Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы»: шабандоздар межелі мың шақырымды бағындырды

ашық дереккөзі

«Ұлы дала жорығы»: шабандоздар межелі мың шақырымды бағындырды

27 қыркүйекте «Ұлы Дала Жорығы» республикалық бәйге марафонының оныншы кезеңінде шабандоздар Түркістан облысындағы қарт Қаратаудың баурайына аялдады. Марафон-бәйгенің тоғызыншы күнінің қорытындысы бойынша, алғашқы үздік үштіктің қатарында – Ақтөбе командасы 87 сағат 10 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Маңғыстау шабандоздары 87 сағат 22 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы 89 сағат 50 минутта үшінші болып келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан жұртшылығымен кездесуі кезінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйге турасында арнайы тоқталды. Президент мәлімдемесі республика көлемінде өтіп жатқан дүбірлі доданың мән-маңызын айшықтай түсті. «Өзімнің әкем өмір бойы жылқышы болған адам. Жылқы бағу – ата кәсіп. Әкенің құрығын сүйретіп, ары қарай жалғастыру отбасымызда маған бұйырған екен. «Ұлы дала жорығы» деп аты айтып тұрғандай, ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғады. Осы бәйгеге таза қазақы жабыларды алып келдік. Өзіміздің малға мініп жүрген аттар. Жердің шалғайлығына да, қиындық-қызығына да дайын болып келдік. Жобаны ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз. Облыс қана емес, бүкіл қазақ елінің басын қосып, атқа қондырған бәйге сән-салтанаты асқан айтулы сапарға ұласты. Расын айту керек, осы жорықтан соң атқа мінгісі келген қазақ көбейді. «Қашан келесіз, бәйгеге қатысқым келеді» деп ауылдағы балалар хабарласып жатыр. Міне, нағыз қазақ рухы ояна бастады. Біз осынау айтулы жобаны бірауыздан қолдап келеміз. Сондықтан тоқтап қалмай, бір жағынан демесіп, жарыстың әрмен қарай жалғасты болуына мұрындық болсақ деген тілегіміз бар», - деді К.Ілиясов. Ал Жетісу командасының капитаны Айдархан Шәріпов те осыған орайлас пікірді алға тартты. Оның айтуынша, бәйге келер жылы да ұйымдастырылса деген тілегі бар. «Көңіл күйіміз бір қалыпты емес. Өйткені мәреге жақындап қалдық. Уайым басым. Себебі 10 күнді артқа тастадық, 200 шақырым ғана қалды. Аттарымыздың жағдайы жақсы, десе де алаңдаймыз. Біз үшін Жетісудің абыройы маңызды. Келесі жылы бұдан да жоғары деңгейде ұйымдастырылады деп жатыр. Міндетті түрде қатысамыз. Бұл жорықта ат күтіміне қатысты сабақ алдық. Алайда оны көпке жария ете алмаймыз. Әр атбегінің айла-тәсілі өз ішінде ғой. Жеңіске жеткіміз келеді. Бәрі бір Алланың қолында», - деді Айдархан Шәріпов. Шабандоздар аялдаған Созақ ауданы Түркістан облысының солтүстік бөлігінде орналасқан және облыстағы ең үлкен аймақ болып саналады. Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл облыстарымен шектеседі. Ал қарт Қаратаудың әсем табиғаты марафон қатысушыларын әсем табиғатымен таңқалдырды. Қаратау ауылының тұрғыны Сансызбай Тәжібеков қабырғалы Қаратаудың шежіреге бай тарихы туралы әңгімелеп берді.