Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы»: төртінші күннің нәтижесі қандай?

ашық дереккөзі

«Ұлы дала жорығы»: төртінші күннің нәтижесі қандай?

21 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонының төртінші кезеңінде шабандоздар 400 шақырым межені басып өтіп, Ұлытау облысы Алғабас ауылдық округінде аялдады. Марафон-бәйгенің алғашқы төрт күндік нәтижесі бойынша Маңғыстау облысының командасы әлі де алда келеді. Олардың жалпы уақыты – 36 сағат 52 минут. Ақтөбе облысының шабандоздары 37 сағатта екінші болып, Шымкент қаласының командасы 37 сағат 14 минут көрсеткішпен үшінші болып келе жатыр. Барлық командалардың көрсеткіші qazanat.com сайтында жарияланып, күн сайын жаңартылып отыр. Дегенмен, ат құлағында ойнайтын сері жігіттер үшін жүлде қоры маңызды емес. Командалық есептен шығып қалса да, өздері мен тұлпарларын сынау үшін екі қарағандылық шабандоз жарысты жалғастыруға бел буған. «Ер жігіт бір-ақ рет сөйлейді. Шешінген судан тайынбас дейді. Жарысты бастадық па, соңына дейін барамыз. Үш шабандоз атының болдырып қалуына байланысты жарыстан шығып қалды. Біздің атымыз жарап тұр. Ереже бойынша, жүлдеге тек құрамында кемі 3 шабандоздан тұратын команда ғана жүлдеге таласа алады. Біз үшін ақша маңызды емес. Атымызды сынағымыз келеді. Келесі жылы осы жоба жалғасын тапса, толық дайындықпен келеміз. 5 балам бар. Олар үйге келгенімді асыға күтіп отыр. Балаларыма үлгі болсам деп, осындай шешімге келдім. Алла қолдап, астымыздағы атымыз Жезқазғанға дейін шыдас берсе, әрі қарай межеге жететінімізге сенімдімін»,- деді Қарағанды құрама командасының жетекшісі Асқар Мұқанов.  Жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбек жүйріктерін сынауға бел байлап, алған бетінен қайтпай отырған шабандоздар үшін арнайы ынталандыру сыйлықтары қарастырылатынын жеткізді. Шабандоздар кешке дейін кезекті 100 шақырымды атпен басып өтіп, Жошы хан кесенесі маңына түнейді.