Құрт сатып несиесінен құтылған кәсіпкер
Құрт сатып несиесінен құтылған кәсіпкер
Кезінде фосфор өнеркәсібімен даңқы алысқа кеткен Жаңатас қаласының тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырауда тоз-тозы шыққаны жасырын емес. Өйткені, одақтас елдер арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, өндірілген өнім өткерілмеді. Соның салдарынан жұмыссыздық белең алып, тұрғындардың дені сырт жақтарға қоныс аудара бастады. Шағын шаһарды электр энергиясымен, су-жылумен қамту мұңға айналып, көпқабатты тұрғын үйлердің біразы қаңырап бос қалды. Дегенмен, мемлекет тарапынан қолға алынған шаралардың нәтижесінде қала қайта еңсесін тіктей бастады. Бұл тұрғыда моноқалаларды дамытуға арналған бағдарламаның тигізген шарапаты мол. Әлеуетті инвесторлар – «Қазфосфат» және «Еврохим» компанияларының да жобалары жемісін беріп, әлеуметтің әлеуеті арта түсті.
Қазіргі Жаңатастың жағдайы осыдан 10-15 жылғы кезеңмен салыстыруға келмейді. Қазынадан бөлінген қаражаттың есебінен шаһардың шырайы кіріп қалды. Ішкі көші-қон да тұрақталып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Жергілікті тұрғындар жаңа кәсіп түрлерін меңгеріп, өз істерін дөңгелетуде. Солардың бірі – Ұлбосын Бақыт. Instagram әлеуметтік желісінде «Ұлбосынның ұлттық тағамдары» атауымен танылған жас кәсіпкер бүгінде еңбекқорлығымен ел-жұрттың ықыласына бөленіп отыр. Осы орайда, біз замандасымызды аз-кем әңгімеге тартып, бизнес саласындағы алғашқы қадамдары мен жетістікке жету жолдары туралы пікірлескен едік.
Ұлбосын Жақыпбекқызы саудамен айналысатын анасының қасына ілесіп жүріп жастайынан кәсіпке жақын болып өсіпті. Ол Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін бірден бизнеске бет бұрғысы келеді. Алайда ата-анасы қарсылық білдіріп, Түркістан қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсірген.
– Кішкентайымнан еркін еңбекке етене жақын болып өскендіктен бе, болашақта кәсіпкер боламын деп ойлайтынмын. Ал медицина саласының маманы атану үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Амалдың жоқтығынан, анамның шешіміне мойынсұнып, «Мейірбике ісі» мамандығын оқып шығуға тура келді. Сөйтіп қызығы мен қиындығы қатар өріліп жататын студенттік күндерім басталып кетті. Колледжде өткен үш жылда саудаға қызығушылығым басылып қалды. Сондықтан да шығар, диплом алғаннан кейін туған жерге оралып, аудандық орталық ауруханаға «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастым. Айлығым 27 мың теңге болды. Бірге жұмысқа қабылданған қыздар сол айлыққа риза еді. Ал маған аздық етті. Арада төрт ай өткенде өз еркіммен шығып кетіп, аудандағы тіс емханасына жұмысқа орналастым. Емханадан алатын 37-38 мың теңге айлығым да көңілімнен шықпады. Ақыры не керек, жоғары жалақы іздеп Тараздан бір-ақ шықтым. Дәріханада жұмыс істедім. Маған мұнда кім жоғары жалақы бере қойсын. Күніне он төрт сағат жұмыс істеп, 1 мың теңге алып жүрдім. Таразда да тұрақтай алмай, Жаңатастағы тіс емханасына қайтып оралдым, – дейді Ұлбосын.
Ол емханада жұмыс істеп жүріп те кәсіп бастауға бекінеді. «Неге жеке дүкен ашпасқа?» деген ойға келеді. Оның бұлай ойлауына көпқабатты тұрғын үйдің алдында ұзақ жылдан бері қаңырап бос тұрған ғимарат себеп болады. Сұрастыра келсе, нысанның иесі бөтен емес, туыстары екен. Телефон нөмірін тауып хабарласып, мән-жайды айтқанда ол кісі сөзге келместен пайдалануға рұқсатын беріпті.
– Бастапқыда дүкенді қайтіп ашпақпын деген сұрақ мазалады. Ақшам жоқ. Әрі ата-анам да қолдамайды. Көңілімде қорқыныш болса да белді бекем буып, тозығы жеткен ғимаратты жөндеуге кірісіп кеттім. Банктен несие алдым. Ешбір банк 150 мың теңгеден артық несие бермеді. Біріндегі қарызымды жапсам, қайта бірінен несие алып, амалдап жүрдім. Жөндеу жұмыстарын 2016 жылдың тамызында бастап, 2017 жылдың мамыр айында аяқтадым. Құрылысын аяқтағаннан кейін «Енді мұнда не сатамын?» деген ой келді. Азық-түлік, киім дүкендері аз емес. Аяқ алып жүре алмайсың. Халықтан сұрастырып, өзім де зерделеп көрсем, сүт өнімдерін сататын дүкендер жоқ екен. Сонымен ойлана, келе, ұлттық тағамдар сатқанды жөн көрдім.
Тұтынушыларды тарту үшін алдымен Instagram арқылы жарнамасын жүргізіп, халықты құлағдар етіп алып, 2017 жылдың 8 мамырында дүкенімді аштым. Сөреге қойылатын өнімдерді әр сенбі сайын Жаңатас қаласында өтетін жәрмеңкеден көтерме бағамен сатып алып отырдым, – дейді Ұ.Жақыпбекқызы.
Осылайша кәсібі ә дегеннен-ақ жүріп, өнімдері тұтынушылар тарапынан да оң бағасын алып үлгереді. Бірақ кәсіпкердің қуанышы ұзаққа созылмайды. Саудасын жүргізу үшін алған онлайн кредиттері қиындықтар туғыза бастайды. Тапқан табысын несиеге төлеп, пайдаға кенелудің орнына шығынға бата түседі. Сөйтіп алты айдан кейін дүкені жабылады.
– Онлайн кредиттің пайызы өте жоғары болады екен. Маңдай теріммен сауда жасап тапқан ақшамды несиеге төлеп, табысымның берекесі болмады. Ілгері басқан қадамым кейін кете бергеннен кейін үйде де дастархан басында тыныш отырып ас іше алмайтын болдым. Бір күні дүкенге барсам, бір бұрышта бес келі құрт қалып кетіпті. Сол кезге дейін неге екені парақшамда құртты жарнамалау ойыма келмепті. Сөйтіп жарнамалап жеке парақшама салып қойдым. Сол күні-ақ Семей қаласынан екі келі құртқа тапсырыс түсті. «Қазпошта» акционерлік қоғамы арқылы салып жібердім. Бір жетіден кейін алғашқы тапсырыс берушім хабарласып, рақметін айтты, – дейді Ұ.Бақыт.
Жас кәсіпкер күннен-күнге тапсырыс көбейе бастаған соң алғашында дайын құртты Тараз, Шымкент қалаларынан сатып ала бастайды. Құрт сатып та табысқа кенелуге болатынын түсінген соң өзі жасауға көшеді. Дегенмен қаланың қызы қайдан құрт жасай білсін. Әжесінің көмегіне жүгініп, құрт жасаудың технологиясын үйрене бастайды. Толық меңгеріп алғаннан кейін шаруашылықтардан күніне 100 литрге дейін сүт алып, құрт жасауға білек сыбанып кірісіп кетеді. Айтуынша, 100 литр сүттен 5-6 келі құрт дайындауға болады екен.
– Көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында тұратынбыз. Әжем екеуміз таңғы сағат 3-4-ке дейін құрт дайындап жүрдік. Құртыма «Балдай» деп ат қойдым. Бірақ қатты шаршадым. 100 литр сүтті бесінші қабатқа жеткізу де оңай емес. Тапсырыс берушілерге де өзім тасып беремін. Тіпті тұтынушылар көбейген соң үлгере алмай кеттім. Сөйтіп құртты дайындап беретін серіктес іздеп, Шымкент қаласынан таптым. Бірақ серіктесімнің құрты ұнамады. Мен үшін құрттың сапасы, табиғилығы маңызды болды. Сондықтан өзімнің мәзірімді алып барып, басқа құрт жасадық. Ойымдағыдай құрт шығару үшін де бір жылға жуық уақыт өтті.
Біз құртты вакууматор аппаратымен қаптаймыз. Аталған аппаратты тапсырыс беріп Қытайдан алдырдым. Әрқайсысының құны 250 мың теңге тұрады. Екі аппарат бір күнде 400-500 келі құртты қаптап береді. Құртты қаптағанның пайдасы алты айға дейін бүлінбей, жақсы сақталып тұрады. Бүгінде өнімдерімізді Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтеміз. Әсіресе Батыс және Түркістан облыстарынан тапсырыс жиі-жиі түседі. Белгілі өнер азаматтары да тапсырыс беріп тұрады. Одан бөлек Кореяға да ай сайын 300 келі құрт жіберіп тұрамын.
Қыс мезгілінде айына алты, жазда екі-үш тонна сатамын. Негізі біз де «UUT» (Ұлбосынның ұлттық тағамдары) атауымен патенттелген құрттың 8 түрі бар,– деген Ұлбосын Бақыт Instagram-да бизнес парақшасын жүргізу, дамыту көп адам ойлағандай оңай емес екенін айтады. Бүгінде Instagram желісінде 224 мың тіркелушісі бар екен.
– Әлеуметтік желіні дұрыс мақсатта пайдалана білгенімнің және өзімді көп нәрседен шектегенімнің арқасында қазіргі жетістіктеріме жеттім. Кәсіпті алғаш бастағаннан бері 14 несие алыппын. Instagram-ның және құрттың арқасында былтыр несиелерімнің барлығынан құтылдым. Баспана да, көлік те алдым. Ең бастысы, бұрын «Сен өзі не істеп жүрсің?» деп ренішін білдіретін ата-анам да қазір үлкен сенім білдіріп, қолдап отырады.
Енді алдағы мақсатым – мал шаруашылығымен айналысу. Сондай-ақ қазір аудан орталығындағы жалға алып отырған ғимаратты сатып алып, кәсібімді кеңейту жоспарда бар. Сондай-ақ тапсырыс берушілер көп болғандықтан Шымкент қаласынан да сауда орнын аштық, – деген Ұлбосын Жақыпбекқызы сөз соңында бизнесте алға айқын мақсат қойып, сол жолда кездескен кедергілермен табандылықпен күрессе ғана табысқа кенелуге болатынын жеткізді.
Біз де еселі еңбегімен көпке үлгі болып жүрген кәсіпкерге асқақ армандарының орындалып, жаңа табыстарға жете беруіне тілектестігімізді білдірдік.
Тұрсынбек Темірланұлы, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы