«Ұлы дала жорығы»: шабандоздар 800 шақырымды жүріп өтті

«Ұлы дала жорығы»: шабандоздар 800 шақырымды жүріп өтті

«Ұлы дала жорығы»: шабандоздар 800 шақырымды жүріп өтті
ашық дереккөзі
25 қыркүйекте «Ұлы Дала Жорығы» республикалық бәйге марафонының сегізінші кезеңінде шабандоздар қиын кезеңдердің бірі саналатын Бетпақтың шөлді даласында межелі 800 шақырымды бағындырды. Марафон-бәйгенің сегізінші күнінің қорытындысы бойынша, алғашқы үздік үштіктің қатарында Ақтөбе командасы 67 сағат 47 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Маңғыстау шабандоздары 68 сағат 09 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы 70 сағат 15 минутта үшінші орын болып келді.  width= Мәреге небәрі 400 шақырым жол қалғанын ескерсек, шабандоздар үшін шешуші сәт жақындап келеді. Бетпақ дала жазығында үлкен сапарға ілесе алмай, жарыс жолынан шығып қалғандар да бар. Алматы қаласы командасының шешуші сәтте жарыстан шығып қалуын «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінің төрешісі Жанбатыр Бекмұсаев былай деп түсіндірді.
«800 шақырым қашықтықта Алматы қаласы 3 атпен жарыстан шығып қалды. Себебі атының жай-күйі келіспеген. Ауысып мінуге әкелген қара аты әлсіздеу еді, жарысқа жарамай қалды. Регламентте жазылғандай, екі шабандоз қалса, команда жарыс жолынан шығады. Дегенмен екі шабандоз жеке дара мәреге жетуге тәуекел етіп отыр. Ал аттардың жарыстан шығып қалуының бір себебі – жаңа жерге жерсінбей, бейімделе алмауы. Маңғыстау облысының аттары ыстықтан салқынға, салқыннан ыстыққа бара жатыр. Бейімделіп үлгерген жоқ. Жергілікті ауа райына байланысты салқын өңірден келген аттар 600 шақырымға жетпей шығып қалды», - деп түсіндірді Ж.Бекмұсаев.
Ол командалық жарыс жолында жеңіске мүмкіндігі бар бірнеше команданы атады.  width=
«Ең бірінші жақсы келе жатқан команда – Ақтөбе облысы. Күні кешеге дейін 5 шабандозбен келе жатыр еді, қазір 4 қатысушымен қалды. Аттарының барлығы бірінші кезеңде ұпай санымен де, жалпы жағдайымен де алдыңғы орыннан көрінді. Одан кейін ыстық жаққа жақындаған соң Маңғыстау командасы мен Жетісу командасының жүйріктері қайтадан қарқын ала бастады. Уақыт жағын жақсартып жатыр. Ал Жамбыл облысы 700 шақырымнан кейін уақыт ұту үшін бір күндік межені ең аз уақытта өткен команда ретінде рекорд жаңартты. Олар межелі екінші күні 7 сағатқа жетпейтін уақытта 100 шақырымды басып өтті», - деді төреші.
Дегенмен алдыңғы үштік қана емес, бестіктегі қос команда – Қызылорда мен Абай облысының шабандоздарына да жеңіс тұғырынан көрінуге уақыт та, мүмкіндік те бар.  width=
«Бестікке кіретін қос команда – Қызылорда мен Шығыс Қазақстан командаларының да алдыңғы орынға кіруіне мүмкіндік бар. Барлығын командалық тактика шешеді. Сондықтан алдыңғы орынға көтерілуі тек өздеріне байланысты», - деп түйді сөзін төреші Ж.Бекмұсаев.
Межелі 100 шақырымды жеті сағатқа жеткізбей жүріп өткен Жамбыл облысының шабандоздары мәре сызығы жақындаған сайын дүбірлі доданы қыздыра түсті. Бұл ретте Жамбыл облысы «Бәйге» федерациясының вице-президенті Жанат Бағылбеков көш соңында келе жатудың өзіндік себебі бар екендігін айтып өтті.
«Жорықтың 8-кезеңінде біз 8 команданың арасында 7-орында тұрмыз. Қай жерде шауып, қай тұста желе жорыту керегін әбден зерттеп білдік. Барлық команда өте мықты. Көш соңында келе жатуымыздың да себебі бар. 6-кезеңнен бастап айла-тәсілімізді өзгерттік. Өз өңірімізге ұқсас жерге енді келдік. Аттарымыз Бетпақ далаға үйренген. Сондықтан алда 400 шақырым бар. Кімнің озып, кімнің артта қалатынын уақыт көрсетеді. Әр 25 минут сайын атымызды суғарып келеміз. Шабандоздарымыз аттың қыр-сырын өте жақсы біледі», - деді Ж.Бағылбеков.
Сол сияқты Түркістан құрама командасының жетекшісі Нұржан Айтбаев та жеңіс тұғырынан үмітті екенін жеткізді. Қазір командада 3 шабандоз қалғандықтан, Түркістан үшін нағыз сын сағат енді басталып отыр.
«Осы жорыққа қатысу үшін 25 аттың арасынан ұзаққа жүріп көрген 10 атты іріктеп алдық. Бесеуі астанадан Жезқазғанға дейін жетті. Дегенмен екеуі жолда тұяғын жарақаттап алды. Қазір үш атпен жарысты жалғастырып келеміз. Ветеринарлар болмағанда қазір 10 аттың екеуі ғана қалар еді. Біз үшін маңыздысы – аттардың амандығы. Мамандардың кеңесіне құлақ түріп, барынша аттарды зорықтырмай жортып келеміз. Әрине, кімнің жеңіске жететіні белгісіз. Уақытымызды есептеп, көш алдына шығуға барымызды саламыз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, Алла жазса, Түркістанда жеңіс тұғырынан көресіздер», - деді Н.Айтбаев.
Қызылорда облысы Сырдария ауданы шабандоздарды Бетпақ дала маңында киіз үй тігіп, ас-суымен қарсы алды. Жергілікті өнерпаздар дала төсінде ән салып, жырдан шашу шашты. AMANAT партиясы, «Jastar Ruhy» жастар қанатының Қызылорда облысы филиалы төрағасы Медет Жорабек марафон қатысушыларына сәт-сапар тілей отырып, елімізде тұңғыш рет өтіп отырған «Ұлы Дала Жорығы» шабандоздарымен аз да болса сапарлас болғандығына шын қуанышты екендігін жеткізді.
«Жорықшылардың  жыраулар мен сүлейлердің мекені саналатын сыр өңіріне аялдауы – біз үшін мәртебе. Шабандоздарды жігерлендіру үшін арнайы концерт қойылды. Патриоттық әндер шырқалып, жорықшыларға ауыл ақсақалдары ақ батасын берді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға ақ дастарқан жайып, тарихымыздан сыр шертер жәдігерлер көрмесін өткіздік. Адам амандығы үшін тәртіп сақшылары, дәрігерлер мен өрт сөндіру қызметкерлері күні-түні жұмыс істеп жатыр. Барша командаларға сәттілік тілеймін», - деді М.Жорабек.
Айта кетсек, бүгін, 26 қыркүйекте Бетпақдала төсінен аттанған марафоншылар тоғызыншы кезең айналымына жолға шықты. Кешке дейін Түркістан облысының аумағына жетіп, Созақ ауданы Ақсүме, Бақырлы ауылдарына ат басын тіреуі тиіс.