Шұбаттан сабын жасайтын кәсіпкер
Шұбаттан сабын жасайтын кәсіпкер
Адам орташа есеппен күніне үш-төрт, жылына 1 460 рет қолын жуады екен. Ал өзіміз күнделікті тазалық құралы ретінде пайдаланатын сабын туралы не білеміз? Оны бүгінгі кейіпкеріміз Зейнегүл Кеңесқызынан сұрап көрдік. Өйткені ол 7 жылдан бері сабынның түр-түрін шығарып, отандық өндірісті дамытып отыр.
Талғар ауданына қарасты Айғаным ауылының тұрғыны, үш баланың анасы бұл кәсіпті декреттік демалысқа шығып, үйде отырған кезде бастаған. «Балама аяғым ауыр кезде жұмыс істемей үйде отырдым. Сол кезде келген идея ғой. Жәрдемақының бір бөлігін жинап жүріп, керек заттарды алып, ешкімге көрсетпей тығып қоятынмын» дейді ол күліп. Баласын босанғаннан кейін сол күйі жұмысқа шықпай, осы кәсіппен айналысуды жөн көрген. Сабын жасау технологиясын Қытайдан келген қандасымыздан үйреніпті.
«Қытайдан көшіп келген көршім болды. Сол кісінің сабын жасап жатқанын көрдім. «Үйретіңізші» деп едім, «Жас адамсың. Саған жасауға болмайды, ырымы жаман» деп үйретпей қойды. Ол кезде жасым отызға да келмеген еді. Одан кейін қалаға көшіп кеттік. Араға біраз уақыт салып, қайтып барғанымда (40 жастан асқан кезде) сол кісіні тауып, тағы айттым. «Жарайды, үйретейін» деп үйіне шақырды. Ол кісілер күздігүні шемішкенің басын, сабағын күйдіріп, өртеп, соның күлінен жасайды екен. Басында «үйіме керек қой» деп, қызық үшін жасап жүрдім. Бір күні інімнің досының шашы түсіп қалды. Сол жігіт сабынмен шашын жуған соң, қайта өсті. Осыдан кейін сабынның қыр-сырын зерттедім. Табиғи өнімнің тері ауруларына, шашқа пайдасы зор екен. Сонымен ақырындап жұмысымды бастадым. Ел біле бастады. Үйге келіп алатын болды», – дейді кейіпкеріміз.