Жаңалықтар

Уақытша тіркеуге тұруға қарсы петиция жарияланған сайт бұғатталды

ашық дереккөзі

Уақытша тіркеуге тұруға қарсы петиция жарияланған сайт бұғатталды

Азаматтардың уақытша тіркеуге тұруын міндеттейтін заң талабына қарсылық білдіріп, петиция жариялаған белсенділердің Avaaz.org сайты бұғатталды деп хабарлайды NUR.KZ.

Қазіргі уақытта петиция жарияланған сайт прокси-серверсіз ашылмайды.

Аталмыш арыз 2017 жылдың бесінші қаңтарында Парламент депутаттарына бағытталып жазылған болатын. Бүгінге дейін петицияға 6,7 мың адам дауыс берген. Ал, жоспарда 7,5 мың дауыс жинау болған.

Петиция авторлары уақытша тіркеу туралы заң азаматтардың еркін жүріп-тұруына кері әсерін тигізеді деген мәселені басты назарда ұстаған. Сондай-ақ, петицияда Еуропа мемлекеттерінің ешқайсысы азаматтарына мұндай шектеу қоймағандығын айтады.

«2017 жылдан бастап 48 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Тіпті кейбір елдің азаматтарына Қазақстанда 3 айға дейін қалуға рұқсат етілген. Бұл жағдайда қазақстандық азаматтардан 1 айдың ішінде уақытша тіркеуге тұруды талап ету – абсурд. Заңның енгізген бұл тармағы қылмыскерлер мен террористерді ұстауға ешқандай ықпалын тигізбейді. Террорист тіркеуге тұрмайды және айыппұл да төлемейді», - дейді петиция авторлары. Белсенділер бұл заң халықтың наразылығын тудыратынын алға тартқан.