Үйде отырып-ақ айына 5 млн теңге табатын кәсіпкер келін

Үйде отырып-ақ айына 5 млн теңге табатын кәсіпкер келін

Үйде отырып-ақ айына 5 млн теңге табатын кәсіпкер келін
ашық дереккөзі
Аягөз Маратқызы – жас ана. Бүгінде жеке кәсібі бар. Жасанды гүл шоқтарын жасаумен айналысады. Бизнесте бағы жанған жас келін бұл кәсіпті 5 жыл бұрын баламен үйде отырған кезде бастаған. Бүгінде 9 адамды жұмыспен қамтып отырған оның гүлдеріне елімізден ғана емес, шетелден де сұраныс көп түседі. Сонымен, үйде отырып бизнес бастаған келін қалай табысты кәсіпкерге айналды? Бәрін басынан бастайық. Аягөз кәсібін 2017 жылы бастады. «Қызым 6 айлық. Баламен үйде отырған кезде бірнәрсемен айналысқым келді. Күйеуім «Бала өссін» деп, дипломмен жұмыс істеуге рұқсат бермеді. Тойымыздағы қолыма ұстайтын гүлді өзім қолдан жасап алғанмын. Соны әлеуметтік желіге салып, жарнама жасадым. Күйеудің «Мен асырап жатырмын ғой. Неге мұндай нәрсемен айналысып жүрсің?» деп айтатынын білеміз. Басында тығылып жасап жүрдім. Кейін қанша тырыссам да, жасыру мүмкін емес еді. Өйткені тапсырыс көп түсе бастады. Әрине, алғашқыда елімізде мұндай кәсіп жоқ екенін, сұраныс жақсы екенін білмеген едім. Сөйтсем, қалыңдықтар мұндай гүлді қатты іздейді екен», – дейді Аягөз.  width= Кейбір қалыңдық тірі гүл алуды тиімсіз санайды. Оны фотосессия, сауық-сайран кезінде, тойға ұстап жүру керек. Солып қалуы мүмкін әрі бағасы да арзан емес. Осыны жақсы түсінген жас келіннің ойына жаңа идея келеді.
«Басында 10 шаршы метрде отырып жасадым. Үйдің қасындағы шағын базардан орын алдым. Сұраныс көбейген соң, қасыма көмекші алдым. Емізулі балам, ата-енем бар. Арасында үйге жүгіріп барып, баламды емізіп, ата-енеме тамағын жасап беремін. Тараз қаласында тұратын едік. Гүлді поштамен еліміздің барлық қаласына жіберіп отырдым. Басында бәрі сенбейді ғой. Бұл ісімді баланың қиялына балады. «Банкрот боласың, қой» дегендер болды. Бірақ мұндай сөздер жұмысыма кедергі болмады. Базарда отырғанда жалға алу құнын бір-ақ күнде шығарып отырдым. Бұған үлкен бір құрылғы, машина керек емес. Ары-бері тасып жүретін ауыр зат емес. Қысқасы, көп әуреге түспейсің. Қаражатымды жинап, арнайы бөлмені жалға алдық. Осылайша, бір маусымда бір көлік алдым. Сұраныстың көптігіне байланысты қазір Алматыға көшіп келіп, жұмыс істеп жатырмыз. Қазір жолдасым екеуіміз осы кәсіппен айналысамыз. Отбасылық бизнеске айналды», – дейді жас кәсіпкер.  
 width= Басында 300-400 мың теңгені қанағат қылған кәсіпкер бүгінде айына бес миллион табады. 9 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жас кәсіпкер жасанды гүл бизнесі біздің елде ғана емес, Ресей, Қырғыз Республикасында да қатты дамымағанын айтады.
«Сұраныс өте жақсы. Шетелге де жеткіземіз. Жақында Моңғолия, Еуропаға жібердік. Қырғыз Республикасынан да сұраныс көп түскен соң, барайын деп жатырмыз. Ол жақта да көбі  декормен айналысады. Ақшаның бәрі сонда деп ойлайды. Негізі, сол декордан түсетін қаражатты үйде отырып-ақ табуға болады. Көп адам оған мән бермейді. Иә, сырттай қарағанда табысы аз, ұсақ зат сияқты көрінеді. Бірақ олай емес. Қалыңдықтар тірі гүлге ұқсайтын сапалы әрі жасанды гүл шоқтарын 10-15 мыңға қуана алады. Мұндай гүл шоқтары он мыңнан арзан емес. Мысалы, 5-6 мың теңгенің гүлдерін жасасақ өтпейді. Бағасы 12 мыңнан жоғарғылары жақсы өтеді. Күн сайын 9-10 гүл сатамыз. Әрқайсысынан кем дегенде 6-10 мың таза табыс қалады. Себебі бұл қол еңбегі болып есептеледі. Күніне 100-150 мың теңге табуға болады», – дейді Аягөз.
Жас кәсіпкер қазір бұл кәсіп елімізде енді дамып келе жатқанын айтады. Бүгінде ол үйде отырған аналарды осы кәсіпке баулып жүр.  width=
«Оқыған шәкірттерімнің алды айына миллионнан аса табыс тауып жатыр. Ал кемі 400 мың табады. Шәкірттерімнің көбі үйде баламен отырған аналар. Қосымша жұмыс ретінде істеп жүргендер де бар», – дейді ол.
Аягөз кәсіп бастарда қиналмағанын айтады. «Тек тәуекелге барып, бастап кетсең болды» дейді ол. Тек карантин кезінде «Той болмай қала ма?» деп алаңдағанын жасырмайды. Бірақ бұл жағдай да кедергі болмады. Өйткені фотосессия жасауға гүл шоқтары қажет. Содан кейін карантинде де адамдар үйленді. Тіркеуге тұрғандар да гүл алды.  width=
«2021 жылы елімізде 110 мыңнан аса неке тіркелген екен. Әр айға бөлгенде, айына 10 мың деуге болады. Біз айына 200 адамға гүл сатады екенбіз. Ал енді ойлаңыз, әр қалада қанша той болып жатыр. Адамдар жай қарап өтеді, түсінбейді. Дегенмен, кейінгі кезде бәсекелестік қалыптасып келе жатыр. Елімізде бизнестің барлық түрлі жақсы дамиды деп ойлаймын», – дейді жас кәсіпкер.