Жаңалықтар

Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

ашық дереккөзі

Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласында мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларымен, АҚШ-тың ірі қаржы институттарының және трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен, сарапшылар тобының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізіп, сол жақтағы қазақ жастарымен жүздесті. Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының Жалпы дебатына қатысты. Аса маңызды кезеңге тұспа-тұс келген басқосу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі. Бұл – Мемлекет басшысының Нью-Йорк­ке сапарының басты оқиғасы болды. Президент басқосу адамзат үшін аса маңызды ке­зеңге тұспа-тұс келіп отырғанын, әлем геосаяси қай­шылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басқанын айтты. Екі буыннан кейін алғаш рет ядро­лық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет кел­ге­німізді де тілге тиек етті. Бұл қиыншылықтар өсіп келе жатқан инфляцияға, жұмыс орындарын жоғал­туға және дамушы елдердің әлемдік экономиканың құлдырауынан үрейленуіне қатысты қазіргі сын-қатерлерді тек күшейте түседі. – Осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мем­лекеттер Ұйымның Жарғысына халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын енгізді. Қазір осы әмбебап Ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды. Атап айтқанда, біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің тер­риториялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасын­дағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Дәстүрлі және ядро­лық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді, – деді Президент. Мемлекет басшысы БҰҰ аясында бекітілген құн­дылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі мил­лиондаған адамға үміт сәулесі болып қала беретінін айтты. Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа немесе біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ екенін, осыған байланысты Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында тиісті субъектілердің бәрімен ынты­мақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы сенімді, әртараптандырылған жаһандық тран­зиттік және көліктік инфра­құры­лым­ның маңыздылығына тоқталды. Осы тұрғы­да Президент Қазақстанның Азиядан Еуро­паға дейінгі маңызды құрлық дәлізі ретіндегі өсіп келе жатқан рөліне тоқталды. – Транскаспий халықаралық көлік бағы­ты­на немесе «Орта дәлізге» тың серпін беріл­ді. Алдағы жылдары біз Қазақстан арқылы жүк тасымалының айтарлықтай арта тү­се­тініне сенімдіміз. Біз Каспий теңізінің бей­бітшілік пен жаңа мүмкіндіктер теңізі ре­тін­дегі позициясын қамтамасыз етуіміз керек. Алдағы айларда Қазақстан сауда және жет­кізу тізбегінің істен шығуы салдарынан туын­дайтын энергияға және маңызды ши­кізатқа қолжетімділіктің шектелуін азайтуға кө­мектеседі. Ұзақ мерзімді перспективада біз жасыл сутегі мен жаңартылатын энергия көз­деріне ерекше назар аудара отырып, энер­гия көздерін әртараптандыруға ұмты­ламыз, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің саяси және экономикалық өзара іс-әрекетін нығайтуға ниетті екенін ерек­ше айтып өтті. – Орталық Азиядағы әріптестерімізбен бірге аймақты одан әрі дамыту мақсатында өзара саяси іс-әрекетті нығайтуға және эко­номикалық байланыстарды тереңдетуге ниет­­тіміз. Біз тату көршілік қарым-қа­ты­нас­тарды сақтауға және ынтымақтастықты әр­тараптандыруға бейілдіміз. Бұл сенім біз­дің маңызды табиғи және ауыл шаруа­шылығы ресурстарымызға, адами капиталға жә­не транзиттік әлеуетімізге негізделген. Біз – Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Сол­түстіктің арасындағы аралық нарық-пыз, – де­ген Президент өңірдің халықаралық ын­тымақтастық, оның ішінде табиғи және ауыл­шаруашылық ресурстары, адами ка­питалы мен транзиттік әлеуеті арқылы зор мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде Әді­лет­ті Қазақстанды құруға бағыттал­ған еліміздегі ауқымды саяси және экономи­ка­лық рефор­маларға да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ішкі саяси оқи­ғаларға, атап айт­қанда, президент мерзімінің қайта қарас­тырылып жатқанын айтып өтті. – Бұл – Қазақстанда демократияны да­мы­тудағы тың серпіліс. Біз «күшті Президент – беделді Парламент – есеп беретін Үкімет» фор­муласын қатаң ұстана береміз. Бұл фор­мула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне то­лық сәйкес келетініне сенімдімін, – деді Мем­лекет басшысы. Жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен жүздесу Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары Citi, Goldman Sachs, NASDAQ, Auerbach Grayson & Company LLP, Franklin Templeton, Brightlight Capital, AllianceBernstein, Jefferies Financial Group, Luxor Capital Group, Paine Schwartz Partners LLC, New Silk Road Forum, Robotti & Company Advisors, TPG Capital, Grupo Los Grobo сияқты жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, жасыл экономика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы сала­ларын­дағы еліміздің зор әлеуетіне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғында жасалған қолайлы жағдайға назар аударды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметі инвести­ция­лық жобаларды жүзеге асыруда амери­калық іскер топтарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Әділетті Қазақстан дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады Мемлекет басшысы Нью-Йорк қала­сында шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 қазақстандықты бірік­тіретін Digital Nomads IT қоғамдас­ты­ғының өкілдерімен кездесу өткізді. Бейресми өткен кездесуде Қазақстанда ІТ саласын дамыту перспективалары мен қазіргі әлемдік үрдістер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Әділетті Қа­зақ­­стан дарынды жастарға жаңа мүмкін­діктер ашатынын айтты. Сонымен қатар кездесуде Taskrabbit.com компаниясының стратегия және даму жөніндегі жетекшісі Әсет Әбдуәлиев, DCVC компаниясының венчурлық инвес­торы әрі директоры Анна Фокина, Google компаниясының инженер-программисі Арай Сабыржан және Booking.com компа­ния­сының менеджер-программисі Әлібек Дат­баев сөз сөйледі. Олар Президентке шет­ел­дік компаниялардағы жұмыстарынан ал­ған әсерін айтып, отандық ІТ саласын одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Nomads өкілдеріне табыс тілеп, олар еліміздің дамуы мен өркен­деуіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Ірі компаниялардың басшыларымен өткен кездесулер Мемлекет басшысы қаржы, энерге­ти­ка, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында жұмыс істейтін америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. Президенттің америкалық ірі компа­ния­лардың басшыларымен кездесуі әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталды. Кездесу кезінде Қазақстанда жаңа ин­вестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қазір бұл банк «Астана» халықаралық қар­жы ор­та­лығымен табысты ынтымақтастық ор­нат­қан. Сондай-ақ энергетика саласын да­мыту­дың келешегі жөнінде де пікір ал­масты. Grupo Los Grobo компаниясының төра­ғасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығының өсім зертханасының директоры, Гарвард уни­верситетінің профессоры Рикардо Хаус­манмен кездесуде ауыл шаруашылығы сала­сындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен өткен кездесуде қаржы инс­титуттарының өзара іс-әрекеті қарас­тырылды. Сондай-ақ әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасты. Президент әлемдегі ең ірі қаржы-талдау компанияларының бірі S&P global ком­па­ния­сының вице-президенті Дэниэл Ергин­мен энергетикалық қауіпсіздік саласының өзекті мәселелері мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ЕРАМ systems компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төра­ғасы Арка­дий Добкинмен кездесті. Кез­десу барысында Қазақстанда толыққанды технологиялық хаб құру және IT саласында адами капиталды дамыту мәселелері әңгіме арқауына айналды. ЕРАМ systems – бағдар­ламалық қамтамасыз ету және күрделі цифрлық платформаларды әзірлеу қызметін көрсететін әлемдік жетекші компания. Coursera компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалдамен болған кездесуде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, университеттерді академиялық қолдау және азаматтарды оқыту мен қайта оқыту сынды білім беру саласының мәселе­лері қарастырылды. Coursera – білім беру және заманауи өмірлік дағдыларды оқыту сала­сындағы көшбасшы компания­лардың бірі. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас ме­нед­жері Мишель Симмонспен жолықты. Әң­гімелесу барысында компанияның Қазақ­стан­дағы қызметін кеңейту перспек­тива­лары, оның ішінде IT зертханасын ашу және IT мамандардың біліктілігін арттыру және қай­та даярлау жоспары талқыланды. Президент General Electric International Markets компаниясының аға вице-президенті Набил Хабайебпен кездесті. Корпорация Қазақстанға медициналық жаб­дықтар өндірісін көшіруге ниетті, атап айт­қанда, УДЗ және КТ аппараттарын шы­ғара­тын жаңа өндірістік желіні іске қосу жос­пар­ланып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ExxonMobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чепманмен еліміздің кө­мірсутек секторындағы бірқатар жоба­лар­ды іске асыру барысын талқылады. Кездесуде Қашаған кен орнында толық ауқымды өн­ді­ріс­ті қайта бастау мерзімдері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Franklin Templeton жаһандық инвестициялық фир­масының бас директоры Дженни Джонсон Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асы­ру­дың мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ әлемдік экономика мен қаржы нарық­тарының одан әрі дамуы жөнінде пікір ал­масты. Franklin Templeton – 1,5 трлн дол­лар­лық активке ие жаһандық инвестициялық ком­пания. Барлық кездесу аяқталғаннан кейін Мем­лекет басшысы АҚШ Сауда пала­тасы, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы ұйым­дастырған Қазақстан – Америка инвес­тициялық дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты. Қазақстан – Аустрия ынтымақтастығы нығая түспек Мемлекет басшысы Аустрия Пре­зи­ден­ті Алек­сандр Ван дер Белленмен екі­жақты келіссөз жүргізді. Мемлекеттердің басшылары саяси, сау­да-экономикалық салалардағы Қазақстан – Австрия ынтымақтастығын да­мыту перспективаларын, сондай-ақ ха­лық­аралық ұйымдар аясындағы өзара іс-әре­кетін талқылады. Екі ел саяси диалогты одан әрі дамыту­ға, сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық байланыстарды кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасын­дағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтіп, жаңар­тылатын энергия көздері, ауыл шаруашылы­ғы, цифрландыру, туризм және инфрақұры­лым салаларында аустриялық технология­лар­ды трансферттеуге қызығушылық біл­дірді. Мемлекеттер басшылары халық­ара­лық күн тәртібіндегі өзекті мә­се­ле­лер жөнінде пікір алмасты.