Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы»: алтыншы күннің нәтижесі қандай?

ашық дереккөзі

«Ұлы дала жорығы»: алтыншы күннің нәтижесі қандай?

23 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонының алтыншы кезеңінде шабандоздар төрт аймақтың үстімен белгіленген маршруттың тең жартысын басып өтті. Осы орайда, кеше Ұлытау облысы Жезқазған қаласы Талап ауылының маңында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің аралық қорытындысы сарапталып, командалардың ат ауыстыруына байланысты далалық баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек, марафон-бәйгенің ұйымдастыру комитетінің мүшелері Ғани Дүйшенов пен Арман Абдоллаев, марафонның бас төрешісі Надежда Купцова, модератор Гүлбиғаш Омар, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Спикерлер 1200 шақырымның тең жартысын басып өткен үздік командалардың жай-күйі, шабандоздар мен жүйріктердің бүгінгі жағдайы және келесі 600 шақырымдық меже – Жезқазғаннан Түркістанға дейінгі жолға байланысты республикалық арналар мен әлеуметтік желі қолданушылары жолдаған сауалдарға жауап берді.