс және үгіт-насихат жұмыстары­ның арқасында тәуелсіздік жылдарында алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақтар атажұртқа көптеп қоныс аударып, Қазақстан халқының санын 1 миллион 80 мыңнан астам адамға көбейтті. Мұның бәрі ең алдымен, тәуелсіздікке қол жеткізуі­міздің, ұлттық тұтастыққа ұмтылуымыздың нәти­жесі. Бұл ретте ел басшылығы әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қазақтарды атажұртқа жинау жөнінде бұрын-соңды болмаған аса үлкен жұмыс­тарды жүзеге асырды. Осы маңызды жұмысқа қауым­дастық та өзінің лайықты үлесін қосты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ, қазақстанның мәдениет қайраткері, Дүниежүзі қазақтары I-V құрыл­тайының делегаты:
– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 30 жылдың ішінде алыс-жақын шетелдердегі ағайынның жоғын жоқ­тап, мұңын мұңдап олармен жан-жақты байланыс орнату, жастардың атажұртта оқып білім алуы, қандастарымыздың көшіп қоныстануы, бір сөзбен айтсақ, ұлттық тұтастану тұрғысынан үлкен жұмыстар атқарғаны ақиқат. Әсіресе, қазақ­тың көрнекті жазушысы, ұлтжанды азамат, қоғам қай­раткері, марқұм Қалдарбек Найманбаев тікелей басшы­лық еткен 1992-2004 жылдары, одан кейін мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мамашев басшылық еткен 2004-2017 жылдары қауымдастық өте нәтижелі жұмыс істеді. Ол жылдары апта, ай сайын елімізде және шетелдерде әртүрлі іс-шара өтіп тұратын. Оларда жер-жерлердегі ағайынның, жалпы қазақтың ұлттық мәселелері талқыланып, әрқилы ұсыныс, талап-тілектер айтылып, тиісті үкіметтік ұйым­дарға жолданып жататын. Өкінішке қарай, соңғы бес жылда бұл жұмыстардың жұрнағы да көрінбейді, көші-қон да тоқтап қалуға қарады! Оның үстіне, соңғы құрылтай өткеніне де бес жылдан асып барады. Қазір заман да, қоғам да өзгеріп жатыр. Еліміз Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алды. Оған жер бетіндегі барлық қазақ атсалысқаны жөн. Бұл жұмысты ұйымдастыра­тын халықаралық ұйым – ДҚҚ! Ендеше жуық арада алтын­шы құрылтай шақырып, оның Төрағасы етіп Президен­тіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлауымыз керек. Ал қауымдас­тық жұмысына тікелей басшылық ететін бірінші орынбасар лауазымына тек ас ішіп, аяқ босатуға ғана қауқарлы зейнет­кер емес, елім, халқым, қазағым деп күндіз-түні тынымсыз еңбек ететін, қазақтың жаңаруына, Қазақстанның жаңаруы­на, ұлттың тұтастануына жан-тәнімен лайықты үлес қосуға ұм­тылатын сауатты, қайратты, ұлтжанды азаматты та­ғайын­дау қажет. Президентіміз қандастар көшін көбейту қажеттігі жө­нінде бірнеше рет айтты. Егер Қазақстан шынымен қан­дастарымыздың атажұртқа шоғырланып, жер бетіндегі қазақ­тың мейлінше Көк тудың астына жиналуына мүдделі болса, онда қазіргі «Отандастар қоры» коммерциялық емес, акционерлік қоғамның негізінде Президентке тікелей бағынатын Көші-қон агенттігі құрылса, өте дұрыс болар еді! Аймақ­тағы және әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай да бұл пікіріміздің өзектілігіне бір дәлел. Ал аталмыш агенттік құрылып жатса, ол Сыртқы істер ми­нистрлігімен бірге ДҚҚ-ның бір құрылтайшысы болып, қауым­дастықтың жұмысы да жандана түсетіні анық.