Қазақ баласы 48 сағатта фильм түсіріп, АҚШ-қа жолдама ұтып алды

Қазақ баласы 48 сағатта фильм түсіріп, АҚШ-қа жолдама ұтып алды

Қазақ баласы 48 сағатта фильм түсіріп, АҚШ-қа жолдама ұтып алды
ашық дереккөзі
Күні кеше дәстүрлі түрде өтетін халықаралық деңгейдегі «48hfr» жобасының 2022 жылғы жеңімпаздары белгілі болды. Әлемдік байқауда қазақстандық режисер Ықылас Тұрсынбекұлы бас жүлдені иеленіп, АҚШ-тың New York Film академиясына жолдама жеңіп алды. Turkystan.kz тілшісі «48hfr» жобасының жеңімпазымен сұхбаттасып, шетелде өткен жарыс туралы сұрады.  - Айтулы жеңісіңіз құтты болсын! АҚШ-тағы кино жарысының ерекшелігі неде? Байқауға қанша елден режиссер келді?  - Бұл байқау қазіргі сәтте ТМД елдерін қамтитын, халықаралық режиссерлердің бәйгесі. Тек қана Қазақстаннан емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерінің де кіл мықты 500-ге жуық режиссерлері қатысқан ауқымды кино жарысы. Жарыстың ерекшелігі қатысушылар 48 сағат ішінде фильм түсіруі қажет. Яғни жарыс басталған сәтте ұйымдастырушылар тарапынан тапсырмалар беріледі және сол тапсырмалар ережесі қысқаметражды фильмді түсіру барысында сақталуы тиіс. Мысалы, осы жылы кадрда ақ парақ және жүрек формасындағы кез келген деталь болуы керек болды. Сондай-ақ көк киім киген ер адам немесе қызыл киім киген қыз баланың кадрда болуы қажет екені айтылды. Осы ережелерден соң ешкімнің фильмді алдын ала түсіріп ала алмайтыны анық болды. Барлығына берілген бірдей уақыт – 48 сағат. Байқаудың атауы да «48hfr» деп аталады.   width= - Бұл додаға алғаш рет қатысып отырсыз ба? - Әлбетте, жоқ. Біз «48hfr» байқауына үшінші рет қатысып отырмыз. Алғаш 2019 жылы және 2020 жылдары қатыстық. Алайда екі ретте де біз түсірген фильм үздік 48 фильмнің қатарына да ілінбеген болатын. Ол кезде бәлкім біліктілік жетіспеді. Алайда осы жолы өз бағымызды тағы да сынап көруді жөн көрдік. Және көріп тұрғаныңыздай бас жүлдені қанжығаға байлап, «Үздік фильм 2022» номинациясын жеңіп алдық. - Дәл осы «Қыз алып қашу» тақырыбына тоқталуыңызға не себеп болды?    - Шыны керек, адам құқығының бұзылуы, әсіресе әйелдер намысының аяққа тапталуы – өзекті тақырыптардың бірі. Ескіден келе жатқан салтты өзінше бұрмалап алған қазіргі жастар, ешкімнің рұқсатынсыз адам құқығына қол сұғып, өз еркінсіз ұрлап алып кетуі, бұл - үлкен қылмыс. Қылмыстан бұрын, бұл - нағыз жабайылық. Сондықтан бұл тақырыпқа өз үнімді режиссер ретінде қосқым келді. Оның үстіне өзім де қыз тәрбиелеп отырған әкемін. Әр әке үшін өз қызының тағдыры алаңдататыны рас. Дәл осындай ойлардың мазалауынан шығар, тақырыптың барынша өзін ашқаны. - 48 сағатта дайын фильм түсіру оңай шаруа емес. Сол кезде қандай кедергілер мен қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз? Түсірілім барысын қысқаша баяндап беріңізші.  - Иә, 48 сағаттың ішіне түсірілімге дейінгі дайындықты, түсірілімді және монтажды сыйдыру оңай болған жоқ. Ең қиыны, алғашқы 12 сағатты босқа өткізіп алдық.  Тапсырма таңғы 10:00-де электронды почтаға жіберілді. Алайда ол күні біздің қолымыз тапсырысқа алдын ала алынған съемкамен бос болмады. Тек түнде сценаристпен және қоюшы оператормен кездесіп, ертең не істейтінімізді талқыладық. Он шақты идеяны талқыладық. Барлығымыз «енді үлгермейтін болармыз деп» үйге қайттық. Не нәрсе түсіретініміз белгісіз болса да, актерлік құрамды дайындатып қойған едік. Үйге бара жатып, ойыма осы «қыз алып қашу» тақырыбы келе қалды. Сол тақырып айналасында бүкіл команда жұмылып, жұмыс істедік. Бармаған жер, баспаған тау қалмады. Әр жерден түрлі локацияда кадрлар алып, енді толық монтажға отыруға кірістік.  Оны аяқтап, ұйымдастырушылардың сайтына кіріп, тағы да ережелермен танысып шыққым келді. Біз тағы оңбай қателестік, себебі фильм ереже сай емес болып шықты.  width= - Не үшін? - Себебі ережелердің ішіндегі «Әлем – бұл…» деп жалғастыру керек ойды актер/актрисалардың біреуі айту керек екен. Ал біз оны тек көліктен шыққан радио дауысы ретінде қолданған болатынбыз. Яғни кадр ішіндегі емес, кадр сыртындағы дауыс ретінде. Ал ол болмаса, жарыс ережесін бұзып тұрмыз. Қысқасы, қыздың рөлін ойнаған актрисаны шақырып, оның жігіті ретінде актер тауып, ойнатып жіберу болды. Таңғы 6-да актрисаны офисқа шақырдық. Ал оған енді жігіті ретінде актер табу керек. Таңда кімге «актер бол» деп ұсыныс айтасыз... Ақыры өзіміздің командадағы жігіттердің біріне қолқа салып, ол келісіп, 5 секундтық кадрды түсірдік де, 9:59-да ұйымдастырушыларға фильмді жібердік.  Сол кездегі қуанышты, үстімізден жүк түскендей болған сезімді айтып жеткізе алмаймын.  width= - Байқаудың жеңімпаздарын қалай анықтады?  - Түсірілім шілде айының 9-10 күндері түсірілді. Байқау финалы 21 қыркүйекте өтті. Екі күн қалғанда еске түсіп, командамен жиналып бардық. Ең үздік 48 фильмді тамашаладық. Шыны керек, бірнеше мықты жұмыстарды көріп, жеңістен сәл де болса күдерімізді үзе бастадық. Себебі оған дейін, тіпті түсірілім басталғаннан бастап тек қана бас жүлде, яғни Америкадағы New York Film Academy гранты үшін тер төктік. Әр сәтті кадрды түсіре салысымен, «бас жүлде біздікі» деп өз-өзімізді шабыттандырып жүрдік. Ал үздік жұмыстарды көрген соң, сәл де болса ойланып қалғанымыз өтірік емес. Алайда іштегі бір сезім жеңіске жетелегендей болған еді. Және сол үміт бізді алдамаған екен. - Келесі жылы АҚШ-қа барамын деп жоспарлап отырсыз. Ол жақтағы кәсіби ілім-білімді алу арқылы қандай белестерді еңсеру ойыңызда бар? - Ең алдымен ол – халыққа қызмет ету. Өз саламның үздік маманы болу арқылы қазаққа қажет керемет фильмдер түсіру. - Рақмет!