Қаламгерлік пен қайраткерлікті қабыстырған...

Қаламгерлік пен қайраткерлікті қабыстырған...

Қаламгерлік пен қайраткерлікті қабыстырған...
ашық дереккөзі
Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, ақын-журналист, жазушы Әлібек Қаңтарбаевпен ширек ғасыр аралас-құралас болып келе жатқандықтан, жақсы білем ғой деген мен ол туралы материал жазуға отырғанда біраз қиналдым. Өмірбаянын тізбелеп өтсем, оқырман ағамыздың ақындығы мен жазушылық шеберлігінен бейхабар қалары анық. Ал, керісінше, шығармаларын талдауға көбірек ден қойсам, бұл жазбам көпшілікке қызықсыз болуы мүмкін. Сондықтан мен әр тараушада Әлекеңнің өсу баспалдақтарын, өрлеу сатыларын оның өз шығармаларынан, өзінің әзіл-шыны аралас шұрайлы тілімен, бейнеленген суреттей сөздерімен әдіптелген үзінділеріне мынау лирикалық очерктің өзегін өріп отыру үшін, автордың рұқсатымен, аздаған «жиендік» жасадым. Қандай тұлғаның да ғұмыры балғын балалықтан басталады ғой. Сонымен... Қалидың қарасы «...Мені еркелетіп өсірді. Үш қыздан соң «өл­генде» көргендікі ме, әлде соғыс лаңы ер адам­дардың шын қадірін білуді үйретіп кетті ме, мен туғанда колхоз бастық әкем ұланасыр той жасапты... Семьядағы басты назар менде бо­латын. Үш апайым, менен кейін туған қа­рын­дастарым мен отырған жерде кісі сана­тына қосылмайтын. Апа, қарындастарымды тәбетім шапқан шақта боқтай салуға, түйіп қалуға да қақылы болдым. Қысқасы маған сот жоқ еді. Таң ата, көзімді тырнап аша сала жар­биып әкемнің артына мінгесетінмін. Кү­ні бойы қалғып-шұлғып әкем қайда барса сонда салақтап кеп жүретінім есімде. Ауыл адам­дары іштерінен суқандары сүймей тұрса да колхоз бастыққа жағыну рәсімін жасап, «Қа­кеңнің қарасы» деп басымнан сипайтын. Ауыл болған соң той-томалақ болады әрине. Бас­тықты төрге шығарады, жыртиып мен де төрде отырамын...». Әлібек ағамыздың атасы Қаңтарбай – еті тірі, адуынды, көшбасшы, Қатон­қара­ғай өңіріндегі Қаратайға сіңісіп кеткен аз ғана Уақтың аузы дуалы ақсақалы болған адам екен. Ұрпағының тектілігін ойлаған ақ­сақал балаларының кенжесі Қалиды сол өңір­дегі ауқатты ақсүйек Нүріскенің 15 жасар Мәрияманар деген бойжеткеніне үйлендіреді. 1937-нің қызыл қырғынының зобалаңы бұ­лар­дың отбасына да қырсығын тигізбей қой­майды. Сол жылы алдымен нағашы атасы Нүріс­кені, іле-шала Жаңатілек колхозында бас­тық болып жүрген әкесі Қалиды «халық жауы­на» жатқызып, итжеккенге алып кетеді. Ұлы Отан соғысы басталған жылғы қара күзде түр­меде жатқандардан жасақталған «айып­ты­лар батальонының» құрамына ілініп, мала­қайда жұлдызсыз, белде белбеусіз, үш адамға ортақ бір винтовкамен Мәскеу түбіндегі қан­ды қасапқа кіреді. «Қырық жыл қырғын бол­са да, ажалды өледі» деген рас екен. Айы­бын қанымен жуып, Жеңісті Польша жерінде қар­сы алған Қали 1945 жылы Топқайыңға ора­лады. – Әкемнің замандастары қанында бар ай­мүйіз қасиеттерін бетпақ қатындай бедеу қо­ғамға тонатқан, рухтарын жалған демок­ра­тия­ны жалау еткен коммунистік идеоло­гия­ның керзі етігіне таптатқан бейбақтар бо­ла­тын. Олар – әртістер еді, өмір бойы мас­сов­ка­да ойнады, – дейді Әлібек Қалиұлы, – партия-ре­жиссердің ернінің емеурінімен, көзінің қиығымен жүгірді, ой-сана еркіндігі дегенді біл­ген де жоқ. Режиссер отқа түс десе – отқа түс­ті, суға түс десе – суға түсті. Қуаныштары да тым шектеулі, өмірлерінде титімдей жақ­сы­лық көрмей, көз жұмған әкем сынды аза­маттардың тәлкекті тағдырын ойыма алғ­ан сайын өзегімді қорғасын құйғандай өртті өкініш жайлайды... Қой фермасының бастығы болып жүр­ген Қали совхоз орталығына есеп бер­мек болып жолға шығып, 1966 жылдың қы­сында қар көшкінінің астында қалып елу ал­ты жасында опат болады. Совхоздың екі жүз­дей жұмысшысы үш күн іздеп, марқұмның мүрдесін әзер тауыпты. «...Қар қапалақтап жауып тұр. Қоңқайдың бауы­рындағы аруақтар мекені. Менің сүйікті әкем­ді – шиеттей он бір бала – сегіз қыз, үш ұл­дың асқар таудай арқа сүйерін лақат қуы­сына икемдеп барады. Көзімде жас жоқ. Апта бойы жылағаннан болар, қасіреттің қап-қара жасы пышақпен кескендей тиылыпты. Санам мен ішкі жан-дүниемді әлдекім қопара тонап әкеткендей. Алқымымдағы тобықтай бір ащы кесек не ары, не бері кетпей, тынысымды буып тастаған. Алты жасар інім Қайрат: «Ағамды көм­бең­дерші!» деп ботадай боздайды. Титімдей Талғат қо­лымнан тас қып ұстап алған, «жылау керек пе, жоқ па?» дегендей бетіме жаутаңдайды... Ала­таудай асқарым деп жүрген әкем лезде төм­пешікке айналды. Мен ешқандай сүйе­ніш­сіз, қатігез өмірмен бетпе-бет қалғанымды еп­теп түйсінгендеймін. Тоңазып барамын. Суық ішіме де кіріп кеткен сияқты...». Дана қазақтың өмірдің өзінен алынған «Әкесіз жетім – ерке жетім, шешесіз же­тім – шын жетім» деген мақалы бар ғой. Ше­­шесінің қайратын бозбала Әлібек сол кездері көрді: жаны тулақтан да сірі, төзімі бо­латтай, қайсар қазақ әйелі осы аяулы ана­сын­дай-ақ болсын. Шиеттей он бір баламен же­сір қалған боркемік біреу болса, барлығына жоғары білім әпергенді қойып, аш қалдырар еді. Ал Мәнаштай күйеуінің қырқынан соң көз жасын тиып, белін шарт түйіп, күнін түнге, тү­нін күнге айырбастап, тасқайнат үнеммен ба­лаларын жетіспеушілік пен жетімдік қа­мы­тынан алып шықты. Әлекеңнің екінші апайы Қапила екінші курстан сырттайға ауысып, ауыл­да жұмысқа тұрды. «Сен қалайда оқуың ке­рек!» деп шешесі екеуі Әлібекті оқуға жібер­ді. Ол Семей педагогика институтының бір орын­ға 15 үміткер болған қазақ фило­ло­ги­я­сы факультетіне тапсырып, бағы жанып, сту­дент атанды. Жастығымның Жиделібайсыны – Семей болды «... Қазақтың небір мықтыларының қанат қағып ұшар ұясы болған қасиетті Семей. Сон­да менің төрт жылым өтті. Онда менің жас­ты­ғым өтті. Сонда мен өмірлік достар таптым. Қа­зір философия ғылымдарының докторы, про­фессор, Ғылым академиясының ака­демигі болып отырған Ғарифолла Есім, Ая­гөз ауда­нын­да ұзақ жылдар мектеп ди­рек­торы болған Асхат Смайылов нағыз достар еді... Атақты ғалым Қайым Мұхамедхановтан, классик жазу­шы Медеу Сәрсекеден дәріс тың­дап, тәлім ал­дым... Ең бастысы – кейін ғұмыр­лық жарым, өмір­дегі тірегім, сүйенішім, қос құлынымның анасы Гүлжанды да сонда жолықтырдым. Се­мей менің жастығымның Жиделібайсыны бол­ды...». Ол кездегі студенттерде оқуға, білуге де­ген құштарлық ересен еді. Жаңа шық­қан кітаптарды іздеп жүріп, тауып алып оқи­тын. Жалпы, сөз өнерін жағалаған қазақ ба­­­ласының қайсысының бойында да таби­ғаттың берген дарыны болады. Ал сол дарын-та­лантты өсіру де, өшіру де әркімнің өзінің қо­лында. Әлібек те институттың «Жас қалам» үйір­месіне, сол аттас қабырға газетіне белсене ара­ласты. Облыстық теледидардан ай сайын бері­ліп тұрған «Жастар және уақыт» атты әде­би бағдарламаға да автор ретінде қатысып, об­лыстық «Семей таңы» газетіне өлеңдері мен ша­ғын мақалалары жарияланатын. Ондай сту­денттер «ақын», «жазушы» атанып, өзге­лер­ден шоқтығы асып жүретін. Ол «еңбектерінің» қа­ламақысы да әжептәуір, ақшасын алған ке­здері жарты қарын, тесік қалта студенттер үшін бір мереке болатын. Өлең, мақалалары бас­па бетін көретін студенттерге мұғалімдер де оң көзімен қарап, сессияларда көп шүйіл­мей­тін еді. Көпшілікпен бірге студенттік шақ­тың қызығын да шыжығын да бастан өт­керген қатонқарағайлық бозбала тіршілік­тің тайқазанында біраз шыңдалды, есейді. Махаббатын тапты... – Семейдегі жылдарым менің адам болып, әде­биетші болып қалыптасуыма зор ықпал ет­ті. Әдебиет пен жазу өмірімнің мұраты бола­рын да осында түйсіндім, – дейді Әлекең. Өзі ме­німен әңгімелесіп отырса да жады мен ойы бір сәт сонау жастық шағына, сол кезеңінің қан базарына айналған Семейге, сол қалада жо­лықтырып, өзіне құлай ғашық еткен Гүл­жанына сапарлап кеткен сияқты. Әттең десеңші, жарты ғасыр бірге жүрген жан жары орта жолдан асқанда жалғыз қалдырып кет­ке­нін қарашы... «әлі бейітінің топырағы да кеуіп үлгерген жоқ... мен болсам тілшіге сұхбат бе­ріп отырмын...». Тұнжырай қалған отаға­сы­ның ойын бөлгем жоқ. Байқап отырмын, Әла­ғам бір сәт теріс қарап, бойын қайтадан тік­теп алды. Діңі мықты адам ғой, босаңсы­ға­нын сездіргісі келмеді. Қобалжығаны жарық­шақтана шыққан даусынан ғана білініп отыр. Әңгімемізді одан әрі жалғай түстік: – Қолыма диплом тиген бойда ешкімнің жерұйығына айыр­бастамайтын ауылым – Топ­қайың қай­дасың деп тартып тұрдым. Қай­да жүрсем де сол ауылдың әрбір тал аға­шын, жас-кәрісін түгел сағынатынмын. Әлем­дегі бар қызық, қуа­ныш тек қана Топқайыңда сияқ­ты көрі­нетін. Топқайыңның адамда­рын­дай даныш­пан, олардай әзілкеш, дәл солардай өркеуде, жанкешті адамдар басқа жерде бо­ла­ды дегенге сенбейтінмін... Өзі сегіз жыл оқыған мектебі, өзіне са­бақ бер­ген мұғалімдері енді дипломды жас маман болып оралған Әлібекті жатсынбай, құ­шақ жая қарсы алды. Өзінің тікелей саба­ғы­нан бөлек, мал отарларына оқушылар­ды алып ұйымдастырылатын түрлі концерт, мә­дени жорықтар, үгіт-насихат жұмыстарына да аянбай атсалысты. Бір жылдан кейін, 1971 жы­лы жас маманды Армия қатарына ша­қы­рып, Әлекең Қиыр Шығыстың Благовещенск қаласында 10 ай әскери борышын өтеп, екі ай офицерлік курсынан өтіп, елге оралды. Сол жы­лы Гүлжанын да алып келіп, анасының шаңырағына келін етіп түсіріп еді. Үйлене салып, «Жаңа үлгі» ауылындағы сегізжылдық мектепке жұмыстарын ауыс­тырып, сонда көшті. Сондағы жас мұға­лім­дердің негізгі жүктері үш қап кітап еді. Жас се­мьяға берген қарғаның ұясындай бір бөл­мелі үй бұларға хан сарайындай болған-ды. Гүлжан да сегіз балалы үлкен отбасынан шыққан екен. Олар Жарма ауданының Бөке деген өндірме-кентінде, біршама ауқатты тұра­тын. – Жаз шыға Гүлекең екеуіміз қол ұстасып-ап қайынжұртқа тартамыз. Бір ай жатып, қоң жи­­наймыз, – деп күледі Әлағам. – Келіндері мен күйеу балаларын қадірлеген адамдар со­лар­дай-ақ болсын! Гүлжан екеуіміз елге қай­тарда сөмкелерімізді толтырып, жолға би­лет­ке дейін алып беріп, тіпті атам аудан орта­лы­ғына дейін шығарып салатын. Ол да бір естен кет­пес тәтті күндер еді-ау! – деп қимас адамын тағы бір еске алып, ауырлау күрсінді... Әлібек пен Гүлжан Қаңтарбаевтар қос құлыны – Жанна мен Дулатты қол­тық­тарына қысып жүріп, Қатонқарағай ауда­нының көптеген мектебінде еңбек етті: Әлекең завуч болды, директорлық қызмет атқарды. Әрине, қызмет болған соң оның қы­зығы да, шыжығы да аз болған жоқ. Жақ­сы­ларға жақын, жаман­дардан аулақ жүрді. Абыройсыз болған жоқ, Аллаға шүкір, бұлар­ды сағынатындар да, өздері сағынатындар да көп болды... Мен сұхбаттасымның шешендігіне, ті­лінің шұрайлылығына таң қалып, бас иемін. Жазуы мен ауызекі әңгімесі бірдей. Осы арада Әлекең туралы іні-досы Әлібек Ас­қаровтың сөзі ойға оралады. Ол былай де­ген: «...Баламер Сахариев, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бө­кей, Дидахмет екеуіміз сияқты қалам ұста­ған ауылдастары асығыс қалаға аттан­ғанда Әлекең жалғыз қала берді ауылда... Бір есептен ол ұтты. Өйткені Әлекеңмен құнары мол қаза­қы қара тілдің қаспағына таласқан ешкім бол­мады. Жалпы, тілдің мәйегі, тіл қазынасы ауыл­да ғой. Осы жылдары Әлекең сол мүм­кін­дікті орынды пайдаланып, уақыт оздырмай мей­лінше меңгерген, бойына сіңірген сыңайда. Оның кез келген шығармасын оқымаңыз, автор тілінің байлығына, оны орнымен қол­дана білуіне тәнті боласыз»... Онысы рас, Әле­кең­нің оқырман қолына тиген «Сол бір кез есім­де», «Алаш азаматы», «Досыма хат», «Жұл­дыз­дар сөнбейді», «Тұлға», «Дөңгеленген дү­ние», жуықта ғана тұсауы кесілген «Қасқыр тір­лік» сияқты прозалық кітаптары мен «Аға­жай, Алтайдай жер қайда», «Өзегім от пен жа­лын, өртті демім» атты жыр жинақтары – сөреде жатып қалатын дүниелер емес, оқыр­ман­ның қолынан түспейтін шығармалар. Әле­кеңнің өлеңдері туралы қазақтың танымал ақыны Қасымхан Бегманов «Жұлдыз» журналында жарияланған бір сұхбатында өзі­нің пікірін былайша білдірген екен: «...Алматы мен Астананың көшесіне сыймай, өз-өздерін классик санап күпиіп жүрген та­лай­лардың мысын басатын жырларын елеусіз ғана жазып, елде жүрген Әлібек ақынға іштей қатты риза болдым. Төр Алтайдай өр мінезді, тау тағысындай секемшіл, бірде мұңды шер­тетін, бірде сырлы сағынышты лекітетін өк­сікті жырларды бас алмай оқып шықтым...». Проза мен поэзияны құстың қос қанатындай ұстанған, ауызекі сөзінде де селкеу жатқан сезіміңді бұрқ еткізіп, рухыңды марғаулықтан оятатын көркем сөздің шешені Әлағаларын өскемендіктердің, әсіресе жастардың үнемі іздеп жүретіні, ол қатысады деген жиындардан қалмайтыны да сондықтан ғой... Ғұмырының бірер сәтін ойша барлап қайт­қандай, азғана үнсіздіктен соң сұқ саусағын жоғары көтеріп, Әлекең менің өзіне қой­ған сұрағымды қайталады да, өзін толған­дырып жүрген мынау желқайық қоғамның қатпарларын ақтарды-ау дерсің. «Дидар» – мені әдебиет әлеміне ұшырған әуежайым болды «...Ұшып-қонарым да, тәубеме түсіретін Аяз би – шапаным да сол қара шаңырақ бол­ған. Кезінде Шериаздан, Ғаббас, Мүсілім, Серік, Тұр­ғазы ағалардың, Оралхан мен Дидах­мет­тің, Ұлықбектің қолтаңбалары қалған «Ди­дардың» бес елі бағы – оған кілең бір қаламы жүйрік, ойлары ұшқыр журналистер топта­сады. Мұндайды қазақ «Құт қонған шаңырақ» деп жатады. «Дидарлықтардың» басты «кем­шіліктері» – олар мүлдем жаман жаза ал­майды. Ал кездейсоқ бір дүмше, қотиын жур­налистер кеп қалса, олар анадай бесаспап топқа мүлдем артық екендіктерін шұғыл сезінеді де тезірек кетуге мәжбүр болады...». Әлібек Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетіне көп уақыт әдеби ор­та­дан саяқ жүріп, шығармашылыққа деген ын­тықтығы мен сағынышы іштей бұрқылдап, тау­дың төбесін тесіп атылар вулкандай сар­қылдап қайнаған кезде, нағыз жазатын, жаз­баса мүлдем болмайтын кезде келді. Билік те сол кезеңде ашылып, ашынып жазуға мүм­кін­дік берген кез еді. Баспасөз өкілдері қоғамның барлық саласында балақты түріп, білекті сыбанып ұрандап жүрді, қазақтың соңғы екі-үш ғасырдың ішінде жоғалтқан, тонатқан асылдарын жатып кеп іздеп, шаң-тозаңнан арылтпаққа әрекеттенді. Тіл, салт-дәстүр, по­лигон зардабы мен желтоқсан жаңғырығы сияқ­ты өзекті мәселелер үшін, дін мен діл үшін журналистер ғазауат майданын ашты. Қазағы халқының төрттен бірін ғана құрап отырған, орыс ұлты басым болған Шығыс Қазақстанда бұл тақырыптар «қара қазан мен қара баланың қамынан» гөрі әлдеқайда өткір тұрған еді ол кезде. Ұжымға тың күш болып қосылған Әлі­бек Қаңтарбаев сол жылдары көп жаз­ды, өткір жазды, өлтіре жазды. Журналист пен жазушы үшін ең үлкен шығармашылық әрі кәсіби ләззат – шындықты қанын сор­ға­лата жазу екенін түйсінген және осындай бағытты өз шығармашылығында бағдаршам етіп ұстанған Әлекең не жазса да сол ұстаны­мынан танған жоқ. «Біз тәуелсіз елміз бе?» деген тақырыппен «Қаладағы қазақ тілінің рөлінің, қазақша айтқанда, қол сүртуге де жарамайтынын», «Біз жарқылдап күл­мегелі қашан?» дей отырып, қазақ тілін көр­кейтудің даңғазалық күйде екенін, жоғары жаққа есеп беру үшін ғана күн тәр­тібіне қойы­латынын өлтіре сынаған. «Ел мен жер қасіреті» деген мақаласында ауыл­дардан елдің көшіп, жердің жетімсіреп қалуына жаны күйзеледі. Сол өткір, ашылып та ашынып жа­зылған мақа­лаларының өзі жүрекке жетер­ліктей байыпты, дәлелді, оқырманын шым-шымдап тартып әкететін көркем шығарма тәрізді... Бұл арада Әлекеңнің мақалаларын талдап жату орынсыз болар, дегенмен, оқырмандар алдында журналистің беделін шырқай көтерген оның «Қазақ балалары дәрет­ханада оқып жатыр» деген және 1999 жы­лы бүкіл елді шулатқан қылмыстық оқиға – Шығыс Қазақстанды басып алып, «Русский Алтай» деген жеке автономия құруды мақсат еткен, бірақ қолға түсіп, 18 жылға ке­сіл­ген Казимирчук-Пугачев деген қарақшылар то­бы туралы сот залынан жазған очеркі бол­ды. Алғашқы мақала жарыққа шыққан күннің ертеңінде сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сол мектепке барып, асып-төгіліп жатқан оқу­шыларды оқыту үшін дәретхана бөлмелерін де сынып бөлмелеріне айнал­дыруға мәжбүр болған мүшкіл халіне көз жеткізіп, шұғыл шара қолданып, біраз уақыт­тан кейін сол қазақ мектебіне жартылай бос тұрған орыс мек­тебінің ғимаратын алып бер­ген еді. Әлекеңнің осындай шегіне жеткізе жазған мақалаларын жұртшылық із­деп, күтіп отыратын болды. Редакцияға деп емес, Қаңтарбаевтың жеке өзіне қалың оқыр­маннан хаттар келетін болды. Тәні ауырса, дәрігерге баратын елдің ішіндегі жаны ауырып, қысым көріп, әділетсіздікке кез болғандар Әлекеңнен хат арқылы да, редакцияға келіп те көмек сұрайтын болды... – Өзің білесің, осы Шығыста өткен ғасыр­дың 90-жылдарына дейін қазақ деген ел бар екен-ау, оның да руханияты бар шығар дей­тіндей ұғым биліктің миына кіріп те шық­па­ғанын. Ұлыорыстық шовинизм ойларына кел­генін істеді. Мүлдем орыстандырып жібер­ді. Ұлымызды мұсылманша сүндетке отырғыза ал­май, қызымызды өз әдет-ғұрпымызша ұзата ал­май жертезек болғанымыз кеше ғана емес пе еді. Шығыстың жері мен көгінің арасын тек орыс­ша атаулар шаңдатып, алатопан ойран сал­ғанын қалай ғана ұмытайық. Сол кезде сен бар, біз бар, бәріміз де жаппай шырқырадық. Жанталастық. Әрине, тәуелсіздіктен кейін. Біраз шаруаның бетін ақиқатқа бұрдық емес пе, – деп ардагер журналист-жазушы сол бір ал­ма­ғайып кезеңді бір сәт жымия есіне түсір­гендей болып, сұқ саусағын әлдеқайда безей отырып, бүгінгі заманның тіршілік-тірлігіне өкпесін білдіріп қалды. – Ал енді сол біз іздеген, біз күрескен, біздің замандастарымыз жоқ­таған имандылық пен ізгіліктің эволю­ция­лық формуласы бүгінгі таңда пенде таны­мастай өзгеріске ұшырап, алағай-бұлағай күй­ді бастан кешіп жатқанын көргенде – ішім то­тияйын құйғандай қақырайтыны рас. Қас­қыр боп ұлып кетудің ар жақ, бер жағын­да­мын... Жаңа Қазақстанды жаңаша ой­лайтын, өткен жүйедегі албасты қасиеттерді бойына сіңірмеген жаңа адамдар жасауы ке­рек. Әлағаң Қазақстан Жазушылар одағының Шы­ғыстағы филиалына 2016 жылдан бері же­текшілік етіп келеді. Сол кездегі 5-6 адамнан бүгін­де Одақ мүшелерінің саны 24-ке жетті. Сандаған мүшәйра, айтыстың өтуіне мұрын­дық болды Әлекең. Соңғы екі жыл қа­тары­нан «Төр Алтай жырлайды» деген атаумен жыр-фестивалін өткізді. «Абай әлемі» деген серия­мен жерлес ақын-жазушылардың кітап­тарын шығарып келе жатқалы бес жыл болды. Қазір өзінің редакторлығымен «Төр Алтай» атты әдеби журналдың екінші саны баспақа­надан шыққалы жатыр. *** – Бос кезім бола қалса, жатып кеп сағы­ныш иектейді. Баяғыдағы жалаңаяқ, жалаңбұт бала кез, желбіркөкірек бозбала шақ, жастық ке­шуімдегі бозала күндер боздата сағын­дыр­тады. Сондай ескетті шақтарда аңыратып Төр Алтайға – Қатонқарағайға тартып кеткім ке­ліп кететіні бар. Алайда, онда да сағыны­шы­ма дауа таптыратын жандар мүлдем азайып қалды: көбі – бүгінде о дүниелік... Мен әлі күнгі Қа­л­ихан көкемнің тілінің ғажап байлығына таң қалумен, Оралханның жаңашылдығына тәнті болумен келемін. Дидахмет көп дүниеге үлгер­меді. Әлібек Асқаров – жанкешті ең­бекқор жазу­шы. Баршасы мен үшін қимас жандар. Қи­мастарым, сағынатындарым... Алай­да, боз­шолақ дүниенің түбі боздап қалу­мен тұйық­талатыны, соңғы нүктесі өксіктің бір түйір жа­сымен қойылатыны рас екен, – деп әңгіме­міз аяқталғанда Әлібек Қалиұлы сел­қостау қоштасты. Жай кездері жайдары, әзіл-қал­жыңы­мен түйреп тастап отыратын жазушы ағамыздан дәл осы сәт көңілділікті күту әбес­тік болар еді, жақында ғана қоса­ғынан айы­рылған Әлекеңнің жан жарасы әлі де жа­зылмаған... Дегенмен, психолог қаламгер өзі­нің адамды баурап алар шешен тілімен сұх­батымыздың соңғы нүктесін оптимистік но­тамен өзі қойды: – Мен пенделік бақыттан да, азаматтық ба­қыттан да құралақанмын деп айта алмай­мын. Құйрық-жалсыз емеспін: ойсырай кеті­ліп қалғандығы болмаса толыққанды жанұям, ұл-қызым, немерелерім бар. Біреулерден кейін, енді біреулерден озық тірлігім бар. Өз қоға­мым, өз ортам бар. Осы Шығыста да, байтақ елімізде де мен танитындар, мені танитындар, әсіресе қалам ұстаған жастар жағы өте көп. Прозада қазіргілердің ішінде Дәурен Қуаттың аяқ алысы тым ерен. Түбі осы жігіт осы беті­мен қалам сілтей берер болса, қазақ прозасын бір биікке орнықтыратынына сенемін. Ал, поэзия... Бүгінгі қазақ поэзиясы ерекше дамып кеткен. Дамып деген сөз менің ойымды дөп басып бере алмауы да мүмкін. Алапат секіріс бар... Алланың маған да аманаттаған қасиеті осы шығармашылық қой, кеш болса да сол қасиетіммен табысып, соны мынау қамшының сабындай жалғанда талшық етіп, ермек етіп отырмын. Соған тәубе деймін.

Айтмұхамбет Қасымов, Қазақстанның Құрметті журналисі Өскемен