Марафоншы Кипчоге жаңа әлемдік рекорд орнатты
27 қыркүйек, 2022 /
Өтей Торғайұлы
Марафоншы Кипчоге жаңа әлемдік рекорд орнатты
Элиуд Кипчоге - заманымыздың ең үздік марафоншысы. Әлемдегі ең үздік нәтиже де осыған тиесілі.
Бірақ күні кеше мұрты бұзылмай келген рекордтық көрсеткіш өзгерді. Оны өзгерткен – Кипчоге. Нақтырақ айтқанда, ол өз рекордын өзі жаңартты.
Кениялық жүгіруші Элиуд Кипчоге марафондық қашықтықта (42 шақырым 195 метр) жаңа әлемдік рекорд орнатты. Жексенбі, 25 қыркүйекте Берлинде өткен жарыста ол оны 2 сағат 1 минут 9 секундта бағындырған.
Берлин марафонында кениялық желаяқ бұған дейінгі көрсеткішінен 30 секундқа ерте келген. Енді қазір әлемдік рекорд 2:01:09 уақытқа тең. Спорт мамандарының айтуынша, бұл - таңданарлық жайт. Олардың арасында мұны физика заңдарынан тыс құбылыс деп бағалап жатқандар бар.