Ресейде жартылай мобилизация жарияланды. Ол нені білдіреді?

Ресейде жартылай мобилизация жарияланды. Ол нені білдіреді?

Ресейде жартылай мобилизация жарияланды. Ол нені білдіреді?
ашық дереккөзі
Бүгін Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеуінде елде ішінара мобилизация жариялады. Қарапайым тілмен айтқанда, мобилизация деген – әскерді жинау. Осы орайда, turkystan.kz тілшісі «мобилизация» қалай жүзеге асатынын зерттеп көрді. Мобилизация деген не? Мобилизация дегеніміз – елдің Қарулы Күштерін бейбіт жағдайдан толық әскери дайындық жағдайына ауыстыру. Запастағы әскерилерді міндетті әскери борышын өтеуге шақыру. Мобилизация ашық немесе жасырын тәсілмен жүзеге асады. Мобилизация бірнеше түрге бөлінеді Көлеміне қарай жаппай мобилизация, ішінара мобилизация болып екіге бөлінеді. Кезеңіне қарай ұрыс жағдайындағы, соғыс алды жағдайындағы және бейбіт уақыттағы мобилизация болып бөлінеді. Жаппай мобилизация - елдің қару ұстауға қабілетті адамдарын Қарулы Күштер қатарына шақыру. Ол ел экономикасын толығымен соғыс жағдайына бейімдеу үшін жүзеге асырылады. Сондай-ақ басқа мемлекет тарапынан ел тәуелсіздігіне қатер төніп‚ тікелей соғыс қаупі күшейген жағдайда да жүргізіледі. Ішінара мобилизация - аталған жағдайларда Қарулы Күштердің кейбір түрлері мен әскери өндірістің жекелеген салаларын шұғыл күшейту. Сонымен қатар бейбіт уақытта әскер қатарын толықтыру және запастағы әскерилер әскери міндетті борышын атқаруы үшін шақырылу. Мобилизацияны милитаристік саясат ұстанған елдер өзге елдерге әскери қысым, қоқан-лоққы көрсету үшін пайдаланады. Милитаризм* – соғыс қуатын күшейту, басқыншылық соғыстарға әзірлену жөнінде ірі капиталистік мемлекеттер жүргізетін саясат. Соғыс қаупі сейілген немесе соғыс аяқталған және азаматтардың әскери борышын өтеу мерзімі біткен кезде демобилизация процесі басталады. Демобилизация – армия санын қысқарту немесе запастағы әскерилерді әскери борышын өтегеннен кейін босату. Ресейдегі  мобилизация Ресей президенті мобилизация шаралары бүгін, 21 қыркүйекте басталатынын хабарлады.
«Енді келесі шешімді қабылдау қажет деп есептеймін. Бұл біз қазір бетпе-бет келіп отырған қауіп-қатер үшін орынды шешім. Мемлекетіміз бен халқымызды қорғау үшін қолда бар барлық күшті жұмылдырамыз. Елімізді, тәуелсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызды сақтап қалу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қорғаныс министрлігі мен бас штабтың РФ-да ішінара мобилизация туралы ұсынысын қолдау қажет деп санаймын», – деді Путин.
Путин әскери қызметке әскерде міндетін өтеген запастағы азаматтар шақырылатынын айтты.
«Әскери қызметке шақырылғандар алдын ала қосымша дайындықтан өтеді», – деп уәде берді ол.
Сонымен қатар Путин ішінара мобилизация кезінде әскерге шақырылғандардың барлығы төлемақы алатынын айтты. Ресейдегі мобилизацияға кімдер шақырылады? Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгуның мәліметінше,  ішінара мобилизация кезінде әскерге 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресейдің мобилизациялық ресурсы 25 млн адамды құрайды, бұл жолы соның тек бір пайызы әскерге алынады. Сондай-ақ ол мобилизация кезінде студенттер мен қатардағы жауынгерлер шақырылмайтынын жеткізді. Оған әскери қызметке бұрын армияда болғандар және әскери мамандықтары бар адамдар алынады.