Азапты жылдар ақиқаты: Мұхтар Әуезов ажал аузынан қалай аман қалды?

Азапты жылдар ақиқаты: Мұхтар Әуезов ажал аузынан қалай аман қалды?

Азапты жылдар ақиқаты: Мұхтар Әуезов ажал аузынан қалай аман қалды?
ашық дереккөзі
Қазақстан тарихының ең бір күрделі әрі бүгінгі күн­ге дейін ақ-қарасы то­лық ажыра­тылмай келе жат­қан қалтарыс-бұл­тарысы мол қилы кезеңі – ХХ ғасырдың дүр­­белеңге толы 20-30-жылдары десек орын­ды болады. Олай дейтініміз, Алаш арыстары ақ­­талғанға дейінгі ке­зең­де ХХ ғасыр басын­дағы ұлт қайраткерлерінің есімі толық атал­­май, ал ішінара аталғандарының өзін бірың­ғай дат­тау, «ұлтшылдығы» үшін барлық дең­­гейде тек қаралау си­па­тында болып келді. Ал одан бергі тәуелсіздік жылдары қо­ғамтану ғы­лымдарында «Алаш арыстары» атты жал­пы­лама ұғым қалыптасып, сол дәуірде өмір сүрген жандарды түге­лімен осы топқа жат­қы­зу, ақтап алу, барлығын бірың­ғай орын­ды-орынсыз сыпыра мақтау белең алды. Ұстанған бағыттары мен саяси көзқарастары бірде үйлесіп жатса, енді бірде бір-біріне кере­ғар, өзара ымырасыз қарсылас болған ХХ ғасыр басындағы жұлдызды шоғыр мү­ше­лері­нің іс-әрекеттері, саяси ұстанымдары бү­гінге дейін қоғам­тану ғылымдары тара­пы­нан әлі толық тарихи бағасын алып болған жоқ. Дей тұрғанмен, орталықтағы түрлі сая­­си топқа жіктелген күштердің жергілікті жер­лердегі өкіл­дерінің немесе нағыз шы­найы ұлт қайраткерлерінің азат­тық жолын­дағы күресі – замана қайшылығы мен ұлт­тың тәуелсіздікке деген аңсары тудырған ел аза­мат­тары­ның соңғы тұяқсерпер әрекеті, жойы­лып кетпеу үшін жаса­ған шешуші жан­кеш­ті ұмтылыстары болатын. Біз бүгін сол тұста сан салалы шығар­ма­шы­лық жолымен, белсенді қоғамдық қыз­­­метімен жарқырай көрініп, ұлт жете­к­ші­лері­нің бірі болған, бұл күндері 125 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіп жатқан М.Әуе­зовтің ер басына күн туған қиын кезең­дер­дегі азапты жылдары туралы арнайы баян­дауды жөн деп білдік. Себебі ертелі-кеш қазақ мем­лекеттігінің осынау ақтаңдақ беттері ал­дағы уақытта ашылар тың деректер мен бі­лік­ті мамандардың көбеюіне байланысты әлі де талай мәрте тарихтың талқысына түсіп, әр­қайс­ысына лайықты бағаның берілері сөзсіз. Біз көксеген Жаңа Қазақстанның – жарқын бо­лашақтың жобасын жасап, жүйелі жос­па­рын құру тарихтағы әрбір айтулы оқиға мен осындай қайталанбас тұлғалардың әрекет­теріне әділ бағасын беру арқылы ғана жүзеге аспақ. Ал М.Әуезовтей ұлы суреткердің 1930-1932 жылдар аралығындағы түрмеде отырған, тер­геуде болған жылдары бұл тек өзінің жеке басы үшін ғана емес, тұтастай қазақ мемле­кет­тігі мен руханияты үшін де аса маңызды жыл­дар болды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» де­генді қазақ қалай дәл айтқан. Олай дей­ті­ні­міз, М.Әуезовтің дәл осы бір жыл жеті ай абақ­­­­тыда отыруы, ұлы сынақтан өтуі оның кейінгі тағ­дырына, қазақ зиялыларын қынадай қыр­ған 1937-1938 жылдардағы саяси науқан­дар­дан аман қалуына тікелей әсер еткен ерекше оқи­ға болды. Қитұрқы тергеу әрекеттері, боп­­салау, әріптестері мен мүдделес серіктеріне қар­сы куәлік етуге итермелеу – осының бәрі де М.Әуезов мезгілінен бұрын басынан өткеріп үлгер­ген, іштей моральдық-психологиялық дайын­дықтан өтуіне септігін тигізген адам төзг­ісіз ауыр сынақтар болған еді. Оған қоса, түр­медегі түгілі еркіндікте жүрген жандар аш­тан қырылып жатқан жеме-жемдегі бұл сы­нақ ұлы қаламгердің тірі қалуына, қайта­ланбас талантын ел мүддесіне жаратуына, жи­ған-тергенін ұлт кәдесіне асыруына алып кел­ген шешуші фактор болды. Нәтижесінде, қа­зақ әдебиеті мен сахна өнері шығандап өр­кендесе, жаңа сипаттағы кәсіби фолькл­орис­тика ғылымы мен Абай дәстүрін тану ілімі қа­лыптасып, саяси көшбасшыларынан көз жа­зып қалған Қазақ республикасына даңғыл да дұрыс бағыт-бағдар, жарқын жол көрсе­тіл­ді, сол адамшылық жолына қызмет ететін тұ­тас буынның өсіп шығуына ықпал етті. Сонымен... 1928 жылы Ленинград Мем­ле­кеттік университетінің тарих-фило­логия факультетін тәмамдаған М.Әуезов сол жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына түседі және осын­да оқытушылық қызметті қоса атқарып жүре­ді. 1930 жылдың 17 қыркүйегінде Салар өзе­ні жағасындағы пәтерінде М.Әуезов тұт­қынға алынады. М.Әуезовтің тұтқындалуы «Алашорда» мен ұлтшыл контрреволюциялық ұйым­ның құрамында болған және соған қа­тысқан қазақ ұлтшылдарының ісі» деп атал­ған №2 370 тергеу ісі бойынша жүзеге асы­рыл­ды. 1930 жылдың 2 шілдесі мен 1931 жылдың 23 қыркүйегі аралығында тұтқынға алынған 20 қайраткерді қамтыған бұл саяси науқан алашордашыларға қатысты жүргізілген екінші ауқымды шара еді. Бұған дейін 1928-1929 жыл­дары «Алашорда ісі» деп аталған жаппай тұт­қындауда А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтар бас­таған 44 адам қамауға алынған-ды. М.Әуезовке «астыртын контрреволю­ция­лық ұйымның Ташкент филиалының бас­шы­сы» деген айып тағылады. Онымен бірге Таш­кент филиалының мүшелері ретінде Иса Қаш­қынбаев, Жұмахан Күдерин, Қошке Ке­меңгеров, Нашир Қожамқұлов, Мұстама Бұ­рал­­қиевтер де аталып, барлығы да тұтқын­далған болатын. 1930 жылдың 1 қазаны күні Алматы қа­ла­сында Қазақ Автономиясының құрыл­ға­ны­на 10 жыл толуына орай салтанатты жиын өтіп, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің жауап­ты хатшысы Ф.Голощекин көлемді баян­да­ма жасайды. Партия және кеңес белсенділері ал­дында Ф.Голощекин тергеудегі ұлтшыл­дардың жауаптарына сілтеме жасай отырып, М.Әуезовті «Ә.Бөкейханов идеяларын жүзеге асырушы «алашшыл», «оңшыл», «ұлтшыл» деп айып­тайды. 1925 жылдың қазанында Қазақ автоно­мия­сының басшылығына келген Ф.Голощекин бұған дейін де өзінің «Партия қатарын та­за­лау», «Ауылға Кіші Октябрь жүргізу» сияқты сая­­си науқандарымен әйгілі болып келсе, енді сол жазалау, арандату, елді үркітіп-қорқыту әре­кеттерін күшейте түседі. Ф.Голощекин баян­дамасында аталып, тұтқынға алынған М.Әуезов жедел Алматыға жеткізіліп, 8 қазан­да оған алғаш тергеу жұмыстары жүргізіледі. Тергеу хаттамасына Айрықша бөлім аталған ОГПУ басшысы Белоногов, №1 бөлімше бас­тығы Попов, көмекшісі Волохов дегендер қол қояды. М.Әуезовтің Ф.Голощекин баяндамасына ілігуі де тегіннен-тегін емес-ті, ол жас күнінен-ақ қоғам өміріне белсене араласып, сол тұс­та­ғы елге кеңінен танымал болған жергілікті қай­раткерлердің бірі болатын. Семейде «Алаш жас­тары» одағын құрып, 1917 жылы 10 нау­рыз­да «Алаш» газетіне «Қазақтың өзгеше мі­нез­дері» атты алғашқы мақаласын жария­лай­ды. «Еңлік-Кебекті» сахналайтын тұсы да осы ке­зең. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қала­сын­да өткен Жалпы қазақ жастарының құрыл­тайына қатысып, оның орталық атқару ко­митетінің мүшесі болып сайланады. Жүсіп­бек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғы­лыми-көпшілік журналын шығаруға қаты­са­ды. 1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғам­дық-саяси жұмыстармен бірыңғай айналысуға мүмкіндік алады. 1919 жылдың 4 желтоқсанында Семейде бо­льшевиктер билігі орнап, М.Әуезов Семей губ­ревкомының жанынан ашылған қазақ бө­лімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айында Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мү­шелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен ай­налысады. Жас бола тұра осыншалықты шаруаларды атқарып үлгерген М.Әуезовтің орталықтан жіберілген жоғары лауазымды пар­тия қызметкерлерінің назарында болуы заңды құбылыс еді. 1922 жылдың 17 қарашасында РК (б)П Қа­зақ обкомының жауапты хатшысы Г.Ко­рос­телев М.Әуезов турасында: «Болеет нацио­на­ль­ным недугом и национальный вопрос по­ни­мает по своему. Один из восточных ком­му­нистов, стремящихся использовать револю­цию в пользу целой нации, не разделяя на слои и классы. Самооценка повышенная, по­ли­тически не устойчив, уклоны от больше­виз­ма в сторону мелкобуржуазного направаления были: (ҚРПА, 139 қ, 3 т, 28 іс, 2-п)» – деп жа­зады. 1919 жылдан 1923 жылға дейін М.Әуезов Ком­мунистік Партияның қатарында болады. Осы жылдары кейін атақты Ішкі істер халық ко­миссары (НКВД) міндетін атқаратын Н.Ежов­пен қызметтес болады. Н.Ежов ол жыл­дары Семей губревкомының жауапты хат­шы­сы міндетін атқаратын. 1923 жылы «партия­лық тәртіпті бұзғандығы және ұлтшылдығы үшін» («Личный листок по учету кадров» НКЦ «Дом Ауэзова») Коммунистік Партия қата­ры­нан шығарылған М.Әуезов кейін партияға қай­та кіруді қажет деп таппапты. 1923-1928 жылдар аралығында Ленинград мем­лекеттік университетінде, одан кейінгі ке­­зеңде Орта Азия мемлекеттік униве­р­си­те­ті­нің аспирантурасында оқуда болып, елден жы­­рақ жүрсе де, М.Әуезовтің есімі барша қа­зақ баласына танымал болды. 1927 жылдың шіл­де айында Жетісу өңіріне Кенесары мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы де­ректер жинастыруға келген М.Әуезовтің жұ­мыс сапарына қатысты «Тілші» газеті «Ал­ма­тыға Мұхтар Әуезұлы келді» деген мақала жа­риялайды. «Жақын арада Ленинградта оқып жатқан қазақтың атақты жазушысы Мұхтар Әуезұлы Алматы қаласына келді» деп бас­талады мақала. Әлі 30 жасқа да тола қойма­ған қаламгерді сол кезеңдегі жалғыз басы­лым­ның «атақты жазушы» деп жариялауы – оның жұртшылыққа кеңінен танымал болғанын көрсетеді. Ел ішінде айрықша беделге ие әрі білімі толық М.Әуезов осылайша жас кезінен-ақ бақылауға алынып, оның шығармашылығы ар­найы органдардың тексеруіне ілікті. Нәти­жесінде, 1927 жылдың 14 мамыры күні БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің секретариаты Қа­зақ мемлекеттік баспасының жарты жыл­дық жоспарын қарап, 25 оқулықтың үшеуін – А.Байтұрсынұлының «Тіл құралын», М.Әуе­зовтің «Әдебиет тарихын», А.Байтұр­сы­нұлы мен Т.Шонановтың «Хрестоматиясын» шы­ғару­ға тыйым салған еді. Міне, осындай жағ­дайлардың барлығы жинала келіп, жаңа үкі­мет басшыларының оған деген күдігін кү­шей­те түсті. Ташкентте тұтқындалып, Алматыға жет­­кізілген М.Әуезовтен 8 қазаннан кейін екінші мәрте 15 қазанда жауап алынады. Бірік­кен саяси бас басқарма – ОГПУ-дің ерек­ше бөлімі бірінші бөлімшесінің бастығы По­повтың ұсынысымен, ерекше бөлім басты­ғы­ның көмекшісі Волоховтың келісімімен, ерек­ше бөлімінің бастығы Белоноговтың бекітуімен 1930 жылдың 15 қазанында: «Қылмыстық істер кодексінің 58-11 және 59-3-баптарымен айыпталған М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтардың №2 370 тергеу ісін қарай отырып: Осы тергеу ісі бойынша жауапқа тар­тыл­ған 33 жастағы, Семей округінің Шың­ғыс болысында туған, Ташкент қаласы­ның тұрғыны, ұлты қазақ, орта шаруа баласы, пар­тияда жоқ, жоғары білімді, ұстаз-жур­на­лист, үйленген, 2 баласы бар, бұрын тергеуге алын­баған, сотталмаған азамат Әуезовтің қа­зақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қа­тысып, Қазақстандағы кеңестік науқандар мен шаралардың мазмұнын бұрмалау мақ­сатын көздегені, өкімет мекемелері мен ВК(б)П-ның, жерге қоныстандыру мекемелерін, мә­дени-ағарту және оқу орындарын, бас­па­сөзді өздерінің ықпалына қаратып, жаулап алу­ға ұмтылғаны; Орта Азиядағы басма­шы­лар­дың қозғалысына жетекшілік жасап, сон­дай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдас­тыру­ға әрекеттенгені, Кеңес өкіметін құлатуды ал­дына мақсат етіп қойғаны толық әшке­ре­ленеді. Сондықтан да УПИ-дің 128-тармағына сәй­­кес азамат Әуезов Мұхтарды №2 370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартып, оған ҚІК-нің 58-7 және 58-11 баптары бойынша айып та­ғы­лып, бұл туралы ОГПУ мекемелеріндегі тер­геу жұмыстарын бақылайтын прокурорды хабардар етуге қаулы қабылдады». (Жұртбай Т. «Талқы». – Алматы: «Қазақстан». 1997. 91-бет). Енді М.Әуезовтің хаттамада көрсетілген айыптауларға қатысы мен одан жауап алу­шы тергеушілердің біліктілігіне назар ау­даралық. Алдымен ОГПУ қызметкерлері туралы айт­сақ, олардың барлығы дерлік орталықтан ар­найы жіберілген, жергілікті халықтың ұлт­тық менталитетінен бейхабар, шала сауатты, төң­керісшіл рухтағы фанатиктер еді. Мұны «Алашорда ісіне» қатысты тарихи құжат­тар­дағы қисынға келмейтін қорытындылар мен айыптаулардан анық көруге болады. Олар үшін жергілікті қайраткерлердің ұлт мүд­десіне сәйкес тығырықтан шығар жол іздеп жа­саған әрбір қадамы контрреволюциялық пи­ғыл болып көрініп отырған. Сондай-ақ жер­гілікті кадрлардың қатарында Мәскеу, Ле­нинград, Томск, Саратов қалаларының жо­ғары оқу орындарын тәмамдаған, жан-жақты сауатты да іскер, шын мәніндегі мемлекет қай­­раткерлері бар еді. «Алаш ісіне» қатысы бар жүздеген азаматтың көпшілігі саяси күресте шыныққан, ұлт мүддесі жолына саналы түрде басын тіккен жандар еді. Ал М.Әуезовке «Орта Азиядағы бандылардың қозғалысына жетек­шілік жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенді» деген секілді қи­сынсыз айыптардың тағылуы, тергеуші­лер­дің қандай жолмен болса да одан аса қауіпті қыл­мыскер жасауға тырысқанын көруге бо­лады. Дей тұрғанмен, тергеушілер таққан бұл орын­сыз айыптаулар дәлелін таппай, 1930 жылдың 20 қарашасы күні ОГПУ кол­ле­гиясы №2370 іске қатысты «Қазақ ұлтшыл­дары­ның контрреволюциялық астыртын ұйы­мы» мүшелерін Қылмыстық істер кодек­сінің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша қыл­мыс­тарын дәлелдей түсу үшін оларды 1931 жыл­дың 1 қаңтарына дейін қамау мерзімін ұзарту жөнінде қосымша шешім шығарады. Бұл бойынша нақтылы 30 адамның есімі ата­лады да, тізім бойынша М.Әуезов 26-ыншы бо­лып тіркелген. Осылайша, ел ішіндегі жаппай ашар­шы­лық жағдайында М.Әуезовтің түр­ме­дегі белгісіздік ахуалы созыла түседі. Қамау­да­ғы түгілі бостандықта жүрген жандар аш­тық­тан қырылып жатқанда абақты өмірінің қан­шалықты ауыр сынақ екенін айтып жа­тудың өзі артық еді. Тағылған айыптардың ба­сы ашылмағандықтан әрі ұзақ уақыт тер­геусіз жатып қалғандықтан, М.Әуезов 1931 жыл­дың мамырында өз қолымен алғашқы ары­зын жазады. Бұл арызды жазудағы мақ­саты – өзінің бұдан кейінгі дүдәмал тағдырын не де болса бір жағына қарай шығару, тиісті үкім­ді жеделдету болатын. Осы өтініш-арызынан кейін одан 1931 жылдың 20 қыркүйегінде жауап ала­ды. 20-28 қыркүйек аралығында бірнеше күн­ге созылған бұл тергеуді де Попов деген жүр­гізіп, ол Әділов дегеннің берген жауабына сүйене отырып, жаңа айыптауларды бастайды. Со­ның нәтижесінде М.Әуезовке тергеуші тара­пынан белгілі саясат пен өнер қайраткерлері М.Жұмабаев, Х.Ғаббасов, С.Сәдуақасов, Т.Рыс­құлов­тармен қарым-қатынасы хақында қи- т­ұрқы сұрақтар беріледі. Бұл тұста тергеушілер ұлтшыл қайраткерлерді бірінің аузымен екіншісіне жала жаптырып, сол бойынша жауап­қа тартуды көздегені байқалады. Бір таң­ғаларлығы, осындай жеме-жемде берген жауаптарының ішінде, қылмыстық іс хат­тармалары мен өзге де арыздарының арасында бүгін­гі күн тұрғысынан М.Әуезов есіміне кө­леңке түсірерлік, оны айыптап-жазғыруға не­гіз боларлық артық ауыс бірде-бір сөз неме­се әлдекімді сырттай қаралайтын пікірдің ұштығы жоқ. Қайта ысқаяқ тергеушілерді өз же­тегіне ертіп, «Бұрынғы алашордашылар ма­ған және М.Жұмабаевқа жеккөрінішпен қарады» немесе «Ғаббасов маған 125 сом ақша салды, бұл менің оған қайтаруға тиіс жеке басымның қарызы. Студент болғандықтан, мен­де ақша болмады да, 1928 жылы мен қыз­мет істеген кезде ол тұтқындалып, қарызымды қай­тара алмадым» деп оларды да, өзін де айып­тауға еш негіз қалдырмайды. С.Сәдуа­қа­сов пен Т.Рысқұловтар жайлы жауаптарында да жалқыдан жалпыға, нақтыдан бұлыңғырға қарай сусып, тергеуші сұрақтарын құрдымға кетіріп отырады. Осындай риторикалық маневрлар нәтижесінде тергеу орындарының айыптаулары тағы да аяқсыз қалып, олар жаңа деректер іздеуге мәжбүр болады. Арандату әрекеттері мен негізсіз айып­таулары тығырыққа тірелген тергеушілер енді М.Әуезовке «1919 жылы партия қатарына Кеңес органдарында контрреволюциялық әре­­кеттер ұйымдастыру үшін ұлтшылдар Ә.Бө­кейханов пен А.Байтұрсынұлының тап­сыр­­м­а­сы бойынша өтті» деген жаңа айып та­ға­ды, яғни олардың пайымдауынша, Ком­му­нистік партия қатарына М.Әуезов «жансыз-шпион» ретінде енген. Мұндайда тергеу­ші­лердің үнсіз қалуды қылмысын мойындағаны деп қабыл­дайтынынан сезіктенген М.Әуезов, 29 қазан күні ОГПУ коллегиясы атына атал­мыш айып­тау бойынша тағы да арыз жазады. Жай қағаз­дың бес бетіне орысша: «В коллегию О.Г.П.У.» деп басталатын арыз­дың астына «От заключенного по делу ка­закских националистов Ауэзова Мухтара. Заявление» деп жазылған. Арызда М.Әуезов: «Жо­ғарыда аталған айыптау ешқандай шын­дыққа жанаспайды, себебі менің қоғамдық сах­надағы қызметім партия қатарына өткен­нен кейін басталды. Бұрын-соңды Алаш Ор­дамен байланысым болған емес, ол ұйымға қыз­мет еткенім жоқ. Керісінше, 1919 жылдың қа­занынан Колчакқа қарсы астыртын ұйымға қа­тыстым», – деп бұлдырата келіп, өзінің әде­би «Алқа» ұйымына тікелей қатысқанын, онда М.Жұмабаевтың ешқандай астыртын жұмыс жүр­гізбегенін ескертеді. «Алқа» – М.Жұма­баев­тың бастамасымен Ташкент қаласында құрыл­ған саясаттан тыс таза әдеби ұйым болатын. Атал­мыш ұйымның «Табалдырық» атты плат­фор­масында көркем әдебиеттің алдында тұр­ған ең өзекті мәселелер уақыт талабына сай орынды қозғалған еді. Осылайша, М.Әуе­зов­ті айыптау ісі тағы да тығырыққа тіреледі. Өздерінің айыптау ісінде жүйеліліктен айырылған тергеу орындары 1931 жыл­дың 6 желтоқсаны күні М.Әуезовке 58-бап­тың 7 және 11-тармақтары бойынша жаңа айып тағуға мәжбүр болады. Мұның 7-тар­мағы «экономикалық контрре­вол­ю­ция­лық әрекеттерге байланысы» бар деген бап болса, 11-тармағы «ұлтшылдық ұйымға қаты­сы бар» деген айыптау болатын. Бір қызығы, тергеушілерге берген жауаптарында М.Әуезов олардың саяси сауатсыздығын, идеологиялық тұрғыдан дүмшелігін, қазақ тілі мен жергілікті ахуалды жете білмейтінін шебер пайдаланады. Сондай-ақ, ойды бұрмалауы мүмкін тілмаш­тардың көмегіне жүгінбес үшін арызының барлығын да орыс тілінде жазып отырады. Жылдан аса арбасу мен түрлі бопсалау әре­кеттерінен соң едел-жедел 6 жел­тоқсандағы соңғы айыптау актісі тағайын­дал­ғаннан кейін М.Әуезов өзіне қатысты қыл­­­мыстық істің аяқталуға жақындағанын ша­малайды. Не де болса осы бір өліара шақта әрекет жасап қалуды ойлайды. Бір-бірімен тығыз байланысты тергеу және сот орын­дарына ықпал ету мақсатында ол енді арызды тікелей БК(б)П Қазақстан Өлкелік хатшысы Ф.Голощекиннің атына жазады. Арызда тергеушілердің тағып отырған 58-баптың 7-тармағына қатысты «Өмірімде шаруашылық мекемесінде бір күн де жұмыс істемегендіктен, маған таңылып отырған экономикалық контрреволюцияға қатысты айыптауды не­гізсіз деп білемін» деп ашып айтады. Шын­ды­ғында, ешқашан шаруашылық не қаржылық ұйымда жұмыс істемеген жанды «экономи­ка­лық қылмыс жасады» деп айыптаудың еш қи­сыны жоқ болатын. Сонымен қатар Х.Дос­мұхамедов пен М.Тынышбаевтардың ұлт­шылдық ұйымына қатысы бар деген 11-тар­мақ­қа байланысты да қисынды түсінік береді. Өзіне тағылып отырған айыптардың нақтылы бір фактілерге сүйеніп емес, әлде­кімдердің «дейді-дейдісіне» негізделгенін жақ­сы білетін ол, өзін ұлтшыл ретінде дәлел­деуге болатын өмір­лік деректері мен шығар­маларынан тер­геушілер назарын басқа жаққа аударып отырады. 1927 жылғы А.Байтұрсынұлының екі кіта­бы­мен бірге тәркіленген «Әдебиет тарихы», 1928 жылы жазылған «Хан Кене» пьесалары жай­лы тіс жармайды. Ұлтшылдық бояуы қанық «Қилы заман» хақында «тарихи повесть болғандықтан, бүгінгі күнге еш қатысы жоқ» деп жалтарады. Ал шын мәнінде аталмыш шығармаларда патша отаршылдығына қарсы, дербес ел болуға қатысты ойлардың жеткілікті екенін бүгінгі оқырман жақсы біледі. Ал Х.Досмұхамедов пен М.Тынышбаевтар жайлы «Мен ол екеуі жайлы өз бағамды 1924 және 1926 жылдары жазған «Сұғанақ сұр» повесім мен Абай өлеңдерінің кіріспесінде жазған болатынмын» деп тағы да бұлдырата түседі. Күні бүгінге дейін қолымызға тимей жүрген «Сұғанақ сұрда» не жазылғанын кім білсін, ал Абай өлеңдерінің кіріспесінде ол екеуі жайлы ештеңе де жоқ. Тіпті, олар жөнінде әңгіменің болуы да мүмкін емес еді. 12 желтоқсан күнгі Ф.Го­лощекин атына жазылған арызда бұл шы­ғармалардың аталуы – тергеушілер на­зарын басқа жаққа аударуға, айыптауларын жоқ­қа шығаруға бағытталған кезекті такти­калық қадамдар болатын. Осы арыздан кейін, 1932 жылдың 26-30 ақпан аралығында өткен Қазақ про­летар жазушыларының (КазАПП) жи­на­лы­сында М.Әуезовтің жазушылық қызметіне «ре­волюцияға қарсы, таптық күреске қарсы феодалдық идеологияны насихаттаушы, ұлт­шыл және байшыл» деген баға берілгеніне қарамастан 20 көкек күні Қазақстандағы Ерек­ше Мемлекеттік саяси басқарманың төтен­ше өкілеттігі жанындағы үштіктің мә­жілісі төмендегідей үкім шығарды: «№2370 іс бойынша: Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыты 1930 жылдың 8 қаза­нынан бастап есептелсін. Ермеков пен Әуезовтің үкімі шартты деп есептелсін». Репрессиялық машина тоқтаусыз жұмыс істеп, таптық, ұлтшылдық, мемлекетшілдік, тәуел­сіздік туралы ой айтқан жандарды жазалау дер­ті мейлінше асқынып тұрған тұста салыс­тырмалы түрде мұндай жеңіл үкімнің шығуы шын мәнінде зор жеңіс болатын. Осы үкімнің арқасында 1932 жылдың 20 сәуірінде бір жыл жеті ай қамауда болған М.Әуезов бостандыққа шығады. Осыншалықты сұрапыл сынақтан аман шыққан, ұшы-қиыры жоқ зорлық пен зомбылықты көзімен көріп, басынан кешірген М.Әуезовтің алдындағы ендігі міндет – жаңа қоғам мен билік алдында өзін-өзі ақтап алу, өмір­ді жалғастыру еді. Себебі ол тұста түр­меден аман шығу оның қауіпсіздігіне ешқан­дай да кепілдік бере алмайтын. Бұл бағыттағы оның алғашқы қадамы – 1932 жылдың мамыр айында ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы О.Исаевтың атына жазған арыз-хаты болды. Бұрын-соңды еленбей келген бұл тарихи құжат атақты 1932 жылғы 10 маусымда «Со­циал­ды Қазақстан» мен «Казахстанская прав­да» газеттерінде жарияланған ашықхатының алғашқы нұсқасы десе де болады. Тек жазылу мақсаты мен мерзімі әртүрлі. Кейін талантты шәкірті Қайым Мұхаметхановқа М.Әуезовтің өзі мойындағанындай – оған бұл хаттарды жазу жөніндегі ақыл-кеңесті А.Байтұрсынұлы береді. Бұл хаттың қаншалықты дәл әрі мез­гілінде жазылғанын айтып жатудың өзі артық. Сонымен, 1930 жылдың 17 қыркүйегінен 1932 жылдың 20 сәуіріне дейінгі ара­лық­та түрмеде болып, халқымыздың бағына орай ажал аузынан аман қалған М.Әуезовтің қилы кезеңдегі өнегелі өмірі нендей сыр шер­теді?! Ең алдымен кейбір жандардың әрдайым көкейінде тұратын «30-жылдардың қырғы­нынан М.Әуезов қалай аман қалды!?» деген сауалға «Ол өзінің биік парасат-пайымымен, терең білімімен, замана демін дәл таныған көре­ген түйсігімен өлім тұзағынан аман қал­ды!» деп жауап берер едік. Екіншіден, осындай жеме-жемде өз жаны мен қарақан басының қамы үшін ешкімді де құрбандыққа шал­мағанын, мүдделес серіктері мен заман­дастарының бірде-біреуіне қатысты айыптау куәлігін бермегенін айтар едік. Өзінің бақилыққа аттанарынан са­наулы күндер бұрын ғана ауруханадан Е.Ысмайыловқа жазған хатында: «Бұрын жасы үл­кеннің жақсы белгісі есебінде «Бір көйлекті бұрын тоздырған ғой» – дейтін еді. Көйлекті бұрын тоздыра жүріп өзін де қоса тоздыра жүре­тіні есепке алынбайтын. Мен тегі өмірдің оры-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы-шат­қалы дегенді көбірек көргемін. Кейбіреулердің өмірі біркелкі, тура, түзу, жатық, жазық жо­лын­дай өткен болса, менікі тіпті саушылық жа­ғы­ның өзінен алғанда да жауратқандай тәрізді. Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеуде­мен, әсіресе өмірді таза, мол сүюмен өтіп ке­ле­мін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүй­генім көп, түңілгенімнен де сенгенім көп, жи­ренгеннен гөрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол» деп мәлімдеуінің астарында сол бір қысталаң шақтарды ой елегінен өткізе оты­рып, азапты жылдардың ақиқатын айтқаны екен ғой данышпанның деген ойға бекінгендей боласың...

Мамай Ахет, әуезовтанушы