Жаңалықтар

 230 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсетілген

ашық дереккөзі

 230 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсетілген

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында елімізде 230 мыңнан астам кәсіпкерге тиісті қолдау толық көлемде көрсетілді. Сондай-ақ 237 мың жұмыс орны ашылды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында Ұлттық экономика министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2013 жылдан бері кәсіпкерлерге 5 трлн 318 млн теңге көлемінде шағын несие бөлінді. Жалпы соңғы 2 жыл ішінде жұмыстарын ұйымдастыруға және кәсібін ұлғайтуға, сондай-ақ айналым капиталын толықтыруға 1225 микрокредит берілді. Биыл наурыздың соңында Елбасының бұл салаға қатысты тиісті тапсырмасын орындау мақсатымен Үкімет «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын қабылдады. Оның шеңберінде микрокредиттеу құралы жаңа форматта жүзеге асырылатын болады. Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі -Бұған дейін шағын несиелеу құралы тек моноқалаларда қолданылатын. Біз оның аясын кеңейттік. Енді ауылдық жерлерде, шағын қалаларда және моноқалалардағы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 млн теңгеге дейін микрокредит беріледі. Ал осыған дейін берілетін сомма көлемі 3 млн теңге болатын.