«Айлық өспесе, жұмысқа бармаймыз»: Атыраудағы мұнай компаниялары қараусыз қала ма?

«Айлық өспесе, жұмысқа бармаймыз»: Атыраудағы мұнай компаниялары қараусыз қала ма?

«Айлық өспесе, жұмысқа бармаймыз»: Атыраудағы мұнай компаниялары қараусыз қала ма?
ашық дереккөзі
Атырауда алпауыт мұнай компанияларын күзететін күзетшілер бас көтерді. Жұмыстарын тоқтатқан олар еңбекақыларын 70 пайызға дейін өсіруді талап етті деп хабарлады turkystan.kz «31 арнаға» сілтеме жасап. Айтуларынша, соңғы кездері күзетшілердің жұмысы да, жүрісі де көбейген. Бірақ төлейтін ақша мардымсыз дейді. Жиналғандар мекеме басшылығы төрт ай бұрын жалақыны 50 пайызға көтереміз деген уәдесін де орындамады деп отыр. «KMG Security» компаниясының отызға жуық күзетшісі кеңсе алдына жиналып, жалақымызды 70 пайызға көтерсін деп талап қойды. Айтуларынша, қымбатшылық қыспаққа алған заманда 80 мың теңгеге күн көру мүмкін емес. Тіпті, қазір жалдамалы пәтердің өзі аспандап кетті деген олар, отбасымызбен далада қаламыз ба деп алаңдап отыр.
«Жігіттердің арасында үй жалдап жатқандар бар. Бәріміз қиналып жатырмыз, жалақыны көтермейді. Тіпті, бізге «ұнамай ма, басқа жұмысқа барыңдар» деп айтады. Нарықтағы қымбатшылыққа байланысты жалақымызды өсірсін», - деді күзетші Эльдар Есжанов. «Біз тек қана өзіміздің адал еңбекақымызды талап етіп тұрмыз. Басшылық тарапқа ұсынысымызды, талабымызды айтқымыз келеді. Біз бұған дейін де талай рет көтердік, айттық, бірақ еш нәтиже жоқ. Төрт айдан асты арызымызды қабылдамағандарына. Сонда қашан көтереді жалақыны?» - деді күзетші Рауан Ибатолла.
Ал төрт айдан бері күзетшілердің айлықтарын өсіреміз деп уәдені үйіп-төккен компания басшысы бәрін шешіп беремін деп жұмысшыларға тағы да үміт сыйлады.
«Бұйрыққа қол қойылды, бәрін түсіндіріп айттым. Жұмысшылардікі 50 пайызға өсіріледі, бұған дейін 10 пайызға көтердік. Бұған дейін әлеуметтік пакет алмаған, енді бәрі алады. Бұйрық келеді, бәрін таныстырамын», - деді Атырау «KMG security» филиалы директорының міндетін атқарушы Серік Мұқажанов.
Ашуға булыққан күзетшілер басшылықтың бұл сөзіне сеніңкірей қоймады. Айлық өспей, жұмысқа шықпаймыз деп тарқасты.