Қаламгерлік пен қайраткерлікті қабыстырған...
Қаламгерлік пен қайраткерлікті қабыстырған...
Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, ақын-журналист, жазушы Әлібек Қаңтарбаевпен ширек ғасыр аралас-құралас болып келе жатқандықтан, жақсы білем ғой деген мен ол туралы материал жазуға отырғанда біраз қиналдым. Өмірбаянын тізбелеп өтсем, оқырман ағамыздың ақындығы мен жазушылық шеберлігінен бейхабар қалары анық. Ал, керісінше, шығармаларын талдауға көбірек ден қойсам, бұл жазбам көпшілікке қызықсыз болуы мүмкін. Сондықтан мен әр тараушада Әлекеңнің өсу баспалдақтарын, өрлеу сатыларын оның өз шығармаларынан, өзінің әзіл-шыны аралас шұрайлы тілімен, бейнеленген суреттей сөздерімен әдіптелген үзінділеріне мынау лирикалық очерктің өзегін өріп отыру үшін, автордың рұқсатымен, аздаған «жиендік» жасадым. Қандай тұлғаның да ғұмыры балғын балалықтан басталады ғой. Сонымен...
Қалидың қарасы
«...Мені еркелетіп өсірді. Үш қыздан соң «өлгенде» көргендікі ме, әлде соғыс лаңы ер адамдардың шын қадірін білуді үйретіп кетті ме, мен туғанда колхоз бастық әкем ұланасыр той жасапты... Семьядағы басты назар менде болатын. Үш апайым, менен кейін туған қарындастарым мен отырған жерде кісі санатына қосылмайтын. Апа, қарындастарымды тәбетім шапқан шақта боқтай салуға, түйіп қалуға да қақылы болдым. Қысқасы маған сот жоқ еді.
Таң ата, көзімді тырнап аша сала жарбиып әкемнің артына мінгесетінмін. Күні бойы қалғып-шұлғып әкем қайда барса сонда салақтап кеп жүретінім есімде. Ауыл адамдары іштерінен суқандары сүймей тұрса да колхоз бастыққа жағыну рәсімін жасап, «Қакеңнің қарасы» деп басымнан сипайтын. Ауыл болған соң той-томалақ болады әрине. Бастықты төрге шығарады, жыртиып мен де төрде отырамын...».
Әлібек ағамыздың атасы Қаңтарбай – еті тірі, адуынды, көшбасшы, Қатонқарағай өңіріндегі Қаратайға сіңісіп кеткен аз ғана Уақтың аузы дуалы ақсақалы болған адам екен. Ұрпағының тектілігін ойлаған ақсақал балаларының кенжесі Қалиды сол өңірдегі ауқатты ақсүйек Нүріскенің 15 жасар Мәрияманар деген бойжеткеніне үйлендіреді. 1937-нің қызыл қырғынының зобалаңы бұлардың отбасына да қырсығын тигізбей қоймайды. Сол жылы алдымен нағашы атасы Нүріскені, іле-шала Жаңатілек колхозында бастық болып жүрген әкесі Қалиды «халық жауына» жатқызып, итжеккенге алып кетеді. Ұлы Отан соғысы басталған жылғы қара күзде түрмеде жатқандардан жасақталған «айыптылар батальонының» құрамына ілініп, малақайда жұлдызсыз, белде белбеусіз, үш адамға ортақ бір винтовкамен Мәскеу түбіндегі қанды қасапқа кіреді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен. Айыбын қанымен жуып, Жеңісті Польша жерінде қарсы алған Қали 1945 жылы Топқайыңға оралады.
– Әкемнің замандастары қанында бар аймүйіз қасиеттерін бетпақ қатындай бедеу қоғамға тонатқан, рухтарын жалған демократияны жалау еткен коммунистік идеологияның керзі етігіне таптатқан бейбақтар болатын. Олар – әртістер еді, өмір бойы массовкада ойнады, – дейді Әлібек Қалиұлы, – партия-режиссердің ернінің емеурінімен, көзінің қиығымен жүгірді, ой-сана еркіндігі дегенді білген де жоқ. Режиссер отқа түс десе – отқа түсті, суға түс десе – суға түсті. Қуаныштары да тым шектеулі, өмірлерінде титімдей жақсылық көрмей, көз жұмған әкем сынды азаматтардың тәлкекті тағдырын ойыма алған сайын өзегімді қорғасын құйғандай өртті өкініш жайлайды...
Қой фермасының бастығы болып жүрген Қали совхоз орталығына есеп бермек болып жолға шығып, 1966 жылдың қысында қар көшкінінің астында қалып елу алты жасында опат болады. Совхоздың екі жүздей жұмысшысы үш күн іздеп, марқұмның мүрдесін әзер тауыпты.
«...Қар қапалақтап жауып тұр. Қоңқайдың бауырындағы аруақтар мекені. Менің сүйікті әкемді – шиеттей он бір бала – сегіз қыз, үш ұлдың асқар таудай арқа сүйерін лақат қуысына икемдеп барады. Көзімде жас жоқ. Апта бойы жылағаннан болар, қасіреттің қап-қара жасы пышақпен кескендей тиылыпты. Санам мен ішкі жан-дүниемді әлдекім қопара тонап әкеткендей. Алқымымдағы тобықтай бір ащы кесек не ары, не бері кетпей, тынысымды буып тастаған.
Алты жасар інім Қайрат: «Ағамды көмбеңдерші!» деп ботадай боздайды. Титімдей Талғат қолымнан тас қып ұстап алған, «жылау керек пе, жоқ па?» дегендей бетіме жаутаңдайды... Алатаудай асқарым деп жүрген әкем лезде төмпешікке айналды. Мен ешқандай сүйенішсіз, қатігез өмірмен бетпе-бет қалғанымды ептеп түйсінгендеймін. Тоңазып барамын. Суық ішіме де кіріп кеткен сияқты...».
Дана қазақтың өмірдің өзінен алынған «Әкесіз жетім – ерке жетім, шешесіз жетім – шын жетім» деген мақалы бар ғой. Шешесінің қайратын бозбала Әлібек сол кездері көрді: жаны тулақтан да сірі, төзімі болаттай, қайсар қазақ әйелі осы аяулы анасындай-ақ болсын. Шиеттей он бір баламен жесір қалған боркемік біреу болса, барлығына жоғары білім әпергенді қойып, аш қалдырар еді. Ал Мәнаштай күйеуінің қырқынан соң көз жасын тиып, белін шарт түйіп, күнін түнге, түнін күнге айырбастап, тасқайнат үнеммен балаларын жетіспеушілік пен жетімдік қамытынан алып шықты. Әлекеңнің екінші апайы Қапила екінші курстан сырттайға ауысып, ауылда жұмысқа тұрды. «Сен қалайда оқуың керек!» деп шешесі екеуі Әлібекті оқуға жіберді. Ол Семей педагогика институтының бір орынға 15 үміткер болған қазақ филологиясы факультетіне тапсырып, бағы жанып, студент атанды.
Жастығымның Жиделібайсыны – Семей болды
«... Қазақтың небір мықтыларының қанат қағып ұшар ұясы болған қасиетті Семей. Сонда менің төрт жылым өтті. Онда менің жастығым өтті. Сонда мен өмірлік достар таптым. Қазір философия ғылымдарының докторы, профессор, Ғылым академиясының академигі болып отырған Ғарифолла Есім, Аягөз ауданында ұзақ жылдар мектеп директоры болған Асхат Смайылов нағыз достар еді... Атақты ғалым Қайым Мұхамедхановтан, классик жазушы Медеу Сәрсекеден дәріс тыңдап, тәлім алдым... Ең бастысы – кейін ғұмырлық жарым, өмірдегі тірегім, сүйенішім, қос құлынымның анасы Гүлжанды да сонда жолықтырдым. Семей менің жастығымның Жиделібайсыны болды...».
Ол кездегі студенттерде оқуға, білуге деген құштарлық ересен еді. Жаңа шыққан кітаптарды іздеп жүріп, тауып алып оқитын. Жалпы, сөз өнерін жағалаған қазақ баласының қайсысының бойында да табиғаттың берген дарыны болады. Ал сол дарын-талантты өсіру де, өшіру де әркімнің өзінің қолында. Әлібек те институттың «Жас қалам» үйірмесіне, сол аттас қабырға газетіне белсене араласты. Облыстық теледидардан ай сайын беріліп тұрған «Жастар және уақыт» атты әдеби бағдарламаға да автор ретінде қатысып, облыстық «Семей таңы» газетіне өлеңдері мен шағын мақалалары жарияланатын. Ондай студенттер «ақын», «жазушы» атанып, өзгелерден шоқтығы асып жүретін. Ол «еңбектерінің» қаламақысы да әжептәуір, ақшасын алған кездері жарты қарын, тесік қалта студенттер үшін бір мереке болатын. Өлең, мақалалары баспа бетін көретін студенттерге мұғалімдер де оң көзімен қарап, сессияларда көп шүйілмейтін еді. Көпшілікпен бірге студенттік шақтың қызығын да шыжығын да бастан өткерген қатонқарағайлық бозбала тіршіліктің тайқазанында біраз шыңдалды, есейді. Махаббатын тапты...
– Семейдегі жылдарым менің адам болып, әдебиетші болып қалыптасуыма зор ықпал етті. Әдебиет пен жазу өмірімнің мұраты боларын да осында түйсіндім, – дейді Әлекең. Өзі менімен әңгімелесіп отырса да жады мен ойы бір сәт сонау жастық шағына, сол кезеңінің қан базарына айналған Семейге, сол қалада жолықтырып, өзіне құлай ғашық еткен Гүлжанына сапарлап кеткен сияқты. Әттең десеңші, жарты ғасыр бірге жүрген жан жары орта жолдан асқанда жалғыз қалдырып кеткенін қарашы... «әлі бейітінің топырағы да кеуіп үлгерген жоқ... мен болсам тілшіге сұхбат беріп отырмын...». Тұнжырай қалған отағасының ойын бөлгем жоқ. Байқап отырмын, Әлағам бір сәт теріс қарап, бойын қайтадан тіктеп алды. Діңі мықты адам ғой, босаңсығанын сездіргісі келмеді. Қобалжығаны жарықшақтана шыққан даусынан ғана білініп отыр. Әңгімемізді одан әрі жалғай түстік: – Қолыма диплом тиген бойда ешкімнің жерұйығына айырбастамайтын ауылым – Топқайың қайдасың деп тартып тұрдым. Қайда жүрсем де сол ауылдың әрбір тал ағашын, жас-кәрісін түгел сағынатынмын. Әлемдегі бар қызық, қуаныш тек қана Топқайыңда сияқты көрінетін. Топқайыңның адамдарындай данышпан, олардай әзілкеш, дәл солардай өркеуде, жанкешті адамдар басқа жерде болады дегенге сенбейтінмін...
Өзі сегіз жыл оқыған мектебі, өзіне сабақ берген мұғалімдері енді дипломды жас маман болып оралған Әлібекті жатсынбай, құшақ жая қарсы алды. Өзінің тікелей сабағынан бөлек, мал отарларына оқушыларды алып ұйымдастырылатын түрлі концерт, мәдени жорықтар, үгіт-насихат жұмыстарына да аянбай атсалысты. Бір жылдан кейін, 1971 жылы жас маманды Армия қатарына шақырып, Әлекең Қиыр Шығыстың Благовещенск қаласында 10 ай әскери борышын өтеп, екі ай офицерлік курсынан өтіп, елге оралды. Сол жылы Гүлжанын да алып келіп, анасының шаңырағына келін етіп түсіріп еді.
Үйлене салып, «Жаңа үлгі» ауылындағы сегізжылдық мектепке жұмыстарын ауыстырып, сонда көшті. Сондағы жас мұғалімдердің негізгі жүктері үш қап кітап еді. Жас семьяға берген қарғаның ұясындай бір бөлмелі үй бұларға хан сарайындай болған-ды.
Гүлжан да сегіз балалы үлкен отбасынан шыққан екен. Олар Жарма ауданының Бөке деген өндірме-кентінде, біршама ауқатты тұратын.
– Жаз шыға Гүлекең екеуіміз қол ұстасып-ап қайынжұртқа тартамыз. Бір ай жатып, қоң жинаймыз, – деп күледі Әлағам. – Келіндері мен күйеу балаларын қадірлеген адамдар солардай-ақ болсын! Гүлжан екеуіміз елге қайтарда сөмкелерімізді толтырып, жолға билетке дейін алып беріп, тіпті атам аудан орталығына дейін шығарып салатын. Ол да бір естен кетпес тәтті күндер еді-ау! – деп қимас адамын тағы бір еске алып, ауырлау күрсінді...
Әлібек пен Гүлжан Қаңтарбаевтар қос құлыны – Жанна мен Дулатты қолтықтарына қысып жүріп, Қатонқарағай ауданының көптеген мектебінде еңбек етті: Әлекең завуч болды, директорлық қызмет атқарды. Әрине, қызмет болған соң оның қызығы да, шыжығы да аз болған жоқ. Жақсыларға жақын, жамандардан аулақ жүрді. Абыройсыз болған жоқ, Аллаға шүкір, бұларды сағынатындар да, өздері сағынатындар да көп болды...
Мен сұхбаттасымның шешендігіне, тілінің шұрайлылығына таң қалып, бас иемін. Жазуы мен ауызекі әңгімесі бірдей. Осы арада Әлекең туралы іні-досы Әлібек Асқаровтың сөзі ойға оралады. Ол былай деген: «...Баламер Сахариев, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет екеуіміз сияқты қалам ұстаған ауылдастары асығыс қалаға аттанғанда Әлекең жалғыз қала берді ауылда... Бір есептен ол ұтты. Өйткені Әлекеңмен құнары мол қазақы қара тілдің қаспағына таласқан ешкім болмады. Жалпы, тілдің мәйегі, тіл қазынасы ауылда ғой. Осы жылдары Әлекең сол мүмкіндікті орынды пайдаланып, уақыт оздырмай мейлінше меңгерген, бойына сіңірген сыңайда. Оның кез келген шығармасын оқымаңыз, автор тілінің байлығына, оны орнымен қолдана білуіне тәнті боласыз»... Онысы рас, Әлекеңнің оқырман қолына тиген «Сол бір кез есімде», «Алаш азаматы», «Досыма хат», «Жұлдыздар сөнбейді», «Тұлға», «Дөңгеленген дүние», жуықта ғана тұсауы кесілген «Қасқыр тірлік» сияқты прозалық кітаптары мен «Ағажай, Алтайдай жер қайда», «Өзегім от пен жалын, өртті демім» атты жыр жинақтары – сөреде жатып қалатын дүниелер емес, оқырманның қолынан түспейтін шығармалар. Әлекеңнің өлеңдері туралы қазақтың танымал ақыны Қасымхан Бегманов «Жұлдыз» журналында жарияланған бір сұхбатында өзінің пікірін былайша білдірген екен:
«...Алматы мен Астананың көшесіне сыймай, өз-өздерін классик санап күпиіп жүрген талайлардың мысын басатын жырларын елеусіз ғана жазып, елде жүрген Әлібек ақынға іштей қатты риза болдым. Төр Алтайдай өр мінезді, тау тағысындай секемшіл, бірде мұңды шертетін, бірде сырлы сағынышты лекітетін өксікті жырларды бас алмай оқып шықтым...». Проза мен поэзияны құстың қос қанатындай ұстанған, ауызекі сөзінде де селкеу жатқан сезіміңді бұрқ еткізіп, рухыңды марғаулықтан оятатын көркем сөздің шешені Әлағаларын өскемендіктердің, әсіресе жастардың үнемі іздеп жүретіні, ол қатысады деген жиындардан қалмайтыны да сондықтан ғой...
Ғұмырының бірер сәтін ойша барлап қайтқандай, азғана үнсіздіктен соң сұқ саусағын жоғары көтеріп, Әлекең менің өзіне қойған сұрағымды қайталады да, өзін толғандырып жүрген мынау желқайық қоғамның қатпарларын ақтарды-ау дерсің.
«Дидар» – мені әдебиет әлеміне ұшырған әуежайым болды
«...Ұшып-қонарым да, тәубеме түсіретін Аяз би – шапаным да сол қара шаңырақ болған. Кезінде Шериаздан, Ғаббас, Мүсілім, Серік, Тұрғазы ағалардың, Оралхан мен Дидахметтің, Ұлықбектің қолтаңбалары қалған «Дидардың» бес елі бағы – оған кілең бір қаламы жүйрік, ойлары ұшқыр журналистер топтасады. Мұндайды қазақ «Құт қонған шаңырақ» деп жатады. «Дидарлықтардың» басты «кемшіліктері» – олар мүлдем жаман жаза алмайды. Ал кездейсоқ бір дүмше, қотиын журналистер кеп қалса, олар анадай бесаспап топқа мүлдем артық екендіктерін шұғыл сезінеді де тезірек кетуге мәжбүр болады...».
Әлібек Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетіне көп уақыт әдеби ортадан саяқ жүріп, шығармашылыққа деген ынтықтығы мен сағынышы іштей бұрқылдап, таудың төбесін тесіп атылар вулкандай сарқылдап қайнаған кезде, нағыз жазатын, жазбаса мүлдем болмайтын кезде келді. Билік те сол кезеңде ашылып, ашынып жазуға мүмкіндік берген кез еді. Баспасөз өкілдері қоғамның барлық саласында балақты түріп, білекті сыбанып ұрандап жүрді, қазақтың соңғы екі-үш ғасырдың ішінде жоғалтқан, тонатқан асылдарын жатып кеп іздеп, шаң-тозаңнан арылтпаққа әрекеттенді. Тіл, салт-дәстүр, полигон зардабы мен желтоқсан жаңғырығы сияқты өзекті мәселелер үшін, дін мен діл үшін журналистер ғазауат майданын ашты. Қазағы халқының төрттен бірін ғана құрап отырған, орыс ұлты басым болған Шығыс Қазақстанда бұл тақырыптар «қара қазан мен қара баланың қамынан» гөрі әлдеқайда өткір тұрған еді ол кезде.
Ұжымға тың күш болып қосылған Әлібек Қаңтарбаев сол жылдары көп жазды, өткір жазды, өлтіре жазды. Журналист пен жазушы үшін ең үлкен шығармашылық әрі кәсіби ләззат – шындықты қанын сорғалата жазу екенін түйсінген және осындай бағытты өз шығармашылығында бағдаршам етіп ұстанған Әлекең не жазса да сол ұстанымынан танған жоқ. «Біз тәуелсіз елміз бе?» деген тақырыппен «Қаладағы қазақ тілінің рөлінің, қазақша айтқанда, қол сүртуге де жарамайтынын», «Біз жарқылдап күлмегелі қашан?» дей отырып, қазақ тілін көркейтудің даңғазалық күйде екенін, жоғары жаққа есеп беру үшін ғана күн тәртібіне қойылатынын өлтіре сынаған. «Ел мен жер қасіреті» деген мақаласында ауылдардан елдің көшіп, жердің жетімсіреп қалуына жаны күйзеледі. Сол өткір, ашылып та ашынып жазылған мақалаларының өзі жүрекке жетерліктей байыпты, дәлелді, оқырманын шым-шымдап тартып әкететін көркем шығарма тәрізді... Бұл арада Әлекеңнің мақалаларын талдап жату орынсыз болар, дегенмен, оқырмандар алдында журналистің беделін шырқай көтерген оның «Қазақ балалары дәретханада оқып жатыр» деген және 1999 жылы бүкіл елді шулатқан қылмыстық оқиға – Шығыс Қазақстанды басып алып, «Русский Алтай» деген жеке автономия құруды мақсат еткен, бірақ қолға түсіп, 18 жылға кесілген Казимирчук-Пугачев деген қарақшылар тобы туралы сот залынан жазған очеркі болды. Алғашқы мақала жарыққа шыққан күннің ертеңінде сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сол мектепке барып, асып-төгіліп жатқан оқушыларды оқыту үшін дәретхана бөлмелерін де сынып бөлмелеріне айналдыруға мәжбүр болған мүшкіл халіне көз жеткізіп, шұғыл шара қолданып, біраз уақыттан кейін сол қазақ мектебіне жартылай бос тұрған орыс мектебінің ғимаратын алып берген еді.
Әлекеңнің осындай шегіне жеткізе жазған мақалаларын жұртшылық іздеп, күтіп отыратын болды. Редакцияға деп емес, Қаңтарбаевтың жеке өзіне қалың оқырманнан хаттар келетін болды. Тәні ауырса, дәрігерге баратын елдің ішіндегі жаны ауырып, қысым көріп, әділетсіздікке кез болғандар Әлекеңнен хат арқылы да, редакцияға келіп те көмек сұрайтын болды...
– Өзің білесің, осы Шығыста өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін қазақ деген ел бар екен-ау, оның да руханияты бар шығар дейтіндей ұғым биліктің миына кіріп те шықпағанын. Ұлыорыстық шовинизм ойларына келгенін істеді. Мүлдем орыстандырып жіберді. Ұлымызды мұсылманша сүндетке отырғыза алмай, қызымызды өз әдет-ғұрпымызша ұзата алмай жертезек болғанымыз кеше ғана емес пе еді. Шығыстың жері мен көгінің арасын тек орысша атаулар шаңдатып, алатопан ойран салғанын қалай ғана ұмытайық. Сол кезде сен бар, біз бар, бәріміз де жаппай шырқырадық. Жанталастық. Әрине, тәуелсіздіктен кейін. Біраз шаруаның бетін ақиқатқа бұрдық емес пе, – деп ардагер журналист-жазушы сол бір алмағайып кезеңді бір сәт жымия есіне түсіргендей болып, сұқ саусағын әлдеқайда безей отырып, бүгінгі заманның тіршілік-тірлігіне өкпесін білдіріп қалды. – Ал енді сол біз іздеген, біз күрескен, біздің замандастарымыз жоқтаған имандылық пен ізгіліктің эволюциялық формуласы бүгінгі таңда пенде танымастай өзгеріске ұшырап, алағай-бұлағай күйді бастан кешіп жатқанын көргенде – ішім тотияйын құйғандай қақырайтыны рас. Қасқыр боп ұлып кетудің ар жақ, бер жағындамын... Жаңа Қазақстанды жаңаша ойлайтын, өткен жүйедегі албасты қасиеттерді бойына сіңірмеген жаңа адамдар жасауы керек. Әлағаң Қазақстан Жазушылар одағының Шығыстағы филиалына 2016 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Сол кездегі 5-6 адамнан бүгінде Одақ мүшелерінің саны 24-ке жетті. Сандаған мүшәйра, айтыстың өтуіне мұрындық болды Әлекең. Соңғы екі жыл қатарынан «Төр Алтай жырлайды» деген атаумен жыр-фестивалін өткізді. «Абай әлемі» деген сериямен жерлес ақын-жазушылардың кітаптарын шығарып келе жатқалы бес жыл болды. Қазір өзінің редакторлығымен «Төр Алтай» атты әдеби журналдың екінші саны баспақанадан шыққалы жатыр.
***
– Бос кезім бола қалса, жатып кеп сағыныш иектейді. Баяғыдағы жалаңаяқ, жалаңбұт бала кез, желбіркөкірек бозбала шақ, жастық кешуімдегі бозала күндер боздата сағындыртады. Сондай ескетті шақтарда аңыратып Төр Алтайға – Қатонқарағайға тартып кеткім келіп кететіні бар. Алайда, онда да сағынышыма дауа таптыратын жандар мүлдем азайып қалды: көбі – бүгінде о дүниелік... Мен әлі күнгі Қалихан көкемнің тілінің ғажап байлығына таң қалумен, Оралханның жаңашылдығына тәнті болумен келемін. Дидахмет көп дүниеге үлгермеді. Әлібек Асқаров – жанкешті еңбекқор жазушы. Баршасы мен үшін қимас жандар. Қимастарым, сағынатындарым... Алайда, бозшолақ дүниенің түбі боздап қалумен тұйықталатыны, соңғы нүктесі өксіктің бір түйір жасымен қойылатыны рас екен, – деп әңгімеміз аяқталғанда Әлібек Қалиұлы селқостау қоштасты. Жай кездері жайдары, әзіл-қалжыңымен түйреп тастап отыратын жазушы ағамыздан дәл осы сәт көңілділікті күту әбестік болар еді, жақында ғана қосағынан айырылған Әлекеңнің жан жарасы әлі де жазылмаған... Дегенмен, психолог қаламгер өзінің адамды баурап алар шешен тілімен сұхбатымыздың соңғы нүктесін оптимистік нотамен өзі қойды:
– Мен пенделік бақыттан да, азаматтық бақыттан да құралақанмын деп айта алмаймын. Құйрық-жалсыз емеспін: ойсырай кетіліп қалғандығы болмаса толыққанды жанұям, ұл-қызым, немерелерім бар. Біреулерден кейін, енді біреулерден озық тірлігім бар. Өз қоғамым, өз ортам бар. Осы Шығыста да, байтақ елімізде де мен танитындар, мені танитындар, әсіресе қалам ұстаған жастар жағы өте көп. Прозада қазіргілердің ішінде Дәурен Қуаттың аяқ алысы тым ерен. Түбі осы жігіт осы бетімен қалам сілтей берер болса, қазақ прозасын бір биікке орнықтыратынына сенемін. Ал, поэзия... Бүгінгі қазақ поэзиясы ерекше дамып кеткен. Дамып деген сөз менің ойымды дөп басып бере алмауы да мүмкін. Алапат секіріс бар... Алланың маған да аманаттаған қасиеті осы шығармашылық қой, кеш болса да сол қасиетіммен табысып, соны мынау қамшының сабындай жалғанда талшық етіп, ермек етіп отырмын. Соған тәубе деймін.
Айтмұхамбет Қасымов, Қазақстанның Құрметті журналисі Өскемен