Тұрғын үй заңнамасына енгізілуі мүмкін өзгерістер қаралды

Тұрғын үй заңнамасына енгізілуі мүмкін өзгерістер қаралды

Тұрғын үй заңнамасына енгізілуі мүмкін өзгерістер қаралды
ашық дереккөзі

Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Алматы қаласы әкімдігінің жұмысшы тобы ПИК  қызметін ретке келтіру бойынша еліміздің тұрғын үй  заңнамасына өзгерістер енгізу туралы Үкімет пен Мәжілістің қарауына жіберілген ұсыныстарды қарап, талқылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Алматыда бүгінгі күні 8,5 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйлер бар және тұрғын үй қорын лайықты ұстау мәселесі қала басшылығы іс- қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте пәтер иелері кооперативтеріне жүктелер міндет зор. Қазіргі кезде қалада 800-ден астам ПИК-тер бар. Сонау 1997 жылы қабылданған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң ПИК-тердің жұмысына айтарлықтай өзгерістер  әкелген жоқ әрі  бұл саланың талапқа  сай дамуына ықпал етпеді.

Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Өскенбаев өзінің сөзінде тұрғындар алдында  ПИК-тердің жауапкершілігін арттыру мақсатында Алматы қаласы әкімдігі жұмысшы тобының  еліміздің тұрғын үй заңнамасына өзгеріс  енгізу бойынша 29 ұсыныс жасағанын айтты.

«Қаржыны  жұмсауда ашықтықтың жоқтығы салдарынан кейбір ПИК-терде  әкімшілік шығындарға ақшаның 80%, ал үйлерді ұстап  тұруға небәрі 20% ғана жұмсалады. Демек, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізу қажет, сонда ғана ПИК-тердің ағымдағы қаржыларын есептеуге  әрі ортақ мүлікті күрделі жөндеуден өткізуге  жұмсалатын шығынды дәл  анықтауға болады. Тұрғындардың ПИК төрағаларын ауыстыруға байланысты сот шығындарына қаржы жұмсауын да тоқтатқан жөн», – деді Ә. Өскенбаев.

ПИК-терге жиналған қаржыны тек тұрғындардың келісімімен ғана жұмсауды міндеттеп, оның тек 50 пайызын ғана әкімшілік шығындарға жұмсауды  заңдастыру қажет. Сонымен қатар, ПИК төрағаларынның өкілеттігі үш жылға дейін ғана ұзартылып, оларды өздеріне қарасты үйлер мен   аулаларды, бала  бақшаларды, спорт алаңдарын таза ұстауға міндеттеп,  жиналған ақшаның жұмсалуы мен ортақ мүлікті  жала  беруден түскен қаржыны тексеру үшін Тұрғын үй инспекциясына  өкілеттік беру керектігі де айтылды. Сонымен қатар, қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау, олай болмаған жағдайда ПИК төрағасын ауыстыру   және мақсатсыз жұмсалған қаржыны ПИК-ке қайтару үшін сотқа жүгіну үшін Тұрғын үй инспекциясына өкілеттілік беру де ұсынылды.

«ПИК-тердің  жұмысына жаңалықтар енгізіп, олардың тұрғындармен және мемлекеттік органдармен арақатынасын жақсартту қажет. Талқыға салынған ұсыныстардың барлығы орынды. Бұл өзгерістердің барлығын  қарайтын боламыз», – деп атап өтті Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Серік Құсайынов тұрғын үй қатынастары саласында ПИК-тердің жұмыстары бойынша арыз- шағымдардың көп түсетіндігін жеткізді. «Біз бұл ұсыныстарды басқа қалаларда да талқылаймыз, одан соң олар түрлі мемлекеттік сапраптамадан өтеді, толықтырулар енгізіледі, меніңше,бұл өзгерістер қолдау табады деген  сенімдемін. Өйткені, аталған ұсыныстардың барлығы еліміздің барлық азаматтарының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған», – деді С.Құсайынов.

ПИК-тер Ассоциациясының төрайымы  Бибігүл Жүнісбаева да ұсынылып отырған өзгерістердің барлығы ұтымды екенін және заманауи талапқа сай әр тараптың атқаратын міндеттерін нақтылайтындығын қадап тұрып айтты.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың маусым айында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек  осы мәселеге қатысты  арнайы жиын өткізіп, өзгерістерді жасап, ұсынатын  құрамына мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, ПИК-тер ассоциациясының өкілдері енген жұмысшы  тобын құруды  міндеттеген болатын. Ұтымды ұсыныстардың  барлығы ПИК-тердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін арттырумен қатар жиналған қаржының ашық жұмсалуын қамтамасыз ететін болады.