Қасымхан БЕГМАНОВ: Сайлау – мемлекеттің басты саяси оқиғасының бірі
Қасымхан БЕГМАНОВ: Сайлау – мемлекеттің басты саяси оқиғасының бірі
– Президент сайлауын өткізу – қашанда мемлекеттің басты саяси оқиғасының бірі ғой. Өйткені Президент қай елдің де басты тұлғасы. Оның үстіне, қазіргідей әлем алмағайып күй кешіп жатқан кезде ел тізгіні берік қолда болғаны дұрыс.
Мен саясат ісіне араласқан немесе билікте істеген адам емеспін, бірақ өзгелер сияқты халқымның амандығын, елімнің бүтіндігін ойлайтын азаматтың бірімін. Мұны мен сияқты өзге қаламгерлердің де ойлайтынына сенімдімін. Бұл саяси науқанға қазақ ақын-жазушылары мән беріп, бір идея, бір мақсат жолында топтасып жатыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел президенті болатын адам жеті жылдық бір мерзімге сайлануға тиіс және Мемлекет басшысының отбасы билікте болмауы керек деген ұстанымы көңілге қонады. Жеті жыл мерзімде қай президент болса да өз бағдарламасын жасап, оны іске асырады деп ойлаймын. Сол үшінде елімізбен шекаралас елдерде тыныштық болмай тұрған кезде Президент сайлауын дау-дамайға айналдырмай, халқымыз бұған түсіністікпен қарап, елдің болашағы үшін, амандығы үшін ауызбірлікпен өткізіп алғанымыз дұрыс.