«Ұлы дала жорығы»: мамандар екінші күнді қорытындылады

«Ұлы дала жорығы»: мамандар екінші күнді қорытындылады

«Ұлы дала жорығы»: мамандар екінші күнді қорытындылады
ашық дереккөзі
«Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш республикалық марафон-бәйгенің екінші күні қорытындыланды. Белорусьтен келген бас ветеринар Ольга Гробер аттарға қойылатын талаптар мен жалпы жылқылардың бүгінгі жай-күйін толық түсіндіріп берді.
«Бірде-бір жылқы өлген жоқ. Бірінші кезеңнен кейін кейбір аттардың денсаулығында кінәрат байқалды. Біз толық тексеру жүргізіп, медициналық көмек көрсеттік. Марафон-бәйгенің бірінші күні 6 ат, екінші күні 3 атта жайсыздық болды. Жылқылар ұзақ қашықтыққа шабады. Осы аралықта су ішпесе терлейді. Ағзада сұйықтық, тұз мөлшері қатты төмендеп кетеді. Су бермей жүре берсе, қан қоюланып, улы заттар бөлінеді. Одан жылқылардың ағзасы уланады, міне содан кейбіреуі ақсап жатыр. Оның үстіне ұзақ қашықтыққа үйренбеген болса, олай-бұлай болып кетуі де ғажап емес. Шабандоздарға суарыңдар деп айтып жатырмыз. Аз қашықтықты бағындыру кезінде су беруге болмайды. Ал бұл жерде 600 шақырымды еңсеру үшін ақырын жүріп отыру керек. Ондайда су беру өте маңызды. Біздің мақсатымыз – жүйріктердің саулығын қадағалау. Таңертең бәйге басталмай жатып, олардың жай-күйін тексереміз. Бірінші 50 шақырымды бағындырған соң, толыққанды медициналық тексеруден өтеді. Жүрек соғысының жиілігі  секундына 64-тен жоғары болмауы керек. Қазір Ұлытау, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының командаларында жылқылардың денсаулығы өте жақсы. Аттардың бәйгені тоқтату-тоқтатпауын бір ғана ветеринар шешпейді. Алдымен тексеру жүргізіледі. Бір ветеринар жарысты жалғастыруға жарамсыз десе, екі әріптесін шақырып, ортақ шешімге келеді. Қайғылы жағдайлар тіркелмейді, себебі оның алдын алу бойынша жұмыс істеп отырмыз. Аттардың жарыстан шеттетілуі де сол үшін. Қарағанды облысының 2 аты ақсап, жүре алмай қалды. Себебі ауыртпалықты көтере алмады, оның үстіне шабандоздар су бермеген. Бір аттың денсаулығына күмән туса, шабандозға, жоба жетекшісіне хабарлаймыз. Егер жарысты жалғастыратынын айтып, қайғылы жағдай болса, өздері жауапкершілік алатыны жайлы қолхат жазып береді. Ондай жағдай болды. 50 шақырымды өткеннен кейін шабандоз айтқандай расымен атының денсаулығы жақсарып кетті. Өйткені атын иесінен артық түсінетін адам жоқ. Оны да еңсереміз. Бірақ, әрине ауырып тұрған ат бірден жарыстан шығарылады. Егер жылқылар діттеген жерге жете алмай, жарты жолда тоқтап қалса, ұйымдастырушылар аттарды арнайы көлікке салып, бивактарға әкеледі. Одан соң алғашқы көмек көрсетіліп, бірден Астанаға жөнелтіледі. Берілген шақырымды бағындыра алмаса, сәйкесінше жарыстан шығады», - деді бас ветеринар.
 width= 19 қыркүйекте шабандоздар Қарағанды облысына келгенде жергілікті медицина қызметкерлері қатарға қосылды. 2 жедел жәрдем көлігі бар, әрқайсында 1 фельдшер мен дәрігер бар. Сондай-ақ Нұра ауданының бір жедел жәрдем  көлігі де жүр. 24 сағат бойы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жоба қатысушыларына қызмет көрсетеді.  width= Қарағанды облысының жедел жәрдем қызметкері Руслан Қайкеннің айтуынша, шабандоздардың көбі бас ауру, дене қызуы көтерілу бойынша жүгінеді. Қазір барлығының жағдайы жақсарды.
«Біз алғашқы көмек көрсетеміз, болмаса ауданға апарамыз. Бір көлік шабандоздармен бірге алда жүреді. Екінші көлігіміз соңғы кетіп бара жатқан шабандоздың артынан еріп жүреді. Жолдың ортасында Нұра ауданының жедел жәрдем қызметкерлері жүр. Яғни, шабандоздардың денсаулығын толыққанды бақылауда ұстап отырмыз», - деді ол.
 width= Қарағанды ұлттық ат спорты федерациясының президенті, Қарағанды құрамасының жетекшісі Нұржан Шайхин аттарының не себепті бәйгеден шеттетілгенін түсіндірді.
«Көбінде дайындық жоқ. Бұрын соңды болған емес. Күнделікті 100 шақырымға шыдай алмай жатыр. Марафон-бәйге болатынын 2 ай бұрын ғана білдік. Сондықтан дайындалып үлгермедік. 2 атымыз жарыстан шықты. Өзіміз бас тарттық. Ветеринарлар жарамайтынын айтты, біз келісіп, шығардық. Ақша үшін қатысып жатқан жоқпыз, аттың денсаулығы – бірінші орында. Бір жыл бұрын айтылса, бұлай болмас еді. Ақтөбе облысының құрамасы жақсы дайындалған. Біздің жігіттер жылқышылар. Орта жолда жылқыларға су бермедік, шомылдырмадық. Өйткені білмедік. Негізі 25 шақырымнан кейін су беру керек екен. Ветеринарлар кеңестерін айтып жатыр. Ерте білгенде нәтижеміз жоғары болатын еді. Жалпы кез келген атты ұстап алып, жарысқа қатыстыруға болмайтынын білдік. Оған 1 жылдық дайындық керек екен», - деді Н.Шайхин.
 width=