Бейсенбі, 8 Желтоқсан, 2022

Жамбылдық диқандар биыл судан тапшылық көрмеді

Жамбылдық шаруалар биылғы вегитациялық кезеңде ағын судан тапшылық көре қоймаған. Керісінше, егін алқаптарын бірнеше мәрте суарып үлгерген олар ағын судың кедергісіз берілуі өнімнің мол түсуіне негіз болған деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы диқандар «Қазсушар» кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалы мен өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесіп ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтты.

БАҚ өкілдері Байзақ ауданындағы «Аспан Агро» және Жамбыл ауданындағы «Қызыл Дихан» өндірістік кооперативтерінде болған.

Аудандағы «Аспан Агро» кооперативінің төрағасы Саха Манатов биыл 200 гектарға қызылша, 250 гектарға жүгері, 25 гектарға көкөніс еккен екен.

Кооперативтің меншігінде 500 гектар суармалы жер бар. Әрине, 500 гектарды ағын сумен қамту оңай емес. Дегенмен, биыл бұл жағынан ешқандай мәселе туындаған жоқ. Мәселен, өткен жылы қызылша алқабын 2 рет қана суарсақ, биыл 5 рет суардық. Осыдан-ақ биыл судың мол болғанын түсінуге болады. Су жеткілікті болса, өнімділіктің жоғары болатыны түсінікті, – дейді Саха Манатов.

Жамбыл ауданындағы «Қызыл Дихан» өндірістік кооперативінің төрағасы Нұриддин Бегманов та жергілікті суарушыларға риза.

Ауданда инженерлік-ирригациялық дренажды жүйелерді жетілдіру жобасының 2 фазасы жүзеге асқалы суармалы егіс алқабын 2 мың гектарға дейін ұлғайттық. Биыл қант қызылшасы мен жүгері ектік. Өткен жылмен салыстырғанда ағын судан тапшылық көрмедік, –  дейді Н. Бегманов.

«Халықаралық қайта құру және даму» банкінің қаржыландыруымен қолға алынған жоба аясында, 212,2 шақырым болатын 51 нысан күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Бұл 15,1 мың гектар алқапқа ағын су жеткізудің техникалық мүмкіндігі артатынын көрсетеді. Ал құрылысы келесі жылы басталатын «Ақмола» су қоймасы өңірдегі Байзақ, Талас аудандарындағы 6,5 мың гектар алқапты ағын сумен қамтамасыз етпек.

Сыйымдылығы 11,1 миллион текше метрді құрайтын нысан Талас және Байзақ аудандарындағы шаруаларды секундына 7 текше метр ағын сумен қамтамасыз ете алады.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button