Қазақстандықтар Ресеймен арадағы шекараны жабуды талап ете бастады

Қазақстандықтар Ресеймен арадағы шекараны жабуды талап ете бастады

Қазақстандықтар Ресеймен арадағы шекараны жабуды талап ете бастады
ашық дереккөзі

Ресей президенті Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялағаннан кейін көрші елдерге қаша бастаған орыстардың қарасы көбейді. Мұндай жағдай Қазақстан шекарасында да байқалады деп хабарлады turkystan.kz. Осындай оқиғалардың салдарынан шекарада ұзын-сонар кезек пайда болған. Әуе кемесінің билеттері қымбаттаған. Ресейліктердің Қазақстан қалаларына көшіп келуіне байланысты пәтер жалдау құны да қымбаттап кеткен. Осы секілді өзге де жайсыздықтың алдын алу үшін жергілікті тұрғындар шекараларды жабуды талап ете бастады. Олардың арасында белгілі азаматтар да бар. Мәселен, белгілі блогер Дәулет Мұқаев «Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың статистикасын көбейтсе, шекараны жабамыз» деген ойымен бөліскен.

«Ақыры біз шекараны жаба алмайды екенбіз. Мынау Ресейге қатысты айтып отырғаным ғой. Менің ойымша, коронавирустың статистикасын көбейте беру керек. Үйреніп қалдық қой. Осы уақытқа дейін түрлі статистиканы көрдік. Сөйтіп шекараны жауып тастау керек! Ойым осы. Денсаулық сақтау министрлігі статистиканы көбейтіңіздер!» - дейді блогер.
Осыған ұқсас талап-тілек ақын-жазушылар арасынан да естіле бастаған.
«Мен, Қазақстан Республикасының азаматы және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Байбота Қошым-Ноғай, Ұлт азаматы ретінде Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасындағы шекараны толықтай жабуды талап етемін! Өз Отандарына сатқындық жасап, елімізге ауып келген қашқындар (дезертирлер) түгелдей депортация жасалсын! Бұл біздің Отанымыздың тыныштығы мен еліміздің ертеңі үшін елеусіз қалдыруға болмайтын өте маңызды шаруа деп білемін!» деп жазды ақын Байбота-Қошым Ноғай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін елді елеңдеткен осы жайт туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пікір білдірген еді. Оның айтуынша, Ресей азаматы тұруға ықтиярхат алғысы келсе, мемлекеттік органдарға тиісті құжаттарын тапсыруы керек. Соның ішінде кетіп жатқан мемлекеттің келісімі де бар. Ондайда кету туралы анықтама беріледі.
«Біздің заңымызда ондай нақты тармақ бар. Егер белгілі бір елдің азаматы өз мемлекетінің келісімін алмай келсе, Қазақстан оған тұруға ықтиярхат бере алмайды», – деп атап өтті Әшімбаев.
Осы орайда, Сенат спикері қазіргі жағдайды тиісті мемлекеттік органдар бақылауда ұстап отырғанын және тиісті мәселелердің қаралатынын жеткізді.