Шұбаттан сабын жасайтын кәсіпкер

Шұбаттан сабын жасайтын кәсіпкер

Шұбаттан сабын жасайтын кәсіпкер
ашық дереккөзі
Адам орташа есеппен күніне үш-төрт, жылына 1 460 рет қолын жуады екен. Ал өзіміз күнделікті тазалық құралы ретінде пайдаланатын сабын туралы не білеміз? Оны бүгінгі кейіпкеріміз Зейнегүл Кеңесқызынан сұрап көрдік. Өйткені ол 7 жылдан бері сабынның түр-түрін шығарып, отандық өндірісті дамытып отыр.  Талғар ауданына қарасты Айғаным ауылының тұрғыны, үш баланың анасы бұл кәсіпті декреттік демалысқа шығып, үйде отырған кезде бастаған. «Балама аяғым ауыр кезде жұмыс істемей үйде отырдым. Сол кезде келген идея ғой. Жәрдемақының бір бөлігін жинап жүріп, керек заттарды алып, ешкімге көрсетпей тығып қоятынмын» дейді ол күліп.  Баласын босанғаннан кейін сол күйі жұмысқа шықпай, осы кәсіппен айналысуды жөн көрген. Сабын жасау технологиясын Қытайдан келген қандасымыздан үйреніпті.
«Қытайдан көшіп келген көршім болды. Сол кісінің сабын жасап жатқанын көрдім. «Үйретіңізші» деп едім, «Жас адамсың. Саған жасауға болмайды, ырымы жаман» деп үйретпей қойды. Ол кезде жасым отызға да келмеген еді. Одан кейін қалаға көшіп кеттік. Араға біраз уақыт салып, қайтып барғанымда (40 жастан асқан кезде) сол кісіні тауып, тағы айттым. «Жарайды, үйретейін» деп үйіне шақырды. Ол кісілер күздігүні шемішкенің басын, сабағын күйдіріп, өртеп, соның күлінен жасайды екен. Басында «үйіме керек қой» деп, қызық үшін жасап жүрдім. Бір күні інімнің досының шашы түсіп қалды. Сол жігіт сабынмен шашын жуған соң, қайта өсті. Осыдан кейін сабынның қыр-сырын зерттедім. Табиғи өнімнің тері ауруларына, шашқа пайдасы зор екен. Сонымен ақырындап жұмысымды бастадым. Ел біле бастады. Үйге келіп алатын болды», – дейді кейіпкеріміз.
 width= Кәсіпкер болатын адамда мидан шықпайтын, күндіз-түні ұйықтатпайтын идея болуы керек. Сол идеяны іске асыру үшін шыдамдылық керек. Кейіпкеріміз бизнес бастарда біраз қиналған, минусқа кеткен кездері болды. Алайда, оның ұстанымы – бастаған істі аяғына дейін жеткізу. Алғашында туған-туыс, достарына сыйлыққа беретін. Ал қазір оның өнімін еліміздің әр қаласынан тапсырыспен алдыратындар бар.  Әсіресе, Батыс Қазақстан, Түркістан тұрғындары көп алады. Сабынды жер ыңғайына қарай түрлі заттан жасауға болады: қайыңнан, шемішкеден, алаботадан, сексеуілден, қарағаштан және адыраспаннан. Кәсіпкер бүгінде сабынның бірнеше түрін жасайды. Соның ішінде қара, кір сабынға және шұбат қосылған сабынға сұраныс мол екен. Шұбат қосылған сабын жасарда оны өзі тәжірибе жүзінде қолданып көргеннен кейін сатылымға шығарған. Бүгінде бұл өнімді қыз-келіншектер косметикалық мақсатта пайдаланады екен.
«Баяғы апаларымыз сүйек қайнатып жасаған ғой. Адамдар  «Сіз де солай жасайсыз ба?» деп сұрайды. Қазір бұрынғыдай емес, еңбек ететін адамға мүмкіндік мол. Май түрі көп. Қайсысынан жасаймын десеңіз де, өз еркіңізде. Бұрынғы кезде май аз болған соң, қыс бойы жеген еттің сүйегін жинап, соның майын алып жасаған. Қазір жер үйде тұрамыз. Күйеуім отын алып келеді, соны пешке жағып, күлді қайнатамыз. Сілтісін алғанға біраз уақыт көп кетеді. Негізі, бұл – ерінбей еңбек етсең, жемісін көретін кәсіп. Сабын жасау бірнеше процестен тұрады. Жұмысы ауырлау, сондықтан көп адам шыдай алмайды. Сұраныс бойынша кір сабын, қара сабын, тар сабын, сақар сабын, лаванда, қара зере, шұбат қосылған иіс сабындар жасаймын. Иіс сабын жасаудың еш қиындығы жоқ. Оны жасау жолын канадалық келіншектен үйрендім. Оңай болғандықтан шығар, қазір иіс сабын жасайтындар көп. Елімізде сақар сабын жасайтын кісілер санаулы», – дейді Зейнегүл Кеңесқызы.
Кейіпкеріміз сабынмен қоса қатты сусабын да жасайды. Оған да сұраныс жаман емес. Бұл зат, әсіресе алыс жолға алып шыққанға ыңғайлы, ағып кетпейді. Мұның бәрін жасау үшін ең бастысы құятын форма, блендер, силикон форма, шикізат қажет.
«Қара сабынды үлкен нарыққа шығарғым келеді. Өйткені, бұл – жүз пайыз табиғи өнім. Иіс сабындар  жүз пайыз табиғи деп айта алмаймын. Оған каустикалық сода қосылады. Ал қара сабын тек өсімдіктен жасалады. Иіс сабынмен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Дүние жүзінде оны жасайтын адам көп. Қара сабынды жасайтын адам өте аз, еңбегіне көбі шыдай бермейді», – дейді ол.  
Зейнегүл Кеңесқызының ендігі мақсаты – отандық өнімді әлемдік нарыққа шығару.