Жаңалықтар

Биыл Астанада 2 493 құдық ашық қалған

ашық дереккөзі

Биыл Астанада 2 493 құдық ашық қалған

2022 жылдың басынан бері «iKOMEK109» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына ашық құдықтар мен люктерге қатысты 2 493 өтініш келіп түскен деп хабарлады turkystan.kz. Бұл - өткен аптадағы ресми статистика. Бұдан бөлек, елеусіз немесе кеше-бүгін ашық қалған кәріз жүйелері мен кабельдік құдықтардың санын тап басып айту қиын. Олай дейтін себебіміз, осы деректерді әзірлеп жүріп қала көшелерінде ашық жатқан құдықтарды өз көзімізбен көрдік. Мәселен, жоғарыда ұсынылған фотолар өткен апталарда елорданың сол жақ бөлігінде түсірілген. «Көбіне осындай құдықтардың қақпағы темір немесе өзге де ерекше материалдардан жасалады. Сондықтан болар, оны көше кезген қаңғыбастар да, ақшаның көзіне айналдырып алған ұрылар да жиі алып кетіп жатады. Одан бөлек, сынып жатқандарын да көргенмін», - дейді қала тұрғыны Қорғанбек Есенгелдіұлы. Өкінішке қарай, қала тұрғыны айтып отырған күмән орынды. Мысалы, интернеттегі түрлі маркетплейстерде пластикалық люктер орташа бағада 6-7 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал шойыннан құйылған люктер кемінде 16-17 мыңнан сатылады. Бұл - біз ұсынған ең арзан бағадағы люктер. Жасалған материалы мен өзгешеліктеріне байланысты баға қымбаттай береді. Керек десеңіз, бір люк үшін 110 мың теңгеге дейін ақша жұмсауға болады екен. Міне, осы секілді көшеде тегін жатқан «құнды тауарға» құныққандар амалын тауып, сап-сау дүниені жоқ қылады. Ал оның жүргіншілерге қауіп-қатері қаншалықты екенін біз айтпасақ та білесіз... Жақында ғана, 5 қыркүйек күні Жетісу облысының орталығында  орта жастан асқан ер адам абайсызда кәріз құдығына құлап кетті. 2 метрге жуық шұңқырға құлаған азаматты құтқарушылар шығарып алған. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше, кәріз құдығының аузы фанерамен жабылған. Алайда ер адамның салмағының өте ауыр болғандығынан фанера жарылып кеткен. Астананың өзінде де осындай оқиғалар жиілеген. Мысалы, 2 тамызда Министрліктер үйінің жанындағы аялдама маңында екі жасар бала кәріз құдығына құлап кетті. Куәгерлердің айтуларынша, әйел арбамен келе жатқан, жанында 2 жасар баласы еріп жүрген. Кенет ол жол бойындағы люктен өтіп бара жатқан сәтте қақпағы ашылып, бала шұңқырға құлаған. Балақанның көрер жарығы бар екен. Маңайдан көпшілік жиі өтетін болғандықтан жүргіншілер тез көмекке келе қалған. Ер адамдардың бірі құдыққа түсіп, баланы шығарып алған. Содан кейін ғана қалалық Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы ұңғыманың негізін бетондау және қақпағын ауыстыру жұмыстарын жүргізген. «Жол бойы толған құдық қақпақтары ғой... Үстінен басып өтсең, тарс-тұрс етіп, зәре-құтыңды қашырады. Қашайын десең, қасыңда келе жатқан машинаға соғылуың мүмкін. Соның кесірінен тегіс жолдар ойқы-жиқы болып жатыр. Соларды теп-тегіс етіп, жымын білдірмей істесе болмай ма?» - дейді Думан. Осы орайда, қала әкімдігінің тұрғындар мәселесін шешуге арналған орталығындағылар кез келген қауіп пен қолайсыздықтар жайлы шағымдануға болатынын айтады. «Әрбір өтініш ақпараттық жүйеде тіркеледі. Ашық құдықтар мен люктер тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретіндіктен, бұл өтініштердің маңыздылық деңгейі «аса жоғары» деп белгіленеді. Жедел түрде елорданың аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, құдықтың баланс ұстаушысы мен жауапты орындаушысы анықталады. Жауапты орындаушы тарапынан коммуналдық қызметтердің жұмыс бригадасы оқиға орнына аттандырылып, олар 3 сағат ішінде люкті, құдықты қалпына келтіруі немесе құдықты уақытша жабу үшін қоршау орнатуы тиіс», - дейді орталықтың баспасөз қызметіндегілер. Олар қорғаныс қоршауын орнатқаннан кейін 3 тәулік ішінде жауапты ұйым люкті, құдықты мұқият бекітіп, инцидентті жоюы керек. Жұмыс нәтижелері бойынша iKOMEK109 қызметкерлеріне өтініштің пысықталғанын растайтын фото-бейнематериалдар ұсынылады. Мысалы, төмендегі фотолар соның айғағы.