Мектеп асханасында оқушылардың улануы: тексеру нәтижесі белгілі болды
Мектеп асханасында оқушылардың улануы: тексеру нәтижесі белгілі болды
Санитарлық эпидемиологтар балалардың жаппай улануынан кейін Шарбақты ауданы орталығындағы №2 орта мектептің асханасын жоспардан тыс тексеруді аяқтады деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Мамандар микробиологиялық зерттеулер жүргізу үшін шайындыларды алған. Тамақ әзірлейтін қызметкерлердің тазалығы да тексерілді. Сондай-ақ суды, пайдаланылатын өнімдер – қарақұмық пен алма шырынын, көкөністерді тексерді. Бірақ зертханалық талдау нәтижелері қалыпты нормада болды.
Соған қарамастан заңбұзушылық анықталды. Санитарлық эпидемиологтар асхананың нашар залалсыздандырылатынын, ішінде шыбын-шіркей ұшып жүргенін, жеміс-жидек пен көкөністердің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты құжаттардың жоқтығын, аспаздың жұмыс істеуге рұқсаты болмағанын анықтады.
«Тексеру кезінде нақты берілетін тамақ мәзірге сәйкес келмеді. Ыдыс жууға арналған орында үш сатылы жуу көзделген. Үшінші бөлімде ыстық және суық су берілмейді. Тексеру кезінде тоңазытқыштар термометрсіз болған», - делінген хабарламада.
Шеттері кетілген табақтар, жарылған зат турайтын тақталар, аспаздың тырнақтары лакпен боялғаны да заңбұзушылық деп танылды.
Асханаға қызмет көрсететін жеке кәсіпкерге бұл ереже бұзушылықтарды түзетуге ұйғарым берілді. Тексеру материалдары полицияға тапсырылды. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерді 704 мың теңгеден астам айыппұл күтіп тұр.
Еске салайық, тамақтан улану белгілері 9 оқушыда болған. Балалар құсуға, іштің ауырсынуына, диареяға, жоғары температураға шағымданды. Төрт оқушы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.