Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы»: шабандоздар 800 шақырымды жүріп өтті

ашық дереккөзі

«Ұлы дала жорығы»: шабандоздар 800 шақырымды жүріп өтті

25 қыркүйекте «Ұлы Дала Жорығы» республикалық бәйге марафонының сегізінші кезеңінде шабандоздар қиын кезеңдердің бірі саналатын Бетпақтың шөлді даласында межелі 800 шақырымды бағындырды. Марафон-бәйгенің сегізінші күнінің қорытындысы бойынша, алғашқы үздік үштіктің қатарында Ақтөбе командасы 67 сағат 47 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Маңғыстау шабандоздары 68 сағат 09 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы 70 сағат 15 минутта үшінші орын болып келді. «Ең бірінші жақсы келе жатқан команда – Ақтөбе облысы. Күні кешеге дейін 5 шабандозбен келе жатыр еді, қазір 4 қатысушымен қалды. Аттарының барлығы бірінші кезеңде ұпай санымен де, жалпы жағдайымен де алдыңғы орыннан көрінді. Одан кейін ыстық жаққа жақындаған соң Маңғыстау командасы мен Жетісу командасының жүйріктері қайтадан қарқын ала бастады. Уақыт жағын жақсартып жатыр. Ал Жамбыл облысы 700 шақырымнан кейін уақыт ұту үшін бір күндік межені ең аз уақытта өткен команда ретінде рекорд жаңартты. Олар межелі екінші күні 7 сағатқа жетпейтін уақытта 100 шақырымды басып өтті», - деді төреші. Дегенмен алдыңғы үштік қана емес, бестіктегі қос команда – Қызылорда мен Абай облысының шабандоздарына да жеңіс тұғырынан көрінуге уақыт та, мүмкіндік те бар.