Жексенбі, 29 Қаңтар, 2023

Астанада «Тарихтың бастапқы нүктесі: Гөбеклітепе» атты фотокөрме өтеді

Биыл Түркия мен Қазақстанның дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл толады. Осы орайда, Нұр Сұлтандағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы Елшілігі мен ҚР Ұлттық музейдің қолдауымен 29 қыркүйекте «Тарихтың бастапқы нүктесі: Гөбеклітепе» атты фотокөрме ұйымдастырады.

Көрмеге Гөбеклітепеде табылған 30 фото қойылады  және 1 апта бойы  ашық болады. Шараның ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, дипломатиялық корпус өкілдері, ҚР Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, өнерсүйер қауым  және оқушылар қатысады.

Сондай-ақ,  Гөбеклітепе кешені табылған орын Шанлы Урфа аймағының әндерін қазақ өнерпаздар қазақ ұлттық аспаптарымен орындайды. Ашылу  рәсімінен кейін түрік асханасынан дәмдер ұсынылады.

Стоунхенджден 7000 жыл және мысыр пирамидаларынан 7500 жас үлкен гөбеклітепе ғибадатханасы

Гөбеклітепе ғибадатханасы – Түркияның Шанлыурфа қаласының орталығынан 18 км жерде, Өренжик ауылының маңында орналасқан әлемнің ең көне культтік ескерткіші. Бұл құнды ескерткіштер Мальтадағы ғибадатханадан шамамен 6500 жыл, Стоунхенджден 7000 жыл және ал Мысыр пирамидаларынан 7500 жас үлкен.

Қазба жұмыстарының тарихы

Алғаш рет 1963 жылы Ыстамбұл университеті мен Чикаго университеті жүргізген «Оңтүстік-Шығыс Анадолыдағы тарихқа дейінгі зерттеулер»  кезінде табылған.  Негізгі сенсациялық экспонаттар 1994 жылы Гейдельберг университетінің ғалымы Клаус Шмидт аймақта  жүргізген қазба жұмысы кезінде шығарылды.

Гөбеклитепе осыдан 69  жыл бұрын 1963 жылы басталған Ыстамбұл және Чикаго университеттерінің «Оңтүстік-Шығыс Анадолы тарихнамасы» атты зерттеу жобасы аясында жүргізілген жоба кезінде археологтардың назарын аударды. Қазба жұмыстары ғылым докторы  Халет Чамбел және профессор Роберт Джон Брейдвудтың басшылығымен жүргізілді.

Зерттеулер кезінде қорғанның бетінен жиналған олжаларға сүйене отырып, Шанлыурфа аймағындағы Бирис қорымы мен Сөгут егіс даласында құнды артефактар бар екені анықталды.

Гөбеклітепе аймағы туралы алғашқы ғылыми жұмыс деп есептелетін  «Оңтүстік-Шығыс Анадолыдағы зерттеу жұмыстары» атты мақаланы  Питер Бенедикт 1980 жылы жазды.  Дегенмен де Гөбеклітепеге бүгінгі мәні мен мағынасын нақты берген зерттеулер 1994 жылы жүргізілді. Мұнда Невали Чори-Аурулар алқабының қазбаларын басқарған профессор Клаус Шмидттің еңбегі ересен.

Dr. Харальд Гауптман, кейінірек  Клаус Шмидт пен оның командасының қатысуымен үзіліссіз қазба жұмыстары жүргізілді.  Бұл зерттеу барысында алаңда шақпақ тастар, қалақ және тас кесектері, яғни адамдар жасаған еңбек құралдарының өте көп  шоғырланғаны анықталды, алайда  қыш ыдыстар сияқты басқа олжалар табылмады.

Жүргізіліп жатқан зерттеулер барысында жиналған тас үйінділердің бірінен бұрын Невали Чориден белгілі осыған ұқсас обелискінің басы табылды. Клаус Шмидттің Невали Чори тәжірибесі мен екі олжадағы обелисктердің ұқсастығы Гөбеклитепенің монументалды сипаты мен археологиялық құндылығын түсінудегі ең маңызды мәліметтердің бірі болып табылады.

Гөбеклитепе қазбалары 1995 жылы  Клаус Шмидт басшылығымен  Шанлыурфа мұражайының директоры Аднан Мысыр,  Германия археология институтының Ыстамбұл филиалының директоры  Харальд Хауптман тарапынан Шанлыурфа мұражайы атынан жүргізілді.

Түркияның Министрлер Кеңесі 2007 жылы арнайы қаулымен  Dr. Клаус Шмидтті төраға етіп тағайындап,  Гөбеклітепе алаңына қазба орны мәртебесін берді. Қазбаға орасан үлес қосқан Шмидт 2014 жылы қайтыс болды.

2011 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының уақытша тізіміне,  ал 2018 жылы Тұрақты тізіміне енді.

Гөбеклітепеде не табылды?

Гөбеклітепені салушылар оны біздің дәуірімізге дейінгі 8000 жылға дейін басқа мақсатта емес, тек ғибадат орталығы ретінде пайдаланған және оны осы уақыттан кейін тәрк еткен.

Ол 12 000 жыл бойы табиғи ортада адам аяғы баспаған маңызды археологиялық олжа болып есептеледі. Мыңдаған адам күші  мен  таңғажайып қиялдың жұмысы Гөбеклитепе – әлемдегі ең көне ескерткіш әрі ең ауқымды ғибадатхана әрі тарихтың бастапқы  нүктесі.

Бұқа, қабан, түлкі, жылан, жабайы үйрек және лашын сияқты аң- құс, адам қолы, аяғы сияқты мотивтері бар биіктігі 4-6 метр, ал салмағы 2-40 тонналық көптеген тас обелиск табылған. Осыған қарап, Гөбеклитепенің  елдімекен емес, культ орталығы, ғибадатхана  болғаны туралы айтуға болады. Табылған тастарды егіншілік пен мал шаруашылығын әлі үйрене қоймаған аңшылардың соңғы топтары салып, бір мессадж беруге тырысқан деген жорамал бар. Ескерткіштер қыштан бұрынғы неолит дәуірінде, яғни кем дегенде 12000 жыл бұрын пайда болады деп тұжырымдалады. Маңайында адам баласы тұратын баспана мүлдем табылмаған.

Гөбеклитепе жылдар бойы тарих сабақтарында айтылып келе жатқан «Көшпелі қауымдар тек егіншілікті үйренгеннен кейін ғана отырықшы болды» деген тезисті жоққа шығарады. Бүгінге дейін отырықшы өмірге көшу, дағдылану тек  егіншілік пен малшылықтан кейін пайда болды деп есептеліп келді. Ал бұл қазба  аңшылықпен күнелтетін қауымдардың да Гөбеклитепе сияқты діни орталықтарда бас қосып, отырықшылық тұрмысқа көше бастағаны анықталды. Бұл тарихи жағынан алғанда үлкен сенсация болып саналады.

Археология тарихындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі болған Гөбеклитепені маңызды қылатын факторлардың бірі – 12 мың жыл бұрын әлі отырықшылыққа өте қоймаған аңшы қауымының ешбір құралды немесе техниканы пайдаланбай адам күшімен, шақпақ тастармен, аң –құс мүйіздері мен сүйектерімен Гөбеклитепені тұрғызуы. Ол дәуірде арба және басқа да құрылыс материалдары болмағанын ескерсек, мұндай үлкен ескерткіштерді кім қалай тұрғызғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.

Гөбеклітепеде қазір қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?

Гөбеклитепеде әлі  15 монументалды храм және 200-ден астам обелиск бар екені анықталды. Ғалымдар кезінде үсті топырақпен көмілген Гөбеклитепенің толықтай ашылуына мүмкіндік беретін қазба жұмыстарының әлі 150 жыл жалғасатыны туралы айтуда.

Қазба жұмыстары кезінде табылған  обелисктер мен  басқа да олжалар тарихқа деген көзқарасымызға түбегейлі өзгеріс әкелді. Гөбеклитепе қазбалары Шанлыурфа мұражайы атынан Неміс археологиялық институтымен  бірлесе отырып,  Dr. Ли Клэр бастаған профессор  Мехмет Оздоған және профессор Гүлриз Козбенің тарапынан және Doğuş Holding, Şahenk  холдингтерінің демеушілігімен әлі де жалғасуда.

Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатымен өтетін фото көрменің ашылу салтанаты 29 қыркүйекте сағат 15.00-те ҚР Ұлттық музейдің атриум қабатында болады. Қала тұрғындары мен қонақтарын көрмеміздің ашылу рәсіміне шақырамыз. Телефон: 8 777 533 91 30

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button