Жаңалықтар

Жанкешті күрес жолын таңдаған Ахмет Байтұрсынұлы

ашық дереккөзі

Жанкешті күрес жолын таңдаған Ахмет Байтұрсынұлы

Осынау бір ұлы тұлғаның өмірі жайлы тебіренбей, толғанбай айту мүмкін емес. Тек Ахмет Байтұрсынұылының ғұмыры ғана емес әкесінің, атасының тағдыры да отыршылыққа қарсы күрес рухымен өріледі. Ұлтты ұшпаққа шығарсам деген, халықтың көзін ашып, ешкімнің езгісіне бермесем деген рух арғы тегінен бері жалғасып келе жатқандығын аңғарамыз.  Бүгінде әркімнің көкейінде, ойында жүрген сұрақ Байтұрсынұлы құбылысының сыры неде деген сұрақ? Бұны бүгінде әркім санасында. Ұлы тұлғаның алдындағы ұлттық парызды қалай өтеуге болады? Әрине, ұлылар еш өтеу сұрамайды. Олар өткен соң да есімі ұрпақтан-ұрпаққа жаңғырып, уақытпен жарысып, түрлене береді. Мәселе, бүгінгі уақыт пен ұрпақтың міндетінде, көзқарасында. Күллі түркі жұрты тануы тиіс, адамзат баласы атын қастерлеуге лайық тұлғаның 150 жасы биыл ел бойынша тойланып, қастерленуде.... Ол ақын, ғалым, аудармашы, реформатор, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақ тіл білім және әдебиаттану ғылымының негізін қалаған оқулықтардың авторы. Әйгілі ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ қайраткерлерінің ішінде Байтұрсынұлы, Бөкейханов, Дулатов үшеуінің есімін ерекше бөліп, жырға қосады. Ақын айтқандай, Ахмет есімі Алаш жұрты үшін қай уақытта да ардақты. Өткен ғасырдың басындағы тай-талас кезінде елдің есесін жібермеймін деп, жанкешті күрес жолын таңдаған еді. Отаршылдық дәуірі кеңінен қанат жайған кезде, ұлтты тұтастыру оңай болған жоқ. Алдымен халықтың санасын сілкіп, ағартушылық жолдан өткізу керек болды. Ол үшін ғылыми тұжырымдамаға негізделген оқулық, ағарту идеяларын насихаттайтын мақалалар керек. Осылайша ол сол уақыттағы ең озық ағартушылық ойларды алға тартып, көптеген оқулықтар мен мақалалар жазды. Ал, бұл ойлар халыққа қалай жетуі керек? Әрине, баспасөз арқылы. Осы тұрғыда қазақ баспасөзі тарихында айрықша ізі бар «Қазақ» газетінің миссиясы тұтастай ұлт зиялыларының мұратымен астасып жатқанын аңғарамыз. Қазақ газеті арқылы Ахмет Байтұрсынұлы оқу жайын, білім беру ісін көп сөз етті. Оқу құралдарын жазудың қажеттігінен бастап, мектепке қажетті құралдардың да тізімін жасаған мақалалары бар. Әрине, ұстаздықтың маңызына жеке тоқталады. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни, мұғалімі білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң мектепке керегі ең әуелі – білімді, педагогика, методикадан хабардар оқытатын білетін мұғалім». Бұл – әйгілі ғалымның «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 17 мамырдағы санынан шыққан мақаласы. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздарға қояр талабын анық аңғарамыз. Бүгінгі таңда орта білім беру жүйесіндегі мәселерді де сол кезде қозғап өткендігі. Ең әуелі ұстазды дайындау, білім беру ісінің ең маңызды қадамы екендігі айқын болып отыр. Ахметтің «Қазақ» газетіне жазған мақаласы тұтастай сол уақытты, қоғамды сынаудан тұрады. «Біз болысымыз басқа жұрттың болысындай, ел баға алмайтын мінін айтып жатырмыз, халқымыздың басқа жұрттай білімді емес, надан мінін де айтып жатырмыз» деп жазды ғалым. Бұл «Қазақ» газетінің 1913 жылғы он төртінші санында жазылған «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласынан үзінді. Жалпы ұлтқа жанашырлықтың, пана болудың басты белгісі халықты сынау. Қоғамды сынау. Осылайша мүлгіген сананы, марғау ойды ояту. Бұл – зиялылықтың басты шарты ретінде қабылданады. Тек мін айту ғана емес. Оның нақты шешімдерін ұсына алу да данышпандыққа тән. Ахмет Байтұрсынұлы шешімді ұсынып қана қойған жоқ, оны нақты өмірде іске асыру үшін күрескен қайраткер. Ұлттық мәселеге қатысты барлық шешімдердің альтернативті нұсқаларын ұсына білді. Ұлттық тәрбие мектебінің тамырына нәр алып, мәдениетімен сусындап өскен Ахмет Байтұрсынұлы биік моральдық келбетке ие болған бірегей тұлға. Қай заманның ұрпағына да рухани көсем, әрі ұстаз бола алатын шамшырақ іспетті ғалым.

Ақбота CАПАРБАЕВА, 

№174 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі