Қара жердің қадірін неге қашырдық?
Қара жердің қадірін неге қашырдық?
Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауда жерді игеруді жолға қою керек екені айтылды. Жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы сансыз түйткілдің ішінде жер мәселесі ең маңызды болып отыр.
Биыл пайдаланылмай жатқан, латифундистер иемденіп кеткен жерлерді қайтаруға баса мән беріліп жатыр. Яғни, бірінші мәселе осы уақытқа дейін жер заңсыз, бармақ басты, көз қыстымен оңды-солды үлестіріліп келген. Ал қалған жер тиімді пайдаланылмайды. Оны дұрыс игеретін қауқар сапалы технологиялар мен сауатты маман десек, бұл жағынан да ақсап тұрғанымыз жасырын емес. Одан кейін су тапшылығы, жердің тозуы, осылай тізе беруге, қоса беруге болады. Президент тапсырмасында жалпы еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет екені айтылды. Дегенмен, тапсырманың орындалатынына сенімнен гөрі күмән көп, себебі проблеманың қордаланып қалғаны сонша, қайдан басталып, қайдан таусылатынын бағамдаудың өзі қиын. Одан бөлек, бұл сала отыз жылда орындалмайтын жобалардың отанына айналды.
Жер көп, жайылым қат
Нақты сандарға сүйенер болсақ, 272,5 миллион гектар ел аумағының 221,4 миллионы немесе 81,3 пайызы – ауыл шаруашылығы алқаптары. Ал ауыл шаруашылығына арналған барлық жердің 84,1 пайызы – жайылым жерлері. Жалпы еліміз жайылым жерлердің көлемі бойынша әлемде 5-орында. Дегенмен шаруалар, ауыл халқы аздаған малын жаятын жайылым таппайды. Былтыр осы мәселе көтерілгенде, басқа-басқа бізде жер тапшылығы бары көпті таңғалдырған еді. Бір қарағанда, мүлде ақылға қонбайтын мәлімет. Жалпы елімізде шамамен 185 миллион гектар жайылым жер бар десек, оның тек 36 пайызы мал шаруашылығына пайдаланылады екен. Қалған 64 пайызы бос жатыр. 2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңына дейін іске жаратылмай жатқан жайылымдарды қайтарып алып, ауыл тұрғындарының игілігіне беруді тапсырған болатын. Сол кезде кәдеге жаратылмай жатқаны заңды тұлғаның үлесіндегі учаскелер екені айтылған еді. Ал жайылымның 78 пайызын иеленіп отырғандардың қаншасы нақты жермен жұмыс істейді, оның қаншасын латифундистер иеленіп отыр деген мәселені Бас прокуратура анықтауға тиіс болатын. 2022 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартқан заңға қол қойды. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөлшерлемесі екі есе өсті. Дегенмен 31 наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет жанындағы Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның екінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі әлі де өңірлерде жайылым жерлері өте өзекті мәселе болып отырғанын мәлімдеді. Жалпы жауапты органдардың жұмысының нәтижесінде игерілмей жатқан, заңсыз үлестірілген жер көлемі 10 миллион гектар екені анықталған. Ал биыл жыл соңына дейін соның жартысын мемлекетке қайтару көзделіп отыр. Биыл 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы бұл мәселеге тағы тоқталып өтті. – Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді Президент. Дегенмен қайтарылуға тиіс деп жоспарланған жер аумағының әлі жартысы да қайтпаған. Тамызда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жыл басынан бері 1 миллион 119 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп екені де айтылды. Былтыр 400 мың гектар жер қайтарылған еді. Сонымен қатар министр қазір 2 миллион 94 мың гектар жер иелеріне қатысты 724 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатқанын, прокуратура органдарында 698,4 мың гектар жерді тексеру бойынша 48 өтініш тіркелгенін мәлімдеді. Жыл басынан тамыз айының ортасына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитеті әкімдіктердің учаскелерді заңсыз таратқанына байланысты 74 фактіні анықтаған екен. Ал 21 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы нәтижесінде 3,5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты. Оның сөзінше, қалған 1,5 миллион гектар жер жыл соңына дейін қайтарылады. Депутат жер қалай қайтарылып жатқанын да айтты. Егер жер иесінің жерді игермей жатқаны жөнінде дәлелдер болса, онда сот арқылы қайтарылады немесе жер иелерімен сөйлесіп, келісім арқылы өз еркімен қайтарып беруі мүмкін екен. Депутат латифундистер билікке жақын не биліктің айналасындағы адамдар екенін де жалпылай айтып өтті. Бұған жерге қатысты нақты тексеріс болмағаны себеп болғанына да тоқталған. – Бұл уақытқа дейін орта және шағын бизнеске мораторий болған. Мораторийдің аясында жерге қатысты тексерулер болмады. Президент жақында бұл мораторийді алып тастады. Яғни, енді жер телімдеріне қатысты орта және шағын бизнеске тексеріс жүргізуге болады. Осының нәтижесінде біз біраз жұмыстар атқарамыз, – деп жұмыстардың қорытындысына тоқталды Мәжіліс депутаты. Жер біртіндеп қайтып жатыр делік, дегенмен, жайылым тапшылығы мәселесі әлі біраз уақыт мазалайтын сияқты. Қазір елімізде шамамен 16 миллион гектар жер жетіспейді. Ал мемлекет қарамағына өткен жерлердің қайтадан әділ бөлінуіне де әу баста күмән көп болды. Дәл сол тұста, шілде айының ортасында мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің порталынан ақау шығып, жер учаскелері және иелері туралы мәлімет шықпай қалғаны туралы дау шыққаны есте. Кейіннен арада бір ай өткен соң, 15 тамызда aisgzk.kz порталындағы мәліметтер көпшілікке қайтадан қолжетімді болды. Порталдағы кадастр картасы арқылы кез келген азаматтың жерді пайдаланушылар туралы ақпаратты білуге мүмкіндігі бар. Қайтып жатқан жерлер туралы ақпарат легіне қарап жұмыс жүріп жатыр деген қорытындыға келуге болады, ендігі мәселе сол жерлердің тиімді пайдалануы мен әділ бөлінуінде болып тұр.
Кері кеткен сала
2016 жылы жер реформасына байланысты халық наразылық білдіргенде ауыл-аймақтағы жайылым және шабындық мәселесін реттеу бұрынғыдан да өзекті бола түскен еді. Үкіметтің жүктеген тапсырмаларына сәйкес бірқатар жұмыс жүргізілгенімен, бұл мәселе бүгінге дейін реттелмей отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіруге байланысты Үкіметтің шаралары да өнбеді, себебі кооперативтердің жұмысын дұрыс үйлестіретіндей тетік болған жоқ. Әу баста тілге тиек еткен 221,4 гектар ауыл шаруашылығы жерінің жайылымнан бөлек қалған 11,7 пайызы егістік болса, 2,3 пайызы – шабындық жерлердің үлесі. Осындай жалпылама ақпарат болмаса, ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат таппайсыз. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатқанын Жолдауда Президент те айтып өтті. Жайылымнан бөлек, егістіктің де біраз бөлігі кәдеге аспай жатады екен. Ғалымдар жүргізген ғарыштық мониторинг бойынша еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жыл сайын 7 пайыздан 20 пайызға дейін егістік жерлер пайдаланылмайды. Жалпы жерді игеру мәселесіне келгенде байқайтынымыз – 30 жыл ішінде ілгерілеу тұрмақ, бір деңгейді ұстап қалуға да шамамыз жетпеген. Бұл сөзімізді 30 жыл бұрынғы ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі мен қазіргі үлесін салыстырып-ақ дәйектеуге болады. Бұрын 24-28 млн тонна көлемінде жинайтын астықтың қазіргі мөлшері оның жартысына да жетпейді екен. Бұрын жылына 12 млн тонна жоғары сапалы бидайды, 360 мың тонна жоғары сапалы ет пен 107 мың тонна жүнді экспортқа жіберетін агроөндіріс қазір жоқ, оның орнына 50 пайыз азық-түлікті шетелден импорттап алатын болдық. 1991 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер көлемі 541,9 мың гектарға немесе 23,5 пайызға қысқарыпты. Мәселен тоқсаныншы жылдардан бастап елдегі қант қызылшасы алқабының аумағы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін қысқарған. Бұл туралы жақында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек айтқан болатын. Бұл – бір ғана мысал, дегенмен осы мысалдың негізінде жалпы картинаны құрастырып алуға әбден болады. – Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің аз болуы, импорт тұқымдарының құнының қымбаттығы, фермерлерде техниканың жеткілікті болмауы және суға қатысты проблемаларға байланысты 90-жылдардан бастап қант қызылшасының егіс алқабы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін төмендеген. Талдау көрсеткендей, басқа дақылдарды (мысалы картоп, жүгері) өсірудің тиімділігі қант қызылшасына қарағанда бірнеше есе жоғары, – деген еді ол Үкімет отырысында. Вице-министр республика бойынша жылына 532 мың тонна қант тұтынылатынын, оның ішінде отандық шикізат, яғни өзіміз өсіретін қант қызылшасынан 7 пайыз, отандық зауыттардың құрақ қантын өңдеу есебінен – 35 пайыз, ал қалған 58 пайыз қант импортқа тиесілі екенін айтты. Осы мәселеге келгенде әртүрлі дерек кездесетінін байқауға болады, себебі әу баста қант тапшылығы туындағанда, бұл сала бойынша импортқа тәуелділік 90 пайыз деген де мәлімет болды. Жауапты мекеменің ақпаратын ресми деп есептесек те, халық тұтынатын қанттың жартысынан астамы импорт үлесінде болуы ойландыратын жайт. Себебі бізде бұл саланы жолға қоятындай әлеует жеткілікті. Мұны сөйлеген сөзінде вице-министрдің өзі де айтты. – Дегенмен, елімізде қант саласының табысты дамуы үшін негізгі алғышарттар бар, яғни суармалы жерлер, ішкі нарықтың көлемі, қажеттілікті қамтамасыз етуге қабілетті 4 зауыт және жұмыс күші бар. Алайда, технологиялық жабдықтардың тозуына, зауыттардың несиелерінің көптігіне және айналым қаражатының тапшылығына, көрші елдер қолданатын баға демпингіне байланысты отандық зауыттардың жүктеме қуаты төмен болып отыр, – деп себептерін де санамалап өткен еді министрлік өкілі. Жалпы бұл айтылған тұсаулар мен бұғаулар тек қант өндірісіне ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығы саласының ілгерілеуіне кедергі келтіріп отыр деуге болады. Осылайша, жер қатынастарының даму қарқынының шабандығына, кейбір экономикалық себептерге байланысты ауыл шаруашылығына қолданылуы керек жерлер айналымнан шығып қалады, оған қоса жерді пайдалануға қойылатын табиғатты қорғау талаптары елене бермейді.
Су сарқылып, топырақ тозса...
Тізбектеп өткен проблемалардан бөлек топырақтың құнарсыздануы мен су жетіспеушілігі де аса өзекті мәселе болып тұр. Мәселен, елімізде 24,2 миллион гектар жер (ауыл шаруашылығы алқаптарының 11,2 пайызы) жел эрозиясына, ал 4,9 миллион гектар жер (ауыл шаруашылығы алқаптарының 2,3 пайызы) су эрозиясына ұшыраған. Яғни, жай сөзбен айтқанда құнарлылығын жоғалтқан. Ғылыми әдебиеттерге сүйенсек, бір шаршы сантиметр топырақты қалпына келтіру үшін бірнеше мың жыл қажет екен. Осыдан болар, бірқатар ел топырақты ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлшегі ретінде қарастырады. Жағдайды бағамдасақ, бізге ауылшаруашылық айналымындағы жердің барлығының мәртебесін, жай-күйін анықтайтын, жер мен топырақтың сапасына қатысты талдау жасап, әрбір 2-3 жылда жоспарлы түрде ғылыми-зерттеу мониторингі жүргізілуге тиіс екені анық. Ал БҰҰ жер ресурстарын пайдалану жөніндегі мәліметінде жыл сайын еліміз жылына 75 миллиард доллар болатын ресурсты жоғалтады деген дерек бар. Одан бөлек 2018 жылы 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жерлердің алаңы 176,4 мың гектарға немесе 7,5 пайызға азайған. Қазақстанда суармалы жерлерде алынған ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі шет елдерге қарағанда 2-4 есе аз. Мемлекет басшысы бұдан бұрынғы Жолдауларында да бұл мәселеге тоқталған еді. Суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3,0 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек екені, бұл нәтиже ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін 4,5 есе өсіруге ықпал ететінін айтқан болатын. Жалпы су тапшылығы үлкен кедергі болып тұр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. – Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек, – деген еді Президент. Одан бөлек Жолдауда шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отырғаны айтылды. Бұған тәжірибе арқылы көз жеткен екен, яғни пилоттық жоба жүзеге асырылған. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейіпті. Яғни бізге озық технологиялар мен білікті мамандардан бөлек, нақты тетіктер мен орындалатын тиянақты жоспарлар да ауадай қажет.
«Тапшылық та, таршылық та болмайды»
Қазір астық жинау науқаны қызып тұрған кез. Республиканың барлық облысында егін жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жергілікті әкімдіктердің дерегіне сәйкес, бүгінге дейін 13,9 миллион гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды, бұл – жалпы өнімнің 86,3 пайызы. Қазір орташа өнімділік гектарына 12,5 центнер, 17,3 миллион тонна астық бастырылған. – Басқа ауыл шаруашылығы дақылдарына келетін болсақ, майлы дақылдардың жалпы түсімі 363 мың тонна болды, 3,6 млн тонна көкөніс және 2,1 млн тонна картоп жиналды. Егінді жинау жұмысы жалғасып жатыр, – бұл ведомствоның ресми мәліметі. Жалпы елімізде сақтау сыйымдылығы 12,8 миллионн тонна болатын 189 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Министрлік мәліметінше, оларды жаңа өнімді қабылдауға дайындау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өзінің 16,6 миллион тонна астыққа есептелген сақтау қоймалары бар көрінеді. Бұлардың бәрінің сыйымдылығын ескерсек, жиналған астықты сақтау үшін жеткілікті. Сонымен қатар азық-түлік келісімшарт корпорациясы биылғы астықты сатып алу бағасын белгіледі. 3-класты бидайдың тоннасы ақуызына қарай 121-125 мың теңге аралығында сатылмақ. 4-класты бидай ҚҚС қоса есептегенде 115 мың теңгеге, 5-класты бидай 98 мың теңгеге бағаланған. 2-класты арпаның тоннасы 95 мың, сұлы 90 мың теңге және қарақұмықтың тоннасы 170 мың теңге болып бекітілді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бұл белгіленген бағалар нарықтық бағаға жақындатылып алынғанын мәлімдеді. Ал қатты бидайдың, күнбағыстың, майлы зығыр дәнінің және рапстың бағасы сәл кейінірек белгілі болмақ. Былтыр еліміздегі қуаңшылықтың салдарынан бидай бағасы бірден 25 пайыз, арпа 75 пайыз қымбаттады. Осылайша 3-класты бидайдың тоннасы 103-107 мың теңге аралығында сатылды. Ал 2-класты арпа ҚҚС-мен бірге 87 мың теңгеге бағаланды. Дегенмен, фермерлердің белгіленген бағаға қатысты наразылығы да сезіліп жатыр. Бірақ бұл дау әдепкі жағдайға айналған. Болжам бойынша жылдағы межеден көрініп, қамбаға 5 миллион тонна астық құйылмақ. Қазір гектарынан 12,7 центнерден бидай алынып жатыр деген ақпарат бар. 164 мың гектар алқаптың майлы дақылы орылған. Осы сандарды алға тартқан жауаптылар биыл тапшылық болмайды деп сендіріп отыр.
Дулат ЖӘЛЕЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Технология және биоресурстар факультеті деканының орынбасары:
Мемлекеттік деңгейде назар аударылып отырғаннан кейін ақшаның сұрауы болуы керек
– Ең бірінші кезекте бізде дұрыс, сапалы қондырғылар жоқ. Қай шаруашылықты, қай кешенді алып қарасақ та, ескірген жабдықтар. Екіншіден, жаңадан келіп жатқан мамандар, өкінішке қарай бәсекеге қабілетті емес. Оларды бәсекеге қабілетті ету үшін өте көп жұмыс істелуге тиіс. Өте көп. Университет деңгейі емес, мектеп деңгейінен бастау керек. Одан қала берді жүйені дұрыстау керек. Тереңнен бастап жұмыс жүргізілсе, бәрі оңалар еді. Ал біз қазір тек «мынау дұрыс емес» деп, проблемамен, оның салдарымен күресеміз, ал негізінен мәселенің себебімен күрескен өнімдірек болар еді. Егер мәселеге шын назар салып, үңілер болсақ, көп нәрсені қазбалап айтып, басын ашу керек болады. Техникаларға да субсидия қарастырылған, дегенмен оның сапалысын голланд, неміс қондырғыларын алу үшін де жағдай дұрыс жасалуы керек, оның шығыны да бөлек. Ал бізге әкелінетін техникалар жаңа болса да, сапасы жағынан ақсап жатады, ол да өнімділікке айтарлықтай кері әсер етеді. Мемлекеттік, ұлттық деңгейде назар аударылып отырғаннан кейін ол ақшаның да сұрауы болуы керек, басқасы басқа, тек есеп түрінде тексерілмеуі керек. Жалпы, бұл тек ауыл шаруашылығы емес, кез келген салада бар мәселе. Жаңа Қазақстан деп бастама көтеріп, айтып жатырмыз ғой. бармақ басты, көз қыстыға тыю жасамасақ, ел экономикасын оңалту мүмкін болмайды.Ауыл шаруашылығы саласының төңірегінде түйткіл көп болғаны сонша, қанша айналып соқсаң да, қанша қаузасаң да «олжасыз» қалмайсың. 30 жыл бойғы жүйесіздіктен әбден шимай-шатпаққа айналған мәселелердің күрмеуі қашан жазылатыны, оған қанша қажыр-қайрат кететіні беймәлім.