18 бала асырап алған Өмірхан Жетесов: Рим Папасының алдында өнер көрсеткен соң бізді әлем таныды
18 бала асырап алған Өмірхан Жетесов: Рим Папасының алдында өнер көрсеткен соң бізді әлем таныды
Балалар үйінен бала асырап алу – машақаты көп іс. Әбден әбігерге салса да, бұл істі бәрінен биік қойып, отбасы жылуына зәру балалардың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, қамқорлығына алған қазақстандықтар туралы көп дерек айтылмайды. Ақтөбеде тұратын ерлі-зайыпты Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың 18 баланы бауырына басқанын, оларды жастайынан өнерге баулып жүргенін өткен аптада отбасылық ансамбльмен Рим Папасының алдында өнер көрсеткенде бір-ақ білдік. Астанадан Ақтөбеге күні кеше ғана оралған Өмірхан Жетесовтың әңгімесін жазып алған едік.
Мал соңында жүріп жыр жаттадым
Мен Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туып-өстім. 1-сыныпқа көшкен кезде анамнан ажырап қалдым. 37 жасына дейін тоғыз баланы аман-есен дүниеге әкелген анам жатырына біткен егіздің біреуінің шетінеп кету себебінен жан тәсілім етті. «Алла жалғыз, Ана жалғыз» деп өскен қазақпыз. Адамзат, тіршілік үшін ананың орны бөлек. Тірі кезінде қадірін жете түсіне бермейміз ғой. Ал айырылып қалған соң жер сипап қаламыз. Сондықтан мен ана мейіріміне шөлдеп өстім. Оған дейін тентек болып жүрген мен бірден есейіп, өмірді енді ұққандай болдым. Ауруға шалдыққан анаңның төсек тартып, ауыр халде жатқанын көрсең бір жөн. Ал ойламаған жерден күліп жүріп кетіп қалғанынан дүниеде қиын нәрсе жоқ екен. Жан жарамның емін даладан іздедім, мал бақтым. Мал соңында жүріп, жыр жаттадым. Сол кезде «үлкен сахнаға шықсам ғой» деп қиялға берілетінмін. Кішкентайымнан батырлар жырын жаттап өстім. Көршілерден пластинка сұрап әкеліп, түрлі жыр тыңдайтынмын. Бағыма орай, жаттау қабілетім жақсы болды, бір өлеңді екі рет тыңдасам, лезде жаттап аламын. Ол кез жайбарақат заман еді ғой. Ауыл жастарының бар ойлағаны мал бағып, табыс тауып, ауыл ішінде өз алдына бөлек шаңырақ тігу еді. Ол уақытта қала дегенді білмейміз, онда жүру, тұру дегенді елестете алмаймыз тіпті. Әскерден оралғаннан кейін де мал бағып, одан түскен табысқа, Алғашқыларына жақсы тәрбие берсең, соңынан ергендер оларға қарап бой түзеп, еліктейді. Амангүл де сол себептен жүрген жерінде «Көп балалы болудан қорықпаңыздар. Сіздерге аса салмақ түсірмей, бір-біріне демеу болып өсіп шыға келеді» деп айтады. Бұрын аналарымыз мал мен шөптің арасында жүгіріп жүріп, оннан астам бала тәрбиелеген ғой. Бала бағу, әлбетте, қиын. Әсіресе, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ер жетіп келе жатқан баланы тәрбиелеу оңай емес. Бірақ асау атты тізгіннен айырылмай ұстасаң, айтқаныңа көнеді, айдағаныңа жүреді ғой. Сол секілді баланы бір бағытқа беттетіп жіберсең, ол содан айырылмайды. Расымен, дұрыс тәрбие берсең, ештеңеден сүрінбейсің, ештеңеге уайымдамайсың. Сосын көп ата-ана баланың қабілетін аша алмай, ақырында қор болады. Балалармен жұмыс істей алмайды. «Дені сау, сабағын оқып жүр» деумен ғана шектеліп, оның бойындағы дарынын тап басып, ұштауға атсалыспайды. Мен секілді бала асырағысы келетіндерге «кірпігін көтеріп, бетіне он тонна бояу жағып алатын әйелің болса әуре болмай-ақ қой» деп айтамын. Себебі бала асырағысы келетін ана үйде отыруы керек. Ол бала мен әкенің арасында көпір болуға тырысуы керек. Ал бізде қазір баласының көзінше әкесіне ауыр сөздер айтатын әйелдердің қатары көбейіп барады. «Әкең келе жатыр» дегенде селт етіп, алдынан жүгіріп шығатын бала болып өспеген соң, олардың әкемен емірене сөйлесуге құлқы, құқы да болмайды. Асырап алған кейбір ата-аналар «Кәмелетке толған соң құжатын сұрап, бөлек кетемін» дейді» деп назын айтады. Құдай сақтасын, бірақ біздікілердің ауызынан ондай сөз шыққан емес. Себебі мен оларды туған баламдай қабылдадым. «Өз балаң өзегіңнен тепсе де кетпейді, кісі баласын кісендесең де тұрмайды» деген. Кісі баласындай емес, өз баламдай қарап, кішкентайынан әке мен ана иісін сіңіру үшін қасымызға алып жатып, барлығына бірдей мейірім көрсетуге тырыстық. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ көбі қазір мейірімсіз болып барады. Тіпті туған балалары ата-анасына еміренбейді. Вахтадан келген ата-анасының бетіне қарамай «Ассалаумағалейкум» деп отыра береді. Оның орнына алдынан жүгіріп шығып, иісін иіскеп, көкірегі толғанша кеңінен тыныс алып, мойнына асылса несі айып? Мен екі-үш күн сыртта жүріп, үйге келсем, балаларым бас салып құшақтап, жерге жығып, сағынғанын айтып, жамырай жөнеледі. Сол кезде бақыттан басым айналады. Мұндайды көріп өскен олар біреуі ауруханаға түсіп, ем алып келсе немесе бір жарыстан жүлделі орын алып келсе бір-бірін құшақтап қарсы алады. Бізде бала түгілі, әкелер де мейірім көрсетуден жұрдай. Баланы иіскеу, құшақтауды артық санайды. Сөйтеді де қартайған шағында «Ұрпағым бақпай бара жатыр. Ұлым теріс қарайтын, ал қызым беттен алып, төске шабатын заманға жеттім» деп налиды. Баланың тәртіпсіздігі үшін ата-ана жауапты. Баласы біреуге пышақ сұғып, біреуді көлікпен қағып кетсе де ата-анасы жауапты. Бала бірдеңе сындырса, ата жауындай көріп, кішкентайынан қыспаққа алып, қаталдық танытады. Сынған зат қайта құрастырылмайды. Жоғалған зат табылмайды. Бір рет ұрыс та қой. Отбасымда бес орыс бала тәрбиеленуде. Оның үшеуі – ағайындылар. Үйдің үлкені – 21 жастағы Даниил. Қыздың кішісі Саша, бірақ біз оны Жарқынай деп атаймыз. Жарқынай – үш үйден қайтып келген балақай. Үш ата-ана да оны қабылдай алмай, балалар үйіне қайта алып келген. Біз сол жаққа концерт қоюға барғанымызда әбіржіген, шашы ұйпа-тұйпа болған оны көріп, жүрегіміз ауырды. Сосын ол бізбен бірге барғысы келетінін айтқан соң бес жасында үйімізге алып келдік. Алғашында Амангүл екеуіміз қасымызға алып, бірге ұйықтадық. Біресе мені, біресе Амангүлді құшақтап, ата-ана мейіріміне сусап қалғанын байқап, көзімізге жас алдық. Любовь деген қызымызды Махаббат, ал Снежананы Гүлімай деп атаймыз. Ал Тихон деген термеші балам «мені Темірхан деп атаңдар» деді. Сөйтіп, есімдерін өздері өзгертіп алды. Балалар үйіндегі есімдерін аса ұнатпайды. Асырап алған қызым Ғалия туған қызым Құндызайдың есіміне ұқсас болсын деп Жұлдызай деп атағанды жөн көрді. Өздері «саған Сәулемай, Еркемай деген есім жарасады» деп айтып отырады. Сашаны да ашық-жарқын бейнесіне бола жарқылдап жүрсін деп Жарқынай деп атауды құп санадық. Жарқынай демекші, ол алғашында домбыра үйірмесіне барғысы келген. Ал біз үйде шаң басып тұрған жетігенді кімге үйретсек болады деп жүрген едік. Бірақ ол кезде қаламызда жетіген үйрететін маман тапшы болды. Сосын Қарақат Әбілдина Ақтөбеде мектеп ашып, онда жетіген сыныбы барын естігенде қуанышымызда шек болмады. Ол сыныпқа кімді береміз деп ақылдасқанда Амангүл Махаббатты меңзеді. Бірақ мен Жарқынайдан мықты жетігенші көріп тұрғанымды айттым. Айтқаным сол екен, Жарқынай анасын құшақтап «Ертең көресіңдер, бәріңнен озамын» деді. Алла аузына салды, расымен ол бәрінен озып, астанада өткен «Мың бала» байқауынан бас жүлдені иеленді. Қарақатпен бірге сахнаға шықты. Бір айта кетерлігі, біздің балалар бір аспаппен шектелмейді. Жетігенде жақсы ойнайтыны домбыраны, ал қобыз тартқанды ұнататыны жетігенді үйренеді. «Мына аспапты ұнатпасаң да үйрен» деп қыспаққа алмаймыз. Өздері «Енді ана аспапты үйренсем бола ма?» деп сұрап алады. Балаларым – «Қазақстан таланттары», «Жас Талант KZ», «Галактика талантов», «XXI таланты» секілді халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Үйдегі сөреде 18 Гран-при жүлдесі, 100-ге жуық медаль тұр. Сол жүздің екеуі ғана күміс, қалғаны – алтын. Олардың арасында жекелей сында, сосын біздің – халықтық отбасылық Жетесовтар ансамблімен бірге өнер көрсетіп алған медальдары да бар. Барған жерінен жүлдесіз қайтпайды. Қайбір жылы бір байқауға бесеуін бірдей қатыстырғанымда, бесеуі де жүлделі оралды. Сайысқа қатысар кезде олар телефонға қараудан қалады. Тапжылмай отырып, репетиция жасап, бас алмай дайындалады.Туған қызым мен бауырыма басқан балам шаңырақ көтерді
Туған қызым Құндызай Шабыт университетіне оқуға түскен кезде баянда шебер ойнайтын балам Дамир осында колледжде соңғы курста оқитын. Сосын Дамир Амангүлге Құндызайға сезімі бар екенін, онсыз өмір сүре алмайтынын, бірақ жария қылайын десе бізден ұялып жүргенін айтқан. Қызыма хабарлассам, оның да балаға деген сезімі бар екен. Сөйтіп, екеуі бас қосып, отау ішінен отау тікті. Екеуінің көңіл жарастырғанын естіген туыстардан «Ата-анасы жоқ балаға қызыңды қалай бересің?» дегенді де естідім. Дамирді бауырыма бастың демесеңіз, ол – туғанымдай болып кеткен аса қымбатты жан. Қызымның Дамир секілді жігіттің етегінен ұстағанына алақайлап қуанбасам, налымаймын. Оның ешкімді қорламайтын, қамқорлықсыз қалдырмайтын жігіт болып өсіп шыға келгеніне көзім жеткен соң келісімімді бердім. Бүгінде үлкен ұлымнан төрт немере, қызымнан үш жиен сүйіп отырмын. Он үш жасында бауырыма басқан қызым да тұрмыста. Одан бір жиеніміз бар. Көлігімді күні кеше ғана біреу сұрағанын, сол ақшаға алып беретінімді айтқанымда апайы «Жаңа ғана келіп кеткен бір өнерпаздың әкесіне аспап туралы айтқанымда ол кісі «Одан да ол ақшаға жаңа көлік сатып алмаймын ба?» деп ашуланды. Ал сіз керісінше көлігіңізді сатамын дейсіз» деп таңғалғаны бар. Сосын Алматыға барып сатып әкелген аспаптарды көргендегі балалардың әсерін көрсеңіз. Төбелері көкке жетті. Бір балам «Өскен кезде астыңа қымбат көлік мінгіземін» деп көңілі босап, арқамнан қақты. Негізі, Бердібек Сапарбаев балаларға 2016 жылы 1 миллион 800 мың теңгеге бірнеше аспап алып берген. Бірақ олардың бәрі арзан әрі сапасы да онша емес, ал балалар арзан аспап ұстағысы жоқ. Бір күні бас жүлде иеленген бір балам залда отырса, қарсыласы болған бір бала келіп «Менікі – 200 мыңның домбырасы. Ал сен 60 мыңның домбырасымен не мақтанып отырсың?» деп қызғанып, түртіп өтіпті. Балам үйге келіп айтқан соң, ашуға булығып, Алматыға барып, 2 мың доллардың домбырасын әкеп бердім. Сосын әлгі баланың алдына барып, күй ойнап, енді одан кем түспейтінін ымдап келді. Қараңыз, мұндай бағалы аспап ұстаған баланың шоқтығы да, талабы да биік болады. Ал талаптанған баланың бетін қақпау керек екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Бірақ аспапты баптап ұстаудың да машақаты көп. Сенбессіз, бірақ, балалардың аспабын күтіп ұстауға 300 мың теңгедей жұмсалады. Ішектерін ауыстыру, қылын түзету қымбат. Мен 2019 жылға дейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін, бірақ дәл сол жылы біраз қиналдық. Бұрынғыдай асаба емеспін. Қазір той иелері көбіне жас асабалардың басқарғанын қалайды. Өкініштісі сол, бүгінде асабалар жын-ойнақ жасауға құмар болып алған. Асабаның ауызынан аталы сөз естімейсің. Арзан күлкі, айқай-шу, ортаға шығарып домалатып билеткеніне ішің ашып үйге қайтасың.Рим Папасының арқасында әлемге танылдық
Жазда белгілі композитор Бауыржан Ақтаевтан дәріс алу үшін бас қалаға бардық. Сол кезде ақтөбелік бір жігіттің шақыруымен Достық үйінде маңызды тұлғалардың қатысуымен өтетін басқосуда өнер көрсеттік. Дәлізде өнер көрсетіп отырғанымызда арамызда орыстардың ұлттық аспап тартып отырғанын байқаған Сергей есімді шіркеу қызметшісі телефонына түсіріп жүргенін байқадым. Сосын қасыма жақындап сұрастырғанда олар менің балаларым екенін айтып едім, ол таңғалып, бізбен ұзақ сөйлесіп тұрып алды. Сөйтіп, онымен жақсы дос болып алдық. Содан соң ол бізді шіркеуге шақырып, онда концерт өткіздік. Ондағылар бізге қаржылай көмек көрсетті. Сосын ол Рим Папасы елге келетінін, бізді оны қарсы алуға шақыратынын айтты. Бірақ біз көңілімізге қарап, асыра айтып тұрған болар деп сенбедік. Кейін өзі хабарласып, билет алып қойғанын, нақты қай күні келетінімізді айтқанда барып қана сендік. Сол кезде Сенаттан хабарласып, 15 күн ішінде бізге жаңа киімдер тігіп берді. Осылайша, Рим Папасының арқасында киініп қалдық. Рим Папасы шіркеуге кірер тұста өнер көрсетіп отырған жерімізде кідіріп, біздің өнерімізді тамашалап, қол соқты. Керемет әсер алдық. [caption id="attachment_197483" align="alignnone" width="2048"]Бұйырса, қараша айында Ақтөбедегі өнер орталығында біздің отбасылық ансамбльдің жеке концерті өтпек. Оған дейін кіші залдарда концерт қойып жүрген едік. Жоғарыда айтып өткендей, Кореядағылар секілді әбден пісіп, толысқанда ғана үлкен сахнаға шығаруды көздеп жүрген едім. Ет әбден піскен кезде ғана сорпа дәмді болып шығады. Сол секілді алты жастан бері музыка десе елең ететін балаларымның мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсете алатын сәті келді.Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ