Жаңалықтар

Бақ иектеген мұң иесі

ашық дереккөзі

Бақ иектеген мұң иесі

Аңыз бейнелі әнші Роза Бағланова «Ер адамды сыйлау – әйел адамның жы­нысына біткен мінез болуы керек» деген оқыс ой айтып өтті. Тыңдап оты­рып, құрсауда қалдым. Таным та­разысына тартып көрсең, аста­рынан ұғымға томпақ келетін бір­деңе аңғарылатын сияқты. Сіз үшін әсері қалай екенін қайдам, айтылған экспромт тұнығыңдағы қайдағы мен жайдағыны шайқап жіберетін нәрсеге де келіңкірейді екен. Қалай десеңіз де, өз басым мұның мәнін кейуаналық кезеңге жаба салуға тырыстым. Болжамның бәрі Ванганың сөзіндей сүбелі бола бермейді ғой. Оның үстіне, сұхбат­тасушы сауалды ойламаған жерден, тігінен тастап жіберді: «Көріпкелдік қасиетіңіз бар дегені рас па?». Асқақ әншілік пен былайғы жұрт сау­дың қатарына жатқыза бермейтін «көріпкелдік» – өте сирек қабысатын әлем. Ал менің ақ көңіл апам еш сасқан жоқ, аузынан тастамайтын «ақпатшасын» ерекше мейріммен бір мадақтап алып, гуцулдық мәдениеттегі мольфарлар сияқты бойындағы аталмыш «қасиет» ғылыми түрде негізделіп, кезінде «Простор» журналында жазылғанын айтып, бір кезде көзіне көрінген жатп­ла­неталықтар оған ерекше белгі тастап кет­кеніне өзі кәдімгідей сеніп отыр. Сенгені – мұндай шалықтан құралақан болмағаны да. Сонда қалай, Роза Бағланова «сезім мүше­лері­мен түсіндірілмейтін, ақылдан тыс ақпа­рат қабылдау мүмкіндігіне» иелік еткен бе? Құдайдың өзі кешірсін, мен сене алма­дым. Оның үстіне, арғы діліңмен ерек­ше сыйлайтын жанның рейтинг үшін «ережесіз ойынның» құрбаны болып отыр­ғанын көру қиын екен. Тап осы жерде оның теңдесі жоқ ән­шілігі мен «көріпкелдік» мис­тификацияның арасын байланыстыра ал­май дал болдым. Кейде бұлардың бір адам­ның бойында бірігіп, өзара жымдаса кірігіп кететініне ғылымда мысалдар аз емес. Ол енді мүлдем басқа жағдай. Жалпы, былайғы біреу­лер үшін елеусіздеу жайт болса да, тап осы жерде тұлғаны тұғырынан тайдырмай құрметтеу керек екенін айтып өтудің әбестігі бола қоймас. Мұнда біз ескере бермейтін бір кертелі жағ­дай бар. Жасы ұлғайған адам­ды ретті-ретсіз алуан сауалдың құр­сауына қамап отырып жазып алу – аса абы­рой алып беретін шаруаның қатарынан емес. Қазіргілердің көбі осының байыбына терең бойлай алмай жүр. Иә, қанша жасаса да сөзі мірдің оғындай, ойы жайдың шоғындай бо­лып, алаулап отыратын жоталы жандар бо­лады. Өкінішке қарай, қолданбалы пси­хо­логия ғылымының заңдылықтарына сай көп адам «үлкею» үдерісіне бейім. Бұл – енді жұ­мыр басты пенде қашып құтыла алмайтын нәрсе. Адамның жаны қанша жерден темірдей берік болғанның өзінде де күні жеткенде кім-кім де мұқалып, тоза бастайды. Оның да ша­ғын ғұмырында шақшадай басынан кеше­тін қуаныш пен шаттыққа қоса, ешкімге тіс жарғысы келмейтін қайғы-қасіреті болады. Оған айтасыз, әркімнің бойында елеусіз бұйы­ғып жата беруге – тиіс кейбір жағдай­лар­ды саналы һәм бейсаналы түрде түртпек­теп ояту­ға құмар ақмылтықтар «біреудің қа­сіре­тін қызықтаудан» қандай ләззат ала­тыны түсініксіз. Қалай десек те, кім болса да ақыр­­ғы кезеңіндегі дәрменсіз кейпін таң­балат­па­ғаны жөн. Абырой иесі елдің есінде, ха­лық­тың жадында асқақ қалпында қал­ғанға не жетсін?! Үлбіреп отырған шағында сұхбат бер­ген бірнеше тұлғаның мысалын білеміз. Солардың бірі – Ғарекең, әйгілі әнші Ғари­фолла Құрманғалиев жайында шәкірті, марқұм Әскербек Еңкебаев ұйымдастырған хабар. Басқаны білмедім, өз басым соны көр­ген сайын жүйкем жұқара бастайды. Түй­сіксіз шәкірт пен ұлық ұстаздың арасын­дағы мына қорлықты бейжай отырып қарау мүмкін емес. Жазушы Шерхан Мұртаза, маңғыстаулық жыршы Жақсылық Елеусінов жайында да осындай мазмұндағы сәтсіз бей­нежазба қалған. Көбіне мұндай халге ал­дымен ұрпағы себепші болады. Өйткені, мақ­сатын іске асырушы әуелі солармен келі­седі. Е, не дерің бар, баяғы сол бармақ бас­пай, көз қыспай тәсілдің ізі ғой. Жалпы, біздің қоғамда жалпақ жұрт «бағы жанған» деп есептейтін екі адам болса, сөз жоқ, соның бірі – пендеге шақ барша атақ-даңқтың жұпарына шомы­лып өткен Роза Бағланова апамыз болатын. Несін айтасыз, азуын айға білеген кешегі Кеңес Одағы, азат Қазақстан тұсында бол­сын, оның Үкіметтен алмаған атағы, халық­тан көрмеген құрметі, әлемнің түкпір-түк­пірінде бармаған елі, баспаған тауы, табаны ти­меген жері жоқ. Ол жағын былайғы елдің дені біледі. Ал оның трагедияға тұншыққан тағ­дыр тауқыметі айтыла бермейді. Соған қарағанда әншінің жеке өмірінің бұл белесі ішкі-сыртқы саясатқа жауапты құзырлы ме­кемелер тарапынан қатты құнтталған болуы мүмкін. Кеңестік идеология сондай да ерекше тәсілмен жұмыс жасаушы еді ғой. Көзін тырнап ашқаннан тірі жетім, пешенесіне жазылғаны балалар үйі­нің табалдырығы, өгей ата-ананың тәрбиесі, туған елден жырақ кетіп, сарт-сауқанның арасын кезуі, тұлымшағы желбіреп жүрген ке­зінде көргені ақсирақ ашаршылық, сылаң қағып, бой түзеген шағында тап болғаны ста­линдік қуғын-сүргін, ес жиғанда куә бол­ғаны жарты дүниені қанға бөктірген Ұлы Отан соғысы. Жеке басының қасіреті – бақ иектеген мұң иесі болғаны өз алдына. Кейбір өмір­баяндық деректеріне дейін ойдан құралуы, бұл енді айтуға келмейтін азар. Өмірінің осы кезеңі жайында ол өзі ашылып айтқысы келді ме? Айтса да, құлақ қойған кім бар? Көбіне оның өмір-өнер жолының үстің­гі қабатын қалқып өтумен әуестенген қо­ғам ақыры ол жайындағы көп мағлұматты ұмыт­тырды. Әрине, ол өз алдына бөлек, ше­ті-шегі жоқ ұзақ әпсана. Бір жылы радиожурналист Ғалым Есен­сариевті Сыр бойына арнайы ша­қыртып алып, Қармақшыға апарып, көз­көргендердің көкірегінде кетіп бара жат­қан Бағланованың көпшілікке беймағлұм тағдырының адам баласына айтылмаған бі­раз шындығын дыбыс таспасына таңба­лауға мүмкіндік жасаған едім. Ол кезде апа­мыз­дың да көзі тірі. Сол кезеңдер үшін жа­бық тақырып саналған ақиқат пердесін тү­ріп тастаған жандардың қазір арамызда бірі де жоқ. Енді ретін тауып, шет-шепірлеп жарыққа шығарып, елді құлағдар етемін десе, ол енді жазып алушының жеке билігін­дегі нәрсе. Сондай қасіретті тағдыр иесінен орын­далмаған аңсарын күйттеумен шек­тел­ген «жеңілтек бейне» қалыптастыру сая­са­тын нендей әрекетпен түсіндіруге болады? Мә­селенің бұл жағы тіпті жұмбақ. Адам баласы кейде өзінің шын мәніндегі тра­ге­диялық тағдырын, жеке басының шын­дығын жасыру үшін шынайы болмысына мүлдем кереғар, жасанды бейне қалыптасты­рып, өзге біреудің «бетперде – маскасын» киіп алуға бейім тұрады. Қасіреттің үлкені – осы, өмір бойы өзгенің ғұмырын кешіп, өзі жайындағы шындықтың бір тамшы кермегін де сыртқа шығармай, көз жасына қосып жұта беру. Бұл тарапта, үңіле білгенге сыл­қым апаның сыңғыр қаққан күлкісінің өзінен бір түрлі ыза теуіп тұратын. Біздің қоғам соның бәрін саралап жатпастан, оның жүзіндегі мұңнан тұрғызылған мұнараның ізін мүлдем басқа нәрселермен жуып-шайып жіберіп отырды. Оның жанына жай таптырмаған кей­бір жайт­тар аталмыш шағын ха­­бар­дағы сұхбат­тасушыға қаратып айтқан, «Жа­ным, бұл дүнияда армансыз адам бар деп айта алмаймын. Бірақ мен ең бақытты адам­мын. Ендігі менің арманым – халқым жақс­ы тұрсын!» деген сөзінің аңғарында жа­тыр еді. Бір кеудеде от пен судай шарпыс­қан осы екі айырықты жіті түсіне алмаға­ны­мыз өз ал­дына, әлі түсінбей келе жатқанымыз және мүл­дем түсінуге тырыспайтынымыз қандай өкінішті. Көбіне, бақыттың дәмін татып көрме­ген адам өзінің «бақытты» екенін ай­тып, айналаға жар салуға бейім келетіні жа­сырын емес. Өйткені, ол үшін бақытсыз деген сөзді естудің немесе бақытсыз бо­лып көрінудің өзі қасірет. Оған қоса, бақыт жайындағы ұғым да құбылған сағым сияқты дір-дір қаққан бірдеңе ғой. Бақытты бола тұрып бақытсыз­дыққа душар болудан қорқатын пен­денің әзірге ойлап тапқан жал­ғыз айласы – осы. Ал шын бақыт­тың дәмін се­зініп, таңдайына тат­қан адам көп үндемеу арқылы сы­рын сыртқа шашпауға тыры­сып бағады екен. Әлемге әйгілі Бағлановадан сұхбат алғандардың дені оны қайырып әкеліп, «өздерінің қора­сына» айдап тыға беретін. Біз соның куәсі болдық. Содан соң ол да тордағы тотының күйінен әрі аса алмай, жобасын жоғарыдан сызып берген таптаурын тақырыптан әбден мезі болып, өз сөзіне үйелей беруші еді. Неге екені белгісіз, ел оның бұла болмы­сынан есерсоқтау ерке қыздың образын көргісі келді. Ал Роза болса, сол ықыластың ығына оңай жығыла салды да, халықтың қиялын тербеген әлгі жасанды рөлді мүлтіксіз ойнап берді. Сөйтіп, тыңдарманның жадында мәңгі сол бейнеде қалып қойды. Өкініштісі, шыңырауында шөгіп жатқан, жанына жай таптырмай маздаған мұңды түсінетін пенденің болмауы. Ол көрерменге қаратып айтылған арман жайындағы әлгі екіұдай ойын ақтара салып, іле-шала Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Асыл арман» әнін шырқай жөнелді. Ситуациялар жиынының бас-аяғын жымдастыруға келгенде менің апамның актерлік шеберлігі мінсіз еді. Мұңды сырын бөлісетін, болмысына жақын біреудің жанына жақын жүрмегені оның нәзік жүрегіне батпады дейсіз бе? Батқанда қандай, ол үнемі сол батпанның үстінде емес, астында өмір сүрді. Ондай кезде ақысын басқа нәрседен алатын. Бірақ ол сырын ешқашан, еш пендеге білдірмеуге тырысып бақты. Сол үшін де өзін мүлдем өзге қырынан «әшкерелеумен» өтті. Қайда барса да қыр ізінен қалмай, алдын көлденең орағыта беретін сауалдың бәрі, сол баяғы, аңыз әншіге Хрушев пен Брежнев сияқты шал-шауқандардың қалай ынтасы ауып, ғашық болғаны жайындағы әпсана төңірегінде болатын. Кейде бұл қазақтың содан басқа алаңы болмағанына таңырқап, таңғалудан да шаршайды екенсің. Міне, тағы да сол, ұсақ-түйек хикаяға арналған бір­деңе­лерді анықтай түсуге арналған сиықсыз сұраққа қайтарылған сүреңсіз жауап: «Ой, ғашық болғандардың қайсыбірін айтайын, көкешім-ай. Біреуі шақырды, біреуі құ­шақ­тағысы келді... Апырмай, бізге күйеу болған адамның, қалай айтамын енді, олар бір сорлы ғой. Біз деген бір айлап кетеміз... Мен екі күйеу алғанына да рақмет айтуым керек... Әнші деген, ойбуй, сендер көп нәрсені біл­мейсіңдер ғой»... Тағы да сол жасанды кейіп, қолдан қа­лып­тап алған шалық күй. Біздің қо­ғамда қаржалған жанды құрмет тұтып, тө­беге шығарудың орнына, төрдегі басын боса­ғаға тартып, әбден мылжа мазақ етудің мұ­нан артық түрін ойлап табу мүмкін емес еді. Иә, біз ол жағынан әзірге алдымызға қара түсіріп көрген емеспіз! «Сендер көп нәрсені біл­мейсіңдер ғой!»... Иә, оның бар ділімен айт­қысы келген көкейдегі уәлі сөзі, имандай шы­ны, жанайқайы еді бұл. Қашан да ұлдың жолында жанын құрбан етуге дайын тұратын қазақы психологияның құлына айналғандарды ол кешіре алмай-ақ кетті. Бірақ онысын сыртқа шығаруға бол­майтындықтан, амалы құрыды. Елдің есін алған ақсирақ ашаршылықта тұқым жалға­рын алып қалып, ақүрпектей үрпиген Үрби­бісінің қос қолын жайып, құлындай шыр­қыра­ған даусына да қайырылмай, Қазалы­дағы жетім балалар үйіне өткізіп жіберген туған анасының адам түсінуге келмейтін әре­кетін ол кешті деп ойлайсыз ба? Жоқ, мен өз басым олай деп ойламаймын. Ондай жағ­дайды кешу мүмкін емес. Осындай күйді өмір бойы арқасына таңып жүріп, өзін ерекше еркелет­кен халқының көңілінен шығу үшін бүтін бол­мысын қақ жарып жіберді. Не деген жан­кештілік! Сөйтіп, ешкім білмеуі тиіс нәр­селерді бүркеп, қымтау үшін өміріне қатыс­ты көп мәлімет ойдан құрастырылды. Амал қан­ша, қоғамға керегі сол болған соң, қай нәр­сенің де «маймылын ойнатып беруден» алдына жан салмады. Міне ғажап, бір кеудеде – екі адам. Екеуі бір жүректен жан, ортақ та­­мыр­дан қан тартып отырып, бір-біріне мүл­дем ұқсамайтын екі басқа адамның әңгімесін шерте береді. О, Жасаған, сен бізді ерек­ше махаббатпен осылай етіп жаратқа­ныңды өзің ғана білесің. Ет пен сүйектен жаралған әлсіз пенде не білсін?! Мен ол жайындағы хабарды қайыра тыңдап болып, осыны ұқтым. Қанша айтқанмен, қан майданның қа­сіретін көрген мұңдық емес пе, сөз ара­сында «Бір рет ғашық болғанын» айтып қалды. Оқи­ға соғыс жылдары өтіпті. Жүрегін жара­ла­ған жан танкіші екен. «Содан кейін ішімде бірнәрсе өліп қалғандай болды» дейді. Ой, дүние-ай! Міне, оның бетперде, боямасыз шын бейнесі. Сол белгісіз жанмен тілдесті де, табан астында ғашық болды. Ал сондағы жүре­гін жаулап алған адамы ертесіне оққа ұшып­ты. Қалған ғұмырында алғаш һәм ақыр­ғы рет сөз байласқан ғазизге деген сел­кеусіз сезіммен өмір сүрді. Өзі ешқашан сез­діргісі келмеген кіршіксіз кейпі «Адамның іші таза болу керек» деген алғаусыз пікірінде ғана қалды. Бұл күнде біраз адам біле бермейтін шы­­ғар, әншінің жайынан хабары бар­лар ұмыта қоймаған болар, өмірінің ақырғы кезеңінде «аздап жылыстай бастады» деген сөзқашыртқылар жүріп жатты. Мүм­кін, адам баласының келіп тірелетін соңғы аялдамасы сол болған соң, оған пәлендей қарсылық танытып, жалған намысқа жең­дірудің қаншалықты қажеті барын білмедік. Бір таңғаларлығы, кейуаналық жеңіп, талап жолы тарылған адам да бетпердесін шеш­пеуге тырысады екен. Соған қарағанда, бұл өзі соншалықты күстаналай беретін жаман нәрсе болмаса керек. Мен бір сәт оның әуелгі айтқан сөзін бей­нелі ойлаудың қай түріне жат­қы­зарымды білмей дал болдым. Ақыры «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» керден әрі аса алмадық. Бәлкім, мұнысы мидың көне қат­парындағы орындалмай қалған будақ-будақ аңсарлардың толық көрініс тауып үлгер­мей, даму дәуірінің талай сатысын бас­тан кешірген ежелгілердің көне бастауға «тәу ету» рәсімінен қалып кеткен жұрнақ – руди­мент болар? Танымдық мағынадағы бір­деңе іздеген әрекетімнен де ештеңе шыға қоймағанына қарағанда, түстеуге келмейтін, шалыққа ұқсас ерек күйді біз де «жіті түсіне алмаған болармыз». Несін айтасыз, асыл апам ерекше бол­мыс иесі еді ғой. Жалпы, адам бала­сы­ның табиғаты тылсымға толы. Кейде тіпті біреуді түсініп болмақ түгілі, өз иірімдеріңе бойлай алмай қалатын кезің көп. Жаратушы ерекше талантпен жарылқап, таңдайына алуан түрлі бояу жаққан жандар ой айту үшін емес, көбіне ой салатын ән айту үшін келе­ді мына жарық жалғанның жүзіне. Айтыл­ған ой өз оясында тұрмаса, ол да қиын. Жарықтық, Заратуштра пайғамбардың «Әуелі дұрыс ой, содан кейін дұрыс сөз, ал дұрыс әрекет осы екеуінің қосындысынан» деп зар илейтіні осындайдан ғой. Пенде атаулыға тән бетперденің тасасында ақиқа­ты айтылмаған сыр қалған жерде оның мың қатпар ойының өзегіндегі тінді ажырату мүмкін емес. Мен аңыз әншінің орындауындағы «Асыл арманның» тәтті әуеніне үн­сіз қо­сы­лып, іштей ыңылдай бердім. Оның ру­хы ас­қақ, сазы сылқым, сыры тым мұңды еді.

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы