Дина АЙКЕНОВА: Саяси жүйені қайта құрудың алғашқы баспалдағы
Дина АЙКЕНОВА: Саяси жүйені қайта құрудың алғашқы баспалдағы
– Бүгін Мемлекет басшысы 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – қазіргі кезде өте қажет қадам. Оның бірнеше себебіне тоқталып өтейін.
Біріншіден, бұл – референдум бекітілгеннен кейін саяси жүйені қайта құрудың алғашқы баспалдағы. Екіншіден, сайлау азаматтарды жаңа мақсаттар мен әділетті Қазақстанды құру, сол жолда жұмыс істеу төңірегінде біріктіру үшін қажет. Сонымен қатар, тұрақсыз геосаяси жағдайда ел басшысының сенімділігі арқылы тұрақтылықты сақтаудың кепілі болмақ.
Жалпы Президент болып сайлану үшін азаматтың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы, сондай-ақ белсенді сайлау құқығы болуға тиіс. 40 жастан асуы керек, мемлекеттік тілді білуі де міндетті, Қазақстан азаматы болуы және соңғы 15 жылда ел аумағында болуы шарт.
Сараптамалық ортада сайлауға орта есеппен 4-5 үміткер қатысады деген пікір бар, олардың арасында екі әйел болуы мүмкін.
Қ.Тоқаевтың сайлау платформасында әлеуметтік-экономикалық прогреске қол жеткізуге бағытталған жаңа бастамалар болады. Олар жұмыспен қамту, өңірлерді дамыту және қауіпсіздік мәселелерін қозғауы әбден мүмкін.
Ел Үкіметі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдайтын болады. Өңірлерде учаскелер мен аумақтық сайлау комиссиялары жұмыс істей бастайды.