Жұма, 2 Желтоқсан, 2022

Дүкен сөрелерінен ресейлік және украиналық тауарлар «жоғалып» жатыр

Дүкен сөрелерінен ресейлік және украиналық тауарлар «жоғалып» жатыр. Бұл көбіне тұрмыстық химия мен гигиена, косметика тауарларына қатысты деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Себебі елімізге осы өнімдердің 70 пайызы Ресей мен Украинадан тасымалданады. Ал геосаяси ахуалға байланысты Ресейдегі зауыттар мен дистрибьюторлық компаниялар жабылып, жұмысын тоқтатқан. Қазақстандағы ірі сауда орындары ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін басқа елдің тауарларына көштік деп отыр.

«Иә, расымен түрлі себепке байланысты тауар уақтылы келмей, қиналдық. Бұл геосаяси ахуалға тікелей байланысты. Қазақстанға көптеген зат, оның ішінде тұрмыстық техника Ресейден тасымалданады. Санкция салына бастағанда брендтер бұл елден кете бастады. Біз Ресейден келмей қалған тауарларды басқа елдің өнімімен алмастырдық. Ең басты мақсатымыз – тұтынушыларға өнім ұсыну. Тапшылық болғанын жасырмаймын», – деді супермаркет желісінің PR-менеджері Артём Крылов.

Қазір елдегі тұрмыстық заттар сататын дүкен сөрелері босап қалған. Кәсіпкерлер ақпан айынан бері сабын, кір жуатын ұнтақ, ыдыс-аяқ жуатын сұйықтық, шашқа арналған бояу сынды Ресейден әкелінетін гигиена өнімдері жоқ екенін жеткізді. Балаларға арналған тағамдар, әйелдердің гигиеналық заттары мен косметикасы да едәуір азайыпты.

Табыстан қағылмас үшін бизнесмендер отандық және Беларусь, Өзбекстан, Түркия сынды мемлекеттердің өнімдеріне тапсырыс беріп амалдауға көшкен. Соған қарамастан ішкі нарықта Украина мен Ресейден әкелінетін тауарлардың үлесі басым екен. Олардың орнын толық толтыруға уақыт керек. Сондықтан дүкен сөрелерінде бұрынғыдай таңдау жоқ. Ал баға тағы қымбаттаған. Отандық өнім ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарсыз.

«Қазір ресейлік тауарлардың көп түрі жоқ. Сауда өкілдерінің айтуынша, оларда шикізат жоқ. Ресейден бөлек, Еуропадан, Ресей арқылы келетін тауарлардың көбісі жоқ. Бірқатар бренд тауар жоғалып кетті. Танымал кремдер де жоқ. Ары қарай сауданы жалғастыру үшін Түркиядан жеткізіліп жатыр. Өзбекстаннан да көп сабын шығарылып жатыр. Кіржуғыш ұнтақтың көп түрі жоқ», – деді сатушы Марат Қазыбаев.

 

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button