Ипподромсыз конкур қалай дамымақ?

Ипподромсыз конкур қалай дамымақ?

Ипподромсыз конкур қалай дамымақ?
ашық дереккөзі
Елімізде олимпиадалық ат спортына әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Сол себепті аталған спорт түрі тасада қалып қойды. Өйткені ат спортында күні бүгінге дейін түйіні тарқатылмай келе жатқан түйткілді мәселелер жетіп-артылады. Осы тақырыпты зерттеу барысында біз атбегілермен тілдесіп, біраз жайға қанықтық. Жылқының сырын жақсы білетін мамандар олимпиадалық ат спортына бірінші кезекте мемлекет тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғанына қынжылыс білдірді. – Еуропалық ат спортының дәрежесіне жету үшін бізге әлі көп жылдар керек. Азия ойындарында жүлдегер болып жүрген спортшыларымыз жоқ емес, бар. Алайда тәуелсіздік алғалы бері конкур спортынан қазақ спортшылары Олимпиада ойындарында бірде-бір рет жүлде алмаған. Жалпы, бізде ат спорты жақсы дамыған деп айта алмаймын. Конкур - өте қымбат, қаражаттың мол болуын қажет ететін спорттың түрі. Сондықтан оны дамыту үшін қаржыны аямау керек, – дейді атбегі Әсет Ахметов. Аты-жөнін жарияламауды сұраған тағы бір атбегі Қазақстанда ат спортының федерациясы бар, бірақ олардан ешқандай қолдау жоқтығын айтады. – Республика бойынша бірде-бір әлемдік стандарттарға сай ипподромымыз жоқ. Елордадағы Александр Машкевичке тиесілі ипподромның ашылғанына 16 жыл болса да, жөнді жұмыс істеп тұрғанын көрген жоқпыз. Қазақстандағы ат зауыттарын алайық. Олардың көпшілігі – жеке тұлғалардың меншігінде. Осыдан кейін елімізде конкурдың болашағы бар деп қалай айтуға болады? Футболға, хоккейге, баскетболға қыруар қаржы бөлінеді. Ал ат спортына аталған спорт түрлеріне бөлінген соманың аз бөлігі де бөлінбейді. Мен жақында Әзербайжанға бардым. Ондағы жылқы зауытын араладым. Жергілікті Карабах тұқымды жылқыларын көрдім. Мемлекет оларға қолдау көрсетіп, қыруар қаржы бөлуде. Өзбекстанда да ат спортының дамуы бізден көшілгері. Олар Германиядан мыңдаған спорттық жылқы сатып алып, соның санын арттыруды әлдеқашан бастап кетті. Шешенстанда да әлемдік стандартқа сай екінші ипподром ашылды. Қырғыз ағайындардың өзінде конкур жақсы жолға қойылған. Тек Қазақстанда ғана Олимпиадалық ат спорт түрлері бойынша ешқандай даму байқалмайды, – дейді атбегі.

Бекзат өнердің бабы бөлек

Жалпы, әлем бойынша ат спортының отызға жуық түрі бар. Бірақ халықаралық Олимпиада ойындарының тізіміне енгені біреу-ақ. Ол – жер жаһандағы ең қауіпті спорттың ондығына кіретін конкур. Бірақ айсыз қараңғыда тұяқ ілмейтін жылқы қасиетін дәл осы спортта сезінесің. Конкурды классикалық спорт түрлерінің ішіндегі бекзат өнер деуге болады. Шабандоздың ептілігі мен жылқының тектілігі сынға түсетін сайыс ұзақ жылдар бойғы үздіксіз жаттығуды талап етеді. Өзге спорт түрінен бір ерекшелігі мұнда ерлер мен әйелдер қатар бәсекеге түсе алады. Салт аттылар додасы әртүрлі топқа бөлінгенімен мақсаты бір, бөренеден қарғығанда оны іліп кетпеу керек. Халықаралық ат спорты федерациясы бекіткен ережеге сәйкес кәсіби конкур алаңы – 3 200, ал жабық ареналар 1 200 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Бұл шалт қимылдайтын шабандозға еркіндік, көсіле шабатын тұлпарға мүмкіндік береді. Ат тізгіндеп, кедергілер арқылы секіру ғана емес, конкурмен айналысу үшін табандылық, төзімділік және темірдей жүйке керек. Себебі арғымақты күнделікті баптап отыру оңайға соқпайды. Тіпті, сәйгүлік кедергілерден секіргенде және жерге түскен кезде тепе-теңдікті сақтай білудің өзіне тиянақты дайындық пен уақыт қажет.

Конкур бізге жат емес

Бұл спорт түрі ХІХ жылдың 50-жылдары пайда болған. Тарихи деректерде отаны Франция делінеді. Оның өз себебі де бар. Кедергілерден секіру бойынша алғашқы жарыс Париж қаласында өткен. Ал осы спорт түрі 1 900 жылы сол елде жалауы желбіреген екінші Олимпиада ойындарының бағдарламасына енді. Конкур спорты қазақ даласына кенжелеп жетсе де, бізге жат емес. Олай дейтініміз, өз заманында атағы алты құрлыққа жайылған хас тұлпар Абсент биіктігі 170 сантиметр кедергіні қиындықсыз бағындырған. Ол ХХ ғасырдың ең танымал жылқысына айналып, үш мәрте Олимпиада жүлдесін алды. ипподром Жалпы, Қазақстан шабандоздары 1993 жылға дейін КСРО-ның барлық чемпионаттарына қатысып, бұл жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған (конкур – А.Тишков, үш сайыс – А.Калашников, А.Трубицын, ат үйрету – А.Танков). 1999 жылы Сеул қаласында кедергілерден өту бойынша Азия чемпионатында Қазақстан командасы 2-орынды, ал Петр Соловьев жекелей сында 3-орынды иеленді. 2000 жылы Қытайдағы (Бейжің) Шығыс-Азиялық елдердің чемпионатында В.Гулевых жекелей сында 2-орыннан көрінді. 2005 жылы Азия чемпионатында (Тайвань) Қазақстан спортшылары командалық есепте 1-орын алды (П.Соловьев, Е.Мороцкий, О.Попеляев) және жекелей сында 1, 2-орындарды иеленді. Біздің шабандоздар Әлем кубогы кезеңдерінде де жүлдегерлер қатарында болды. Ат спортынан 1998 жылдан бастап елімізде Әлем кубогы кезеңдері тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2011 жылы алғаш рет осы спорт III Қазақстан спартакиадасының бағдарламасына енді. Қазір Қазақстанда халықаралық ат спорты федерациясы тарататын классикалық ат спортының 3 түрімен де айналысатындар бар. Бұл спорт турнирінің біріншісі – кедергілерден өту (конкур); екіншісі – ат үйрету (атпен жүрудің жоғарғы мектебі); үшіншісі – үш сайыс (конкур, ат үйрету және өрістік сынақтар немесе ашық жердегі кросс). 2020 жылы Токио Олимпиадасына ат спортынан Қазақстанның атынан Павел Ильяшенко мен Елена Потапенко қатысты. Бірақ бұлар тікелей конкурға емес, «Қазіргі бессайыс» ойынының құрамында өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Павел 29, Елена 13-орыннан көрінді. Конкур спортынан елімізде ара-тұра болса да жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Осыдан бір жыл бұрын наурыз айында Алматы облысында конкурдан Қазақстан кубогы сарапқа салынды. Үлкен үзілістен кейін алғаш рет ұйымдастырылған жарыс жабық кешенде өтті. Оған 50-ден аса үміткер қатысты. Биылғы олимпиадалық ат сайысында қатысушылардың саны өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есе артқанын айта кету керек.

Конкурдың дамуына кедергі көп

Кейінгі кезде қазақ жастарының конкурға қызығушылығы артып келеді. Өйткені адамдар енді-енді бұл олимпиадалық спорттың түрі екенін біліп жатыр. Десе де, тұрақты әрі кәсіби тұрғыда шұғылданатындар саусақпен санарлық. Ал осы саланың мамандары Қазақстанда бұл спорт түрі демеушілердің жоқтығы мен мемлекеттің қолдауы болмағандықтан дамымай отырғанын айтады. Келешекте халықаралық сайыстарда топ жаратын жеңімпаздарды дайындағысы келетінін тілге тиек еткен жаттықтырушы Гузял Даутова елімізде конкурдан сынға түсетін спортшыларды дайындайтын арнайы мектептердің жоқ екенін жасырмады. Ал Argymaq.kz порталының бас редакторы Ержан Жаубай Қазақстандағы ипподромдардың мүшкіл күйін айта келе, жылқы зауыттары да күнін әрең көріп отырғанын жеткізді. – Ұлттық спорт оның ішінде олимпиадалық ат спорты (конкур) оңтүстік өңірде ерекше қолдауға ие. Әрине, 3-4 жылдың ішінде республикалық деңгейге көтеріле қойған жоқ. Әзірге өңірлік деңгейде ғана дамып жатыр. Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры Ғани Ахметовтің тікелей қолдауымен бұл спорт жақсы деңгейге көтеріліп келеді. Бізде стандартқа сай ипподром жоқтың қасы. Сондықтан халықаралық стандартқа сай ипподром салу керек. Шымкентте ипподром салынып жатыр. Әлі біте қойған жоқ. Сол нысан халықаралық стандартқа сай болуы мүмкін. Ал жеке меншікке өткен Алматыдағы ипподром қираудың сәл-ақ алдында тұр. Сондай-ақ Қазақстандағы жылқы зауыттары да күнін әрең көріп отыр. Луговой зауыты тараудың алдында тұр. Қостанай зауыты 34 бас жылқы­мен ғана қалды. Ондай жылқымен зауыт ұстап тұрамын деудің өзі ақылға қонымсыз, – дейді ол. Жылқы баптаған атбегілер, желмен жарысқан шабандоздар өзге спорттармен қатар конкурға да мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінгенін қалайды. Ат құлағында ойнаса да, қазақ баласы әлі күнге дейін жатсынып келе жатқан олим­пиадалық спорт түрінен Олим­­пиадада жүлде алу үшін жо­ға­рыда атап өткен олқылықтардың орнын толтыруымыз қажет. Басында қаржы жетіспеушілігінің себебінен осы спортқа бейімделген сәйгүліктер табылмай, талай қиындықтар туындаса, бүгінде конкурдың дамуына ипподром мен жылқы зауыттарының жетіс­пеу­шілігі қолбайлау болып отыр. Ендігі кезекте сол жетіспеушіліктердің орнын толтырсақ, қазақ даласында үш рет Олимпиадада жүлде алған Абсенттің ізбасарларын көріп қалармыз, бәлкім?!