Еліміздегі ақпарат құралдарына кибер шабуыл жасалып жатыр

Еліміздегі ақпарат құралдарына кибер шабуыл жасалып жатыр

Еліміздегі ақпарат құралдарына кибер шабуыл жасалып жатыр
ашық дереккөзі
Бұл жайында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанға ағылған шетелдіктер туралы жазбасында айтты деп хабарлады turkystan.kz.
«Дүние дүрбелеңге түскен күрмеуі қиын күрделі кезеңде біздің шекарамыздан ағылған халықтың легі кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмағаны анық. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев киелі Түркістан шаһарында бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, осындай алмағайып тұста бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет екенін атап өтті. Расында, біз ең алдымен қалыпты халықтық қалпымыздан айнымай, адамгершілік, сабырлық, ұстамдылық танытуымыз керек. Қандай жағдай болмасын, елдің тыныштығы, халықтың амандағы маңызды» деп жазды Дархан Қыдырәлі фейсбуктегі парақшасында.
Сондай-ақ ол елімізге келген азаматтардың жартысынан көбі қайта кетіп жатқанын да айта кетті.
«Әсіресе, қалам мен сөзге серт берген әріптестеріміз – журналистер қауымы ақпарат таратуда кәсібилік көрсетіп, жалған мәліметтің жетегінде кетпейді деп сенемін. Себебі, мұндай толқымалы кезеңде әр ақпараттың мәні, маңызы өте зор. Оның үстіне қазір еліміздегі бірқатар ақпарат құралдарына кибер шабуылдар жасалып жатқанынан хабардар болып отырмыз. Осы орайда, жұртшылықты тек ресми деректерге сенуге шақырамын. Біз салалық министрлік ретінде тиісті ақпарат беруге даярмыз. Президент айтқандай, ел мүддесі мен еңселі егемендігімізден жоғары ештеңе жоқ. Береке мен бірлік – қазақ үшін домбыраның қос ішегіндей қастер тұтар егіз ұғым. Сондықтан бірлігімізді бекемдеп, берекемізді бағалай білейік!» - деп жазылған министрдің жазбасында.