Жаңалықтар

Жаңа көші-қон саясатының тұжырымдамасы аясында талқылау өтті

ашық дереккөзі

Жаңа көші-қон саясатының тұжырымдамасы аясында талқылау өтті

Тәуелсіздік алған жылдан бастап  2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 378 979 отбасы – 1 099 039 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Олардың көбі Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында тұрады. Келген қандастарымыз көбінесе Өзбекстан, Қытай Халық Республикасы және Түркіменстаннан келген. Қандастардың келген елдерді және климаттық жағдайды ескеретін болсақ, олар көбінесе оңтүстік өңірлерге тұрақтады. «Отандастар» қорының қоғамдық комиссия отырысында талқыланған көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында осы мәселеге мән берілген. Сонымен қатар жаңа құжатта қоныс аударған этникалық қазақтарды елдің  орталық және солтүстігіне орналастыру жайы айқындалған. Бүгінде Солтүстік өңірлерде қандастардың үлесі жергілікті халыққа қарағанда өте төмен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасов бұл өзекті мәселе екенін, сондай-ақ қазір қандастарды орналастыруда бірқатар  проблема бар екенін айтты. «Соңғы өзгерістерге сәйкес азаматтықты үш ай мерзімде алуға болады. Биылғы жылы он бір мың қандас елге келіп, соның ішінен екі мың адам азаматтық алды, немесе 19 пайыз. Әсіресе, солтүстік облыстарда азаматтық алу мәселесі баяу жүріп жатыр. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қандастардың көшіп келуіне қатысты саясатты өзгертуді тапсырды. Қазір қандастарды елде қоныстандыруда бірқатар проблема бар. Қандастарды орналастыру жөніндегі либералдық талаптардың салдарынан, олар оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде тұрып жатыр. Қандастардың қоғамға бейімделуінің қиындығы және біліктілігінің төмендігі байқалады. Осы кемшіліктерді ескере отырып Жаңа көші-қон саясатының тұжырымдамасы әзірленді. Ол еліміздің экономикалық дамуын кадрлармен қамтамасыз етуді қолдауға бағытталған», – деді Ақмади Сарбасов. Қолда бар ресми мәлімет бойынша, шетелдегі қазақтардың саны 4 миллионға жуық, ал бейресми мәлімет бойынша 6-7 миллион шамасында. АҚШ-та жүз мыңға жуық, Түркияда отыз мың шамасында, ал Еуропада он мыңға жуық қазақстандық тұрып жатыр. Өңірлер бойынша халық санына қатысты қандастар үлесі (%)