Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы» марафонының жетінші күнінің қорытындысы

ашық дереккөзі

«Ұлы дала жорығы» марафонының жетінші күнінің қорытындысы

24 қыркүйек күні «Ұлы дала жорығы» бәйге марафонының жетінші кезеңінде шабандоздар 700 шақырымдық межені аяқтап, Ұлытау облысы Мибұлақ ауылдық округі маңына аялдады деп хабарлады turkystan.kz. Марафон-бәйгенің жетінші күнінің қорытындысы бойынша алғашқы үздік үштіктің қатарында Ақтөбе командасы 59 сағат 39 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Маңғыстау шабандоздары 60 сағат 28 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы 61 сағат 39 минутта үшінші орын болып келді. Жетінші кезеңнің ерекшелігі, марафон қатысушылары бұл жолы алғашқы айналымға тың аттармен жолға шықты. Шабандоздардың өзі де алашқы айналымға қарағанда жүрістің ілгерілегенін, жағдайдың жақсарғанын айтып отыр. Мәселен, Абай облысы командасының шабандозы, 22 жастағы Дулат Жұмашев екінші айналымда Көкторғай атты қазақы жабымен жарысқа шыққан. Айтуынша, жылқының жағдай жақсы, мінезі байсалды. «Біздің жүйріктеріміз қазақтың жабы тәрізді қазанаттары. Ауылдағы ағайын тақым қысып, қолдап отыр. Абай облысы жас болғандықтан, біз өз аймағымызға үлес қосқымыз келді. Қолдап отырған – халық. Алақан жайып, ешкімнен көмек сұраған жоқпыз. Өз қаржымызбен келдік. Бұл бәйге – біздің алғашқы тәжірибеміз. «Өлсең терісін алам, өлмей келсең бәйгені алам» дейді ғой. Аптықпай, асықпай келе жатырмыз», - деді Абай облысы командасының жетекшісі Айдос Асылжанұлы. Оның айтуынша, қазір командадағы 4 шабандоз ат ауысып мінген. Жанталаспайтын Абай елінің жігіттері ешкіммен бақталаспайтынын да айтады. «Абай облысының командасын бастап әкеле жатқаныма бір апта болды. 600 шақырымды аяқтаған соң, 4 шабандозбен ат ауысып міндік. Ал бір шабандозымыздың астындағы атының аяғы сыр беріп, кері қайтаруға тура келді. Біз ешқайда асықпаймыз. Марафон-бәйге деп аты айтып тұрғандай, жанталаспаймыз, ешкіммен бақталаспаймыз. Шыққалы қандай байсалды жүріспен келе жатырмыз, сол қалпымыздан танбаймыз. Аттың барлығы тың, бақылаудан өтті. Нәтиже бір қалыпты. Шабандоздар шаршамай, киелі мекенге жетсек деген ойымыз бар», - дейді команда жетекшісі. Бұл ретте бас ветеринар Ольга Гробер жорыққа жаңадан қосылған аттарға қатысты басты екі кеңесті атап өтті. Яғни, әр 25 шақырым сайын жылқының аузын шаю және зорықтырмау. «Жорықтың жетінші кезеңін тың аттармен бастадық. Барлығының дерлік жағдай жақсы, кезекті 100 шақырымды 9 команда еш қиындықсыз өткерді. Алғашқы кезеңдерде шабандоздар ұзақ қашықты еңсеру жолында кейбір дүниелерді ескермеді. Қарапайым 25 шақырым сайын су ішкізу керек. Осыны жадына түйгендер бүгін жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Командалардың қолдаушылары әр кезең сайын суын алып, шабандоздардың соңынан ілесіп келеді. Қатысушыларға айтарым, қатты шабудың қажеті жоқ. Ақырын жүріп, анық басқан абзал», - деді О.Гробер. Сонымен қатар бас ветеринар 600 шақырымнан кейін қосылған жаңа аттардың жай-күйі шабандозға тікелей байланысты екенін айтып отыр. Тағы бір ескерер жайт, командасы жарыс жолынан шығып кетсе де жеке дара жарысты жалғастырып жатқандар бар. Түркістанға ілескен Ұлытау командасының бір жүйрігінің жағдайы нашарлап, марафонды тоқтатты. Одан бөлек, 6 шабандоз командасыз жеке дара қатысып келеді. Марафонға қатысушылар Мибұлақ ауылдық округінің құрылуына 40 жыл толуына орай ауылда өтіп жатқан дүбірлі тойдың үстінен түсті. Мұнда әр жылдары мектеп бітірген түлектер ақ шаңқан киіз үйлер тігіп, келген қонақтарды ыждағатпен қарсы алды. Ат жарыстырып, аударыспақ ойнады. Тіптен ертеден келе жатқан әйелдер күресіне де алаң берілген. Мибұлақ ауылының әкімі Сағындық Мұхамедиұлы көшпелілер мәдениетінің орталығы саналатын осынау өлкенің тарихынан сырт шертті. «Ұлар етін жедің бе, Ұлытауға бардың ба?» деген әйгілі сөзді естімеген жан кемде-кем. Аймақ басшысы ел ішінде айтылып жүрген сөздің мағынасын бізге де әңгімелеп берді.