Кейкі батырдың әлпеті қалпына келтірілуі
Қазақ пен мажардың туыстығын зерттеп жүрген венгриялық азамат Андраш Биро бастаған антропологтар батырдың бет-әлпетін толық қалпына келтіріп, қоладан бюстін жасап шығыпты. Андраш Жолт Бироның айтуынша, Кейкі батырдың келбетін қалпына келтіру жұмыстарымен осы салада тәжірибесі мол және осыдан төрт жыл бұрын Абылай ханның келбетін қалпына келтірген Агнеш Куштар есімді маман айналысқан. Сондай-ақ, бұл жобамен Шандор Эвингер мен Андраш Бироның өзі айналысуда. Шандор Эвингер сүйектің арнайы сараптамаларын жасап шықты. Венгрия ғалымдары жүргізген ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы танымал ғалым, ҚР Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай: «Кейкі батырдың бейнесін қалпына келтіру барысында белгілі бір қиындықтар болды. Антропологтардың айтуы бойынша, батырымыздың басына жеті ауыр соққы тиген екен. Бас сүйектің өзге де зақымданулары болды. Бірақ антропологиялық реконструкцияларды жасауға арналған заманауи технологиялардың арқасында, венгр ғалымдары екі ай бойы үздіксіз жұмыс нәтижесінде Кейкі батырдың мүсінін қалпына келтірді», – деді. Будапештте тұратын антрополог Андраш Биромен әлеуметтік желінің көмегін пайдаланып, хабарласып көрдік. Үлкен істің басы-қасында жүрген азамат ә дегеннен-ақ жұмыс барысымен таныстыра кетті. «Біз батырдың басын рентгенге түсірдік, ал кейін компьютерлік томографияға түсіріп, 3-Д моделін жасадық. Бұл жұмыс екі айға созылды. Батырдың сүйектері арқылы келбетін қалпына келтіру қиынға соқты. Ең қиыны – оның түпнұсқасын жасау. Біз батырдың сүйегіне сараптама жасап, оның қайтыс болған кезде жасы шамамен қаншада болғанын, неден қайтыс болғанын анықтадық. Кейкі батырдың қалай қайтыс болғанын тарихтан білеміз. Ал біздің жасаған сараптамадан оның қандай жарақаттар алғанын көруге болады. Оны желкесінен металдан жасалған затпен кем дегенде жеті рет ұрған. Содан сүйегі сынып кеткен. Қатты жарақат алған. Рентгеннен де жарақаттардың барлығы көрініп тұр. Кейкі батырдың бассүйегінен және жасалған сараптамалардан оның мықты ер адам болғанын көруге болады. Жасы шамамен 40-50-де. Қазақстанға осындай халық батырлары керек. Себебі ең ауыр кезеңде ол ешкімнен қорықпай, нағыз батыр екенін көрсетті. Кейкі батырдың келбеті дайын болғанда, оны оқулықтарда және тарихи кітаптарда бейнелеуге болады», – деді антрополог Андраш Биро. Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігінің жұмыс тобы танымал қаһарманның сыртқы бейнесі мен мүсіндік реконструкциясын әзірлеу бойынша ғылыми жұмыстар кешенін аяқтады. А. Мұхамедиұлының айтуына қарағанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ең танымал көшбасшыларының бірі болған Кейкі батырдың бас сүйегін Қазақстанға қайтару мәселесі бойынша үлкен жұмыс жүзеге асырды. «Бұл мемлекетіміз және ұлттық тарихымыз үшін ерекше маңызы бар тарихи оқиға. Бассүйекті Қазақстанға қайтару және тасымалды ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмысқа Ресей Мәдениет министрі Владимир Мединский жан-жақты қолдау көрсетті. Қазақстан Тәуелсіздігі тарихында алғаш рет елімізге осындай айрықша маңызы бар артефактіні қайтаруға мүмкіндік туды», – деді министр. Айта кету керек, Кейкі батырдың ерлігі, батылдығы, туған елін бақытты және тәуелсіз етуге деген ұмтылысы туралы көптеген кітап, повесть, поэмалар мен деректі әңгімелер жазылды. Олардың ішінде 2001 жылы жарық көрген Серік Тұрғынбектің «Кейкі батыр» тарихи дастаны, 2014 жылы Ш. Байділдин шығарған «Кейкі батыр» кітабы бар. Сонымен қатар, биыл талантты қаламгер А. Нұрмановтың Кейкі батыр жөніндегі «Құланның ажалы» романы 2 мың данамен басылып шығарылды. Биыл О. Бекмағамбетовтың авторлығымен «Кейкі батыр» ғылыми монографиясы жарық көрмекші. Ал алдағы уақытта Мәдениет министрлігі тарапынан Кейкі батыр туралы театр қойылымдары, деректі және көркем фильмдер түсіру жоспарланып отыр